- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ынтымақтастық туралы меморандум қабылданады
08.10.2021Бүгін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Пәкістанның Қазіргі заманғы тілдер ұлттық университетінің ректоры, генерал-майор Мұхаммед Джафармен онлайн кездесу өткізді.
Онлайн отырысқа Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Саджад Ахмед және Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы елшісі Ержан Қыстафин қатысты. Әңгіме барысында әріптестікті орнату және нығайту мәселелері кеңінен талқыланды.
Университет басшысы екі ел арасындағы жемісті дипломатиялық қарым-қатынасты атап өтіп, білім және ғылым саласындағы байланысты одан әрі жандандыру ниетін білдірді. 1992 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде урду тілі мен әдебиеті мамандығы ашылғанын тілге тиек ете келе, ректор сол уақыттан бері білім ордасында урду тілін білетін 50-ден астам маман даярланғанын айтты. Бүгінде факультетте урду тілі мен әдебиеті бойынша 10-нан астам студент білім алуда.
Сонымен қатар 2019 жылы шығыстану факультетінде Қазақстандағы Пәкістан Ислам Республикасы елшілігінің қолдауымен Мухаммад Али Джинна атындағы орталық ашылды. Оқу орнының басшысы биыл осы орталықты техникалық әрі оқу материалдарымен толықтырғаны үшін Пәкістан тарапына ризашылық білдіріп, университет пәкістандық жастардың жоғары білім алуына, білікті маман болуына жан-жақты үлес қосуға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Қазіргі заманғы тілдер ұлттық университетінің ректоры, генерал-майор Мұхаммед Джафар өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуға мүдделілік танытты. Екі елді жақындастыруға, әсіресе ғылым-білім, мәдениет саласындағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бұл қадамды жоғары бағалады.
Сондай-ақ жүздесуде ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою келісіліп, тараптар өз ұсыныстарын ортаға салды.
Оның аясында академиялық ұтқырлық бойынша студент алмасу, оқытушы-профессорлар құрамына біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, оқу құралдарын аудару және қазақ-урду тілінде сөздік әзірлеу қолға алынбақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі