Жаңалықтар

Қанат Саудабаев көшбасшылық дәріс оқыды

27.10.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «30 жылдыққа – 30 апталық» бағдарламасы аясында көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат Қанат Саудабаев «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және сыртқы саясаттағы жетістіктер» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.

Алқалы жиынды ашқан оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев мәртебелі қонаққа қарашаңырақ қабырғасында дәріс оқуға келіскені үшін ризашылығын білдірді. «Егемендіктің 30 жылдығы – әрбір мемлекет үшін, оның ішінде біз үшін айтулы оқиға. Бүгінгі студент-жастар тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келді. Сондықтан тәуелсіздіктің қадір-қасиетін айту, оның қалыптасу жолындағы тарихи оқиғаларды жеткізу және насихаттау аса өзекті», – дей келе, ректор университетте өтіп жатқан Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңірген тұлғалар дәрістерінің идеологиялық, тәрбиелік және танымдық маңызына мән берді.

Сонымен қатар дипломат Қанат Бекмырзаұлының қызмет жолына тоқталып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиғалардың тікелей куәгері екенін және мемлекеттің нығаюына белсенді үлес қосқанын атап өтті.

Қайраткер тұлға өз кезегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кандидаттық диссертация қорғағанын еске алып, Тәуелсіздік тойы қарсаңындағы кездесудің ерекшелігіне назар аударды.

Спикер әрбір ұрпақтың тарихты жаңаша жазуға ұмтылатынын алға тарта келе: «Жас мемлекет үшін 30 жыл – маңызды кезең, бірақ тарих үшін бұл бір сәт. Алайда Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық көрегендігі мен халқымыздың жасампаз күшінің арқасында болған түбегейлі және терең қайта құруларға сүйенсек, осы 30 жыл шын мәнінде дәуірге тең», – деген пікірін жеткізді. Күні бүгінге дейін санада сайрап тұрған тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, ел тарихындағы тағдыршешті оқиғалар жайлы кеңінен әңгімеледі. Қа­зақстан Елбасы ба­с­шылығымен аса қиын уақыттан аман-есен өтіп, түбегейлі құрылымдық өзгеріс­тер­ді жүзеге асыра білген посткеңестік аумақтағы бірден-бір ел екенін баса айтты.


Дәрісте Елбасының көшбасшылық және адамгершілік қасиеттері, ерлік шешімдерінен жарқын мысалдар келтіре отырып, ерен бастамаларының ел тағдырындағы теңдессіз рөліне жан-жақты тоқталды. Әуелі Семей сынақ полигонын жабу және ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде әлемнің жетекші мемлекеттерімен терезесі тең дәрежеде қарым-қатынас жасауға жол ашқанын атап өтті. Бүгінде Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа танылуы мен толағай жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаев тұлғасымен байланысты екенін әлем сарапшылары да мойындағанын жеткізді. Жастарға қарата осынау шапшаң өзгермелі әлемде лайықты орынға ие болу үшін көшбасшылық қасиеттерді дамытуға, мақсаткерлікке, өз мамандығының ең үздігі болуға және үздіксіз жетілуге шақырды.  


Сондай-ақ кездесу барысында қатысушылар әлемдік қауымдастықтағы Қазақстанның орны мен ұстанымдары хақында сұрақтар қойып, өз көзқарастарын ортаға салды.

Шара соңында ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қадірменді қонаққа ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесі үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Алтын медалін» табыстап, «Әл-Фараби» кітабын сыйға тартты. Сонымен бірге университеттің «Құрметті профессоры» ғылыми атағын ұсынып, қасиетті мекендегі дәрістің жалғасуына тілек білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі