Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Венгрияның Алматыдағы Бас консулы Ференц Блауманнмен кездесті.
Оқу орнының басшысы кездесуде ҚазҰУ-дың бүгінгі таңда Венгрияның 7 университетімен, Яноша Кодолани атындағы қолданбалы ғылымдар, Обуда, Сегед, Батыс Венгрия, Эстерхази Карой, Питер Пазман католиктік және Шопрон университеттерімен ынтымақтастықта екенін атап өтті.
Сонымен қатар ректор білім ордасындағы ғылыми-инновациялық және білім беру қызметі мен студент жастардың жетістіктері туралы да кеңінен әңгімеледі.
Бас консул өз кезегінде университет қалашығының әсемдігі мен жайлылығын, жоғары деңгейде жабдықталуын ерекше атап өтіп, қазақстандық жетекші университеттің білім және ғылым саласындағы әлеуетін жоғары бағалады. Екі ел арасындағы өзара сенім мен ықпалдастықтың келешегіне сенім білдіріп, әріптестік аясын кеңейтуді ұсынды.
Кездесу барысында тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы екіжақты қарым-қатынастың жаңа мүмкіншіліктерін талқылады. Қазақстан – Венгрия жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін қосдиплом және академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытудың маңыздылығына мән берді. Сондай-ақ түркология, археология, медициналық білім бағыттары бойынша ғылыми байланыстарды күшейту турасында өзара пікір алмасып, ынтымақтастықтың өзге де басым бағыттарын дамытуға уағдаласты.
Айта кетсек, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша 2018-2021 жылдар аралығында Венгрияның жоғары оқу орындарында ҚазҰУ-дың 38 студенті мен жеті докторанты білім алды. Білім ордасының 20 оқытушысы Венгрия университеттерінде өткен түрлі конференциялар, біліктілікті арттыру курстарына қатысып, бірлескен жобаларды жүзеге асырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі