Жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жоспарға қол қойылды

01.10.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы ректор Жансейіт Түймебаев Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Мұрат Ахметовпен кездесті.

Кездесу барысында ЖОО басшысы Ж.Қ. Түймебаев 2018 жылдың сәуір айында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша ғылыми-білім беру кластері шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ құрылғанын атап өтті.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің білім беру саласындағы салалық жобаларының бірі «Sanaly Urpaq» Республикалық жобалық кеңсесі болып табылады.

«Sanaly urpaq» Республикалық жобалық кеңсесі мен университеттің бірлескен жұмысы аясында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Sanaly urpaq» Республикалық жобалық кеңсесі мен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы технологиялар» ҒЗИ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында парасаттылық және адалдық қағидаттарына оқыту бойынша білім беру саласындағы әрбір нысаналы топ үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Сондай-ақ оқу орындарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу бойынша да әдістемелік ұсынымдар әзірленіп енгізілді.

Сонымен қатар білім беру үдерісінде кеңінен қолданылатын «ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл негіздері» атты мультимедиялық электрондық оқулық дайындалды.

Бастауыш сынып оқушыларына арналған «Парасатты қала туралы ертегі» атты мультипликациялық анимациялық фильм шығарылды.

Университеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты, Академиялық адалдық кодексі, университеттің Комплаенс-қызметі туралы Ереже әзірленіп енгізілді. ЖОО-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиясы туралы ереженің жобасы даярланды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып «Адалдық дүкені», «Парасат» өнегелік мектебін ашты.

Ағымдағы жылы университет алғаш рет «Sanaly Urpaq» Республикалық жобалық кеңсесімен бірлесіп студенттерге арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебін» өткізуге бастамашылық жасады. Мектеп жұмысына сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс саласында білім алатын 500-ге жуық студент қатысады деп жоспарлануда.

Өз кезегінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметов университеттің жоғары кадрлық әлеуетін атап өтіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сананы қалыптастыру мәселелері бойынша өзара табысты ынтымақтастықтың жалғасатынына үміт білдірді.

Кездесу нәтижесінде «Sanaly urpaq» жобасы аясында КеАҚ «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» 2021-2022 оқу жылына арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарына қол қойылды.

ҚазҰУ-ға арнайы сапары барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Ахметов «Керемет» СҚКО, Жағдаяттық басқару орталығының жұмыстарымен танысып, заң факультеті және «Sanaly Urpaq» Республикалық жобалау офисінде болып, білім ордасының студенттерімен кездесті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі