- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Дипломат дара жолымен бөлісті
20.09.2021Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, Төтенше және өкілетті елші Дулат Қуанышевпен кездесті. Қайраткер ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, көшбасшылық дәріс оқу үшін білім ордасына арнайы келді.
Оқу орнының басшысы алдымен егемен Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан мәртебелі мейманға дәріс оқу ұсынысын қабыл алғаны үшін алғыс айтты. Тәуелсіздік тойына арналған университеттегі «30 жылдыққа – 30 апталық» бағдарламасының оқытушылар мен білім алушылар үшін тиімді тәжірибе алаңына айналғанын хабарлай келе, ректор жас мемлекеттің алғашқы қадамдарының куәгері әрі сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлғалардың еңбегін ерекше атап өтті.
Дипломат өз кезегінде білім беру мен ғылыми-зерттеу жұмыстарының қарашаңырағына деген зор құрметін білдірді. Университет бастамасының жастар үшін мәні мен маңызына тоқталды.
Жүздесу еліміздің халықаралық және сыртқы саясаттағы жетістіктері тақырыбын қамтыған көшбасшылық дәріске ұласты. Шараны ашқан ҚазҰУ-дың әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масалимова спикердің еңбек жолына шолу жасап, Франция, Австрия, Үндістан, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы мен Израиль елдерінде Төтенше және өкілетті елші қызметін атқарғанын тілге тиек етті. Тәуелсіздік алған 30 жыл бойы елге қызмет етуде алдыңғы қатарда болып, республикамыздың сыртқы саяси қызметінің қалыптасуына атсалысқан тұғырлы тұлға әңгімесінен тағылым алуға шақырды.
Дулат Оразбекұлы өз сөзінде Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты және әлемдік қауымдастықтағы бітімгершілік рөліне баса назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында қабылданған өзекті шешімдердің арқасында еліміз бейбітшілікті сақтаудың, ішкі бірлікті нығайтудың, жаһан жұртымен сыйластыққа негізделген өзіндік дара жолын қалыптастырғанын атап өтті. Елбасының бастамалы негізінде ядролық қауіпсіздікті нығайтуда көшбасшы атанып, мемлекетіміз бұл шешімді сыртқы байланыста жан-жақты тиімді пайдалана білгенін жеткізді.
Сондай-ақ еліміздің халықаралық қоғамдастық алдындағы өзге де бастамалары, өтпелі кезеңнің түрлі қиын-қыстау кезеңдері жайлы кеңінен сөз қозғап, мемлекеттің алға жылжуында дәстүр мен инновация, ұлттық болмыс пен жаңа білім үндестігінің өзектілігін алға тартты.
Кездесу соңында білім алушылар Қазақстанның халықаралық беделді ұйымдардағы іс-қимылдары және дипломат қызметінің ерекшелігіне қатысты түрлі сұрақтар қойып, өз пікірлерін ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі