Жаңалықтар

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу

21.09.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» тақырыбында бірлескен семинар өткізді.

Дәрісті Алматы қаласы ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, ҚазҰУ оқытушысы, заңтану саласындағы PhD доктор Әділғазы Серікхан жүргізді.

Спикердің айтуынша, діни экстремизм дінді насихаттау түрінде әрекет ете отырып, қауіпті көзқарастар мен қағидаттарды санаға сіңіреді, адамгершілік пен құқық нормаларын бұзады, демократия институттары мен азаматтық қоғамның қалыптасуына кедергі келтіреді.

Сарапшы тыңдаушыларға теріс діни ағымдардың белгілері, адамдарды экстремистік және террористік ұйымдарға тартудың психологиялық әдістері туралы айтып берді. Сондай-ақ, ол қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және мемлекеттің өсіп-өркендеуіндегі конфессияаралық келісімнің рөлін ерекше атап өтті.

Студенттер қоғамда белең алған мәселеге қатысты түрлі сұрақтар қойып, тұшымды жауап алды. Тәрбиелік әрі танымдық шара қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, жастар мол мағлұматқа қанықты.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі