Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымы «Әл-Фараби» Мемлекеттік сыйлығына ие болған отандық антибиотикті әзірлеу жөніндегі ғылыми жобаға қатысты. Бұл – ғылым мен техника қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегіне мемлекеттің жоғары марапаты.
Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алған ғылыми жұмыс «Розеофунгин-АС» жаңа отандық бірегей дәрілік препаратын әзірлеу және өндіруді ұйымдастыру» деп аталады. Оған Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, биология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Аманкелді Саданов жетекшілік етті. Авторлық ұжым құрамына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультеті Биотехнология кафедрасының доценті м.а. Гүлнар Ұлтанбекова кірді.

Қазақстандық ғалымдардың көпжылдық зерттеуі мен тәжірибелік әзірлемелері зеңге және вирусқа қарсы белсенді кең спектрлі отандық «Розеофунгин» антибиотигімен байланысты. Оның негізінде адамдарда әртүрлі саңырауқұлақ инфекциясын емдеуге арналған жоғары тиімді «Розеофунгин-АС» препараты алынды. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы осы препараттың жасалуын аяқтап қана қоймай, оны өндіріске шығару үшін толық дайындап шықты.
Айта кету керек, «Розеофунгин-АС» бүгінгі таңда медициналық мақсаттағы алғашқы және әзірге жалғыз отандық препарат болып табылады. Сондай-ақ өнім құны шетелдік аналогтардан үш есе төмен.
ҚазҰУ ұжымы «Әл-Фараби» Мемлекеттік сыйлығының лауреаттарын лайықты марапатымен құттықтайды! Ғалымдарға зор денсаулық, амандық және ел ғылымы мен өнеркәсібінің дамуы үшін жаңа шығармашылық жетістіктер тілейді!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі