Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «30 жылдыққа – 30 апталық» бағдарламасы аясында белгілі мемлекет қайраткері, Қазақ мемлекеттік заң институтының тұңғыш ректоры, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Нұрпейісов Еркеш Қалиұлы көшбасшылық дәріс оқыды. «Қазақстан Тәуелсіздік қарсаңында» атауымен өткен шараға оқытушылар мен студенттер қауымы қатысты.
Спикер заң шығарушы және орындаушы жаңа мемлекеттің құқықтық қалыптасуы кезеңіндегі ерекшеліктерге назар аударды. Кеңестік кезеңнің даму жолындағы өзгешеліктер, Қазақ мемлекеттілігінің тарихы, атқарушы билік эволюциясы мен саяси институттардың қалыптасуы жайында көптеген тарихи деректерді мысалға ала отырып, заңгер және саясаткер ретінде мемлекет қалыптасуының тарихи заңдылығына мұқият зер салды. Елдің әлеуметтік және саяси тоқырауды еңсеруіне жол ашқан Елбасы бастамаларына кеңінен тоқталды.
Сонымен қатар көшбасшылық дәрісте нарықтық экономиканың заңдылықтары мен тетіктері, жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамудың қазақстандық моделі тақырыптары жан-жақты қамтылды.
Кездесу соңында студент жастар тәуелсіз Қазақстанның даму жолына қатысты көкейдегі сауалдарын қойып, өз білімдерімен бөлісті.
Дәріс заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі