- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қуғын-сүргін құрбандары ақталады
15.09.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі Алматы қалалық мемлекеттік комиссия құрамындағы университет ғалымдарымен кездесті. Басқосуда зерттеу барысы сөз болып, ғалымдардың ғылыми жұмысына жан-жақты қолдау көрсету жолдары талқыланды.
Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев алдымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік деңгейде қолға алынған жобаның маңыздылығына айрықша мән берді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын саяси ақтау арқылы тарихтағы ақтаңдақтардың орнын толтыру жұмыстарының ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында өзектілігі артқанын атап өтті. Бұл ретте ректор ҚазҰУ ғалымдарының мүмкіншіліктерін жоғары бағалап, университет тарапынан толыққанды жағдай жасалатынын мәлімдеді.
Жүздесуде ғалымдар Алматының мамандандырылған және мемлекеттік мұрағат мекемелерінде бұрын құпия болған құжаттамамен жұмыс істеу ерекшеліктеріне тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Комиссия міндеттеріне мұрағат көздері мен тақырыптық материалдарды анықтау және заттық зерделеу кіреді. Нәтижелер республикалық комиссия қарауына ұсынылады. Жұмыс қорытындылары ғылыми мақалалар мен құжаттар жинақтарында топтастырылмақ.
Сондай-ақ комиссия мүшелері мегаполистің ХХ ғасыр тарихында ерекше орын алатынын тілге тиек етті. Мұнда Түрксіб және түрлі өнеркәсіптерді салушылардың ұрпақтары тұратынын хабарлады. Қала жаппай ашаршылық жылдары жүздеген панасыз балаларды қамқорлықпен өз құшағына алып, өмірге жолдама берді. Алайда, ғалымдардың айтуынша, дәл осы жерде 1920-1930 жылдары Қазақ Республикасының көптеген басшылары тұтқындалды. Соғыстан кейінгі онжылдықтарда ұлттық интеллигенцияның, оның ішінде профессорлардың қудалануы орын алды.
Тарих ғылымының кандидаты, профессор Гүлнар Мұқанова: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына тұрғылықты мекендерінен жер аударылған этностар өкілі енген. Сонымен қатар Алматыда жазықсыз қуғын-сүргін құрбандарының көптеген ұрпағы тұрады. Олардың естеліктері үлкен құндылыққа ие. Ортақ міндет – халықты ақпараттандыру және ерікті топтарды тарту арқылы отандастарды ресми түрде толық оңалтуға ықпал ету», – деп, комиссия материалдарының қазақстандықтар үшін аса маңыздылығы мен атқарылар жұмыстың ауқымдылығын алға тартты.
Заң ғылымының кандидаты, доцент Уәлихан Ахатов: «Мемлекеттік деңгейдегі жауапты науқанға еліміздің жоғары білімі мен ғылымының қарашаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушыларының белсенді қатысуы баршамызды қуантады. Университет жұмыс тобындағы оқытушы-профессорлардың осы зерттеуді бар ынта-жігерімен жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр», – дей келе, комиссия мүшелеріне үкімет тарапынан да қосымша материалдық көмек көрсетіліп отырғанын ризашылықпен атап өтті.
Жиын соңында ректор зерттеушілерге сәттілік тілеп, ғалым еңбектері отандық тарих ғылымына тың серпіліс әкелеріне зор сенім білдірді. Комиссия мүшелері өз кезегінде университет басшылығына қосымша оқу жүктемелерінен босатып, ғылыммен айналысуға жан-жақты жағдай жасағаны үшін алғыстарын жеткізді.
Айта кетсек, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 жарлығымен құрылған болатын. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаевтың жетекшілігіндегі комиссия құрамына белгілі тарихшылар, саясаттанушылар, құқықтанушылар, ғылыми-зерттеу институттарының, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері кірді. Республиканың 17 аймағында өңірлік комиссиялар құрылып, заңсыз жазаланғандар мен атылып кеткен азаматтарды толық ақтау бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде мұрағаттарда еңбек етуде. Алматы қалалық комиссия құрамына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан архивтерде жұмыс тәжірибесі бар гуманитарлық бейіндегі 10 сарапшы іріктеліп алынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі