- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ зерттеу университеті ретінде дамуда
25.12.2008әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұлов оқу ордасының ғылыми қауымдастығымен кездесу өткізді. Ректор кездесуде еліміздің жетекші университетіндегі ғылымды модернизациялау мәселелері бойынша баяндама жасады. Аталған тақырыптың бар маңыздылығы мен көкейтестілігін ескере отырып, ректор университет ғалымдарына институттар мен кафедралардағы ғылыми жұмыстардың жағдайына деген оқу орнының басшылығының алаңдаушылығын жеткізгісі келді және осы саладағы мәселелерді шешудегі жаңа концептуалдық жолдарды ұсынды.
Академик Жұмағұловтың пікірінше, бұл мәселенің Қазақстан жоғары оқу орындарының рейтингісінде бірінші орында тұрған ұлттық университетте көтерілгені де заңды. Жалпы, әлемдік рейтингтің 90 %-ы маңызды көрсеткіштердің бірі - оқытушылардың университеттегі ғылыми зерттеулер мен ғылыми жетістіктерге қатысуында негізделеді. Дүние жүзінде университеттерде іргелі ғылымдардың шоғырлану тәжірибесі заңды құбылыс. Қазіргі уақытта іргелі ғылымдардың ролі нығайып келе жатыр. Еліміздің ғылыми потенциалы көптеген құрамдастардың, оның ішінде жоғары оқу орындардағы ғылымның есебінен құралады. Сондықтан жоғары оқу орындар мен оның бөлімшелеріндегі ғылыми зерттеулер неғұрлым белсенді жүргізілсе, соғұрлым отандық экономиканың барлық салаларына мамандарды дайындау сапасының деңгейі жоғары болмақ, бұл өз кезегінде еліміздің экономикалық даму қарқынына әсер етеді.
Кездесу еліміздің жетекші ақпараттық агенттіктері дайындаған ҚазҰУ-да қызмет ететін ақпараттық, ғарыш технолоясы, плазмалық процестер, плазмалық кристалдар ерекше зертханалар мен Ұлттық нанозертхана жайлы жаңалық сюжеттерінің көрсетілімінен басталғанына қарамастан, ректордың ойынша, бұл ғылыми қызметтің жаңа әдістерін үнемі іздеу көкейтестілігін жоймайды.
Бүгінде басты стратегиялық мақсат - ҚазҰУ-ды зерттеу университеті ретінде дамыту. Бұл - қазақстандық жоғары оқу орындары үшін концептуалдық жаңа міндет, сондықтан біздің елде бұл идея жүзеге асуы үшін халықаралық тәжірибені тиімді қолдану қажет. Бұл үшін университет ұлттық университеттер бойынша заңнаманың әрі қарай дамуына, білім беру бағдарламалары мен стандарттарын, ғылыммен интеграциялау механизмдерін жасау, университеттің интеллектуалдық потенциалын дамыту және университеттерді қаржыландырудың диверсификациясы бойынша ұсыныстарды енгізуге мұрындық болмақ.
Шынайы зерттеу университетін тек академиялық және жоғары оқу орны ғылым арасындағы байланысты нығайтып қана қалыптастыруға болады. Бұл жайлы сөз қозғағанда, Бақытжан Жұмағұлов соңғы жылдары кең етек жайған жоғары оқу орнының оқытушысы оқу процесімен қатар зерттеу жұмыстарын жүргізе алмайды деген пікірлерге тойтарыс беріп, отандық жоғары оқу орындар ғылымының қазіргі жағдайын сипаттайтын бірқатар мәселелерді көтерді. Ол ғылыми саланың ресейлік және жапондық даму үлгілерін тиянақты зерттеп, батыс университеттерінің білім беруде ғылым басты құрамдас екендігін дәлелдейтін мысалдар келтірді.
ҚазҰУ-дың ҒЗИ мен ғылыми орталықтарының директорлары, кафедра меңгерушілері мен іргелі және қолданбалы зерттеулер тақырыптарының ғылыми жетекшілері, диссертациялық кеңестердің төрағалары қатысқан кездесу әрі қарай өзара пікіралмасумен жалғасты. Ғалымдар арасындағы әңгіме мәнді әрі ұзақ болды. Ректор бұл алғашқы кездесу тек басы екендігін дөп басып айтты, сонымен қатар ол мұндай кездесулер жалғасын табатынына сенімді және университет ғылымына жанашыр әрбір ғалыммен жүздесуге даяр екендігін білдірді.
- Біздің үлкен мақсаттарымыз бар. Қазақ ұлттық университеті материалдық, ғылыми және мамандар ресурстардан тапшылық етпейтін жалғыз оқу орны. Сонымен қатар, өзінің 75-жылдығының қарсаңында университеттің бай тәжірибесі мен мамандарды дайындау мен тәрбиелеуде тамырын тереңге жіберген дәстүрлері бар. Әлемдік рейтингте алдыңғы орындарды иеленуге ұмтылуымыз қажет, - деп аяқтады өз сөзін университет ректоры.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі