Жаңалықтар

ҚазҰУ оқытушылары Анталия Білім университетінде тағылымдамадан өтуде

27.10.2021

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларды Анталия Білім университетіне «Түрік жоғары білім беру жүйесі» біліктілігін арттыру курстарына жіберді.


Семинарға қатысушыларды (50 адам) түрік әріптестері жылы қарсы алды. ҚазҰУ делегациясы университеттің заманауи кампусы, кітапханасы мен 1000-ға жуық анар ағаштары өсіп, жеміс беретін әсем бағы, мешіт, асхана, аудиториялар мен зертханаларды аралап, ел экономикасын қолдау және дамыту мақсатында инновациялық жобаларды жүзеге асыратын технопарк жұмысымен танысты.

Antalya Bilim University ректоры, профессор Исмаил Юксель Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларының алдында құттықтау сөз сөйлеп, QS рейтингі бойынша 175-ші орында және әлемнің үздік 200 университетінің қатарына кіретін жетекші қазақстандық университетпен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Ректор қатысушыларды университет қызметімен таныстырып, оқу үдерісін ұйымдастырудың ерекшеліктері бойынша тренинг өткізді. Профессор Исмаил Юксель өз сөзінде инновациялық әзірлемелер тақырыбына кеңінен тоқталып, пікірталас барысында заманауи білім беру саласы жаңаша көзқарасты, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін қажет ететінін баса айтты.

«Классикалық білім беруді сақтап, оны әр оқушы қолданатын озық технологиялармен байланыстыру керек. Сапаны жақсарту үшін әрбір студентке жеке көзқарас қажет, барлығынан бірдей шешімдерді талап етуге болмайды», – деді профессор Исмаил Юксель. Тренингте Antalya Bilim University проректоры Хамза Кандур Түркияның жалпы ғылым мен білім саласындағы жаңалықтарына тоқталып, университет жетістіктерін атап өтті.

Айта кету керек, ҚазҰУ студенттері жыл сайын түрлі мамандықтар бойынша қосымша білім мен тәжірибе алу үшін шетелдік жоғары оқу орнында арнайы тағылымдамадан өтеді. Мәселен, биыл ҚазҰУ-дың 100-ден астам студенті Түркияның Rixos қонақүйлер желісінде «Туризм және қонақүй бизнесі» мамандығы бойынша тәжірибеден өтті.

Биология және биотехнология факультетінің профессоры Бірлікбай Есжановтың айтуынша, ҚазҰУ басшылығының ұйымдастыруымен оқытушылар мен жас ғалымдар үшін Түркияда өткізіліп жатқан тренингтер әр маманның кәсіби шыңдалуына үлкен қолдау болмақ.

Біліктілікті арттыру курстары барысында қатысушылар жаңа идеяларға талпыныс жасап, өзара пікір алмасып, жаңа байланыстар орнатуға жол ашуда. ҚазҰУ-дың жаратылыстану ғылымдарының оқытушылары Анталия университетіндегі әріптестеріне академиялық және ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды ұсынды.

Анталия университетінің жетекші профессорларының тренингтеріне қатысу Түркиядағы оқу процесінің ерекшеліктерін зерттеп қана қоймай, білім мен тәжірибені жетілдіруге ықпал етеді.

«Тағылымдама аясындағы тренингтер біз үшін өте мазмұнды. Анталия Білім университетінің озық тәжірибесін зерттеуге, біліктілігімізді арттыруға тікелей қолдау көрсеткені үшін университетіміздің ректоры Жансейіт Түймебаевқа үлкен алғысымызды білдіреміз», – деп өз пікірімен бөлісті филология факультетінің доценті Шоқан Шортанбаев.

Қатысушылар мен баяндамашылар қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, бірлескен ғылыми мақалалар шығару, университеттер арасындағы студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы мәселелерін де талқылады.

Біліктілікті арттыру курстары 28 қазанға дейін жалғасады және тағылымдамадан өткен барлық қатысушыларға халықаралық сертификаттар табысталады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі