Жаңалықтар

Ардагерлерге әлеуметтік көмек берілді

02.10.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде – Халықаралық қарттар күніне орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып, қазыналы қарттар қауымына әлеуметтік көмек көрсетілді.

Білім ордасы қарашаңырақтың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ҚазҰУ Ақсақалдар кеңесі мүшелерін арнайы құттықтады. Олар – ҚР Мем­ле­кет­тік сыйлығының және Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, профессор Зұлхайыр Мансұров, профессорлар Өтеғали Шеденов, Берікбай Сағындықұлы, Ажар Жұбанова және басқа да көрнекті қайраткерлер.


Қарттар күніндегі қолдаудың мақсаты – білім мен ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздарға құрмет көрсету және алғыс білдіру.

Сонымен қатар ҚазҰУ-дың «Көмек» еріктілер ұйымының бір топ студенттері Бостандық ауданында тұратын жалғыз басты сегіз қарияны арнайы құттықтап қайтты. Еріктілер қариялардың үйін, ауласын тазалап, дүкеннен қажетті заттарды әкелумен қатар, материалдық көмек ретінде азық-түлік себетін тапсырды.

«Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы Бақдәулет Нұриддин: «Университет жастар ұйымдары қаладағы соғыс, тыл ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі, жалғызбасты, әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарды үнемі қолдап, көмек көрсетеді. Мақсатымыз – адамгершілік қасиеттер мен рухани құндылықтарды насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын дамыту» дей келе, студенттердің мұндай қайырымдылық шараларға белсене атсалысатынын атап өтті.

Сондай-ақ студент-жастар мен оқытушылар, ҚазҰУ-дың «Парасат» қызметкерлері кәсіподағының мүшелері Алматы қаласындағы №3 Қарттар үйінің тұрғындарын құттықтап, «Сұңқар» студенттік кәсіподақ өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылмақ. Сонымен қатар университет өкілдері азық-түлік себетін сыйға тартатын болады.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі