- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Италия елшісі нақты нәтижелерді жоғары бағалады
04.10.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қазақстан Республикасындағы Италия елшісі Марко Альбертимен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ғылым және білім саласындағы екіжақты байланыстың жай-күйін талқылады, сонымен бірге Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі міндеттерін ортаға салды.
Жоғары оқу орнының ректоры Италия елшісіне жылы лебізін білдіріп, университеттің қызметі жайлы, екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық серіктестік жетістіктері жөнінде баяндады және ғылыми-білім беру саласындағы бағдарламалар мен жобалар туралы, сондай-ақ жаңа технологияларды таныстырып өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Италияның 14 жетекші университеті және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тығыз қарым-қатынас жасайды. Олардың ішінде Флоренция, Сапиенз Рим, Ка Фаскари-Венеция, Пизан, Карло Бо атындағы Урбин, Катаний университеттерін, Релятивистік астрофизика халықаралық орталығын және т.б. атап өтуге болады. Бұған қоса, «Саясаттану» және «Тарих» мамандығы бойынша бакалавриат пен магистратураның қосдипломдық бағдарламалары жүзеге асырылуда.
Соңғы үш жылда 135 студент пен 18 докторант осы елде оқып келді, жоғарыда аты аталып өткен ЖОО-лардың ұйымдастырған ғылыми семинарлары мен конференцияларына қатысты, сондай-ақ 15 оқытушы бірлескен зерттеу жұмыстары бойынша Италияның жоғары оқу орындарына барып қайтты. Италиялық университет профессорлары PhD докторанттарына ғылыми жетекшілік жасай отырып, лекция оқу мақсатымен ҚазҰУ-ға бірнеше рет келді.
Университет ректоры сонымен бірге «Эрасмус+» бағдарламасы аясында балаларға күтім жасау саласындағы білімді жетілдіру жолында үлгі ретінде Орталық Азиядағы жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімді модернизациялаудың ChildCA жобасы жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның негізгі үйлестірушісі Павий университеті, ал ҚазҰУ тарапынан медицина және денсаулық сақтау факультетінің жоғары медицина мектебі жауапты. Бұл жобаға Еуропаның үш мемлекетінен (Италия, Германия және Польша) және Орталық Азияның үш елінен (Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан) 11 университет қатысып жатыр. Осыған орай, ЖОО жетекшісі Италия мен Қазақстан ЖОО-лары арасындағы байланыстың одан әрі дамуына қолдау көрсетуін сұрады.
Ректор жоғары білікті кадрлар даярлау, ғылыми-инновациялық жобалардың әзірлемелерін, нанотехнологиялар мен материалдар жасауда, археология саласы бойынша алға қойған мақсаттарды жедел шешу үшін екі ел арасындағы тығыз және жемісті қарым-қатынастың жалғасын табатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Қазақстандағы Италия елшісі Марко Альберти мырза жылы қабылдау көрсеткені үшін ЖОО басшылығына алғыс айтып, италиялық университеттермен арадағы тығыз байланыстың арқасындаы қол жеткізілген нақты нәтижелерге жоғары баға берді. Ол екі ел арасындағы ғылыми-білім беру байланысына бағытталған ҚазҰУ-дың барлық жобалары мен бастамасына қолдау көрсететініне сендірді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі