Жаңалықтар

Жартастағы жазуларды қорғау шаралары қарастырылды

21.10.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлемнің мәдени мұра жауһары – Гобустан жартас суреттері» атты халықаралық сурет көрмесі өтті. «Таңбалы» мемлекеттік табиғи қорық-мұражайы және Әзірбайжанның Гобустан мемлекеттік тарихи-көркем қорық мұражайымен бірлесе ұйымдастырылған ауқымды шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының 50 жылдық мерейтойына арналды.


Білім ордасының әлеуметтік даму жөніндегі проректоры м.а. Әлия Масәлімова көрмені құттықтау сөзбен ашып, шараның тарихи, саяси және мәдени мәні мен маңызына тоқталды. Еліміздің Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы өзектілігін атап өтіп, тасқа басылған суреттердің адамзат тарихын терең танудағы рөліне мән берді.

Жиында сөз алған Қазақстандағы Әзірбайжан елшілігінің өкілі Ульви Бахшавиев туыс екі ел тарихының тамырластығын атап өтті. Әзірбайжан Республикасы да жуырда өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлағанын тілге тиек етіп, құттықтауын жеткізді. Өз сөзінде: «Іргелі білім ордасы – ҚазҰУ-мен ұзақ уақыттан бері ынтымақтастықтамыз. Мұндағы шығыстану факультетінде Әзірбайжан тілінің орталығы жұмыс істейді», – дей келе, білім, ғылым мен мәдениет саласындағы ықпалдастықтың келешегіне зор сенім білдірді.

Сондай-ақ көрме барысында Гобустан мемлекеттік тарихи-көркем қорық мұражайының директоры Вугар Улфат оглу Исаев, «Таңбалы» мемлекеттік табиғи қорық-мұражайының директоры Мадияр Әмірғалиев, отандық және шетелдік жетекші музейтанушылар, археологтар, сарапшылар сөз алып, адамзат дүниетанымының құпияларынан сыр шертетін көне суреттер хақында ой толғап, пікір білдірді. Көрменің басты мақсаты жартас бетіндегі суреттердің эстетикалық бейнесін жаңғырту, петроглиф кешендері бар шетелдік мұражай-қорықтарымен ынтымақтастықты жолға қою, сонымен қатар бүкіл әлем бойынша ең ірі, әдемі әрі аса маңызды саналатын Қазақстан петроглиф кешендеріне мәдени мұра нысаны ретінде қалың жұртшылық назарын аудару екені атап өтілді. Өңірлік, ұлттық және халықаралық білім беру деңгейлерінде петроглифтерді қорғау және сақтау бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі қарастырылды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі