Жаңалықтар

Ректор жаңа оқу жылымен құттықтады

01.09.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жаңа оқу жылын ашу рәсімінде университет басшысы Жансейіт Түймебаев барша ұжымды және білім алушыларды, оның ішінде университет табалдырығын алғаш аттаған 1-курс студенттерін атаулы күнмен құттықтады. Магистратура, докторантураға құжат тапсырып, ғылымға қол созған жастарға да зерделі ізденіс тіледі.

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға қарата айтқан: «Еліміздегі ең қуатты күш – өздеріңсіңдер. Аға ұрпақ сендер үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, енді сендердің де күш-қайрат жұмсайтын кездерің келді. Жамандықтан, жат әдеттен сақтанып, игі істер жасауға ұмтылыңдар» деген сөздерін мысалға ала отырып, осы ғибратты әрдайым есте ұстауға шақырды.

Ректор Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жаңа оқу жылы дәстүрлі форматта басталғанын атап өтіп, бұл үлкен жауапкершілікті талап ететінін, барлық санитарлық номалардың сақталуы тиіс екенін еске салды.

ҚазҰУ – еліміздің ең үздік оқу орындарының бірі. Мұнда білім алушыларға сапалы білім алу мен тұлғалық даму үшін барлық жағдай жасалып отыр. Университет ұлттық рейтингтерден бөлек, әлемдік рейтингтерде де жетекші позициясын дәлелдеп келеді. Білім ордасы   пандемияға қарамастан белсенді жұмыс істеуде, соңғы талаптарға сай оқу үдерісі жолға қойылуда, зерттеу университетіне айналу жолында ауқымды істер атқарылды.

ЖОО басшысы өз сөзінде оқу орнының жағымды жаңалықтарымен де бөлісті. Айта кетсек, ҚазҰУ шетелдік әріптестермен бірлесіп, 119 жаңа білім беру бағдарламаларын әзірледі. Сонымен қатар шетелде 4 ҚазҰУ филиалын (Армения, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия) ашу жоспарлануда.

Биылғы жылы ҚазҰУ-ға мемлекеттік грантпен оқуға түсушілер саны 3 еседей өсті. Оның ішінде өткен жылы 508 үздік мектеп бітіруші, биыл 737 «Алтын белгі» иегері ҚазҰУ студенті атанды. Білім ордасы биыл бакалавриат, магистратура және докторантураға 7108 студентті оқуға қабылдады.

Жаңа оқу жылынан бастап оқытушы-профессорлар құрамының жалақысы айтарлықтай өсті.

Атап айтсақ, оқытушы жалақысы – 38%-ға, аға оқытушыныкі – 75%-ға, доценттікі – 88%ға, профессордың жалақысы 163%-ға артты.

Бұдан былай ҚазҰУ оқытушысы– 200 000 теңге, аға оқытушы – 280 000 теңге, доцент – 330 000 теңге, профессор 500 000 теңге жалақы алады.

Университет оқытушы-профессорлар құрамына қолдау көрсетіп, әр студенттің өрісін ашып, қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауда.

Сондай-ақ жиында ректор оқу орнын тәмамдаған PhD  докторларға жаңа үлгідегі диплом  табыстап, ғылым жолында табанды болуға кеңес берді.

Білім күні барлық факультеттерде жастарға арналған көшбасшылық дәрістер оқылып, танымал ғалым-профессорлар өз тәжірибелерін ортаға салды.

 


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі