Жаңалықтар

"Ғылым туралы" заңға енгізілген түзетулер туралы

03.11.2021

Парламент «Ғылым туралы» Заңына түзетулерді қабылдады. Заңға енгізілген түзетулер ғылым саласын қаржыландыру мен қолдау шараларын жақсартуға бағытталған.


Бұрын-соңды ғалымдардың қатысуымен өтетін әрбір кездесуде ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту мәселелері көтерілетін еді.
Жалақыны базалық қаржыландыру тетігіне тек басшылар мен көмекші қызметкерлерді ғана емес, сонымен бірге ғылыми қызметкерлерді де қосу қажеттілігі туралы мәселе жылдар бойы көтерілетін.
Гуманитарлық бейіндегі ғалымдарымыз (қазақ әдебиеті, тіл білімі, Қазақстан тарихы, археология, философия және т.б.) осы бағыттарды қаржыландыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет екендігін 10 жылдан астам уақыттан бері айтып келеді.
Ендігі кезекте Президенттің тікелей қолдауының арқасында және Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларының нәтижесінде аталған мәселелердің барлығы Үкіметтің бастамашылық етуімен әрі Парламент депутаттарының қолдауымен қабылданған жаңа түзетулерде өз шешімін тапты.
Қысқа мерзім ішінде қажетті түзетулер әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді.
Бұл дегеніміз, кем дегенде 1600 ғалым базалық қаржыландыру шеңберінде тұрақты негізде жалақы ала бастайды.
Ал, гуманитарлық бейіндегі институттар тікелей қаржыландыру шеңберінде тек гранттық жобаларға ғана тәуелді болмай, керісінше өз бағыттары бойынша зерттеулер жүргізу үшін тұрақты қаржыландырылатын болады.
Сонымен қатар ғылыми қауымдастық көптеген жылдар бойы Ұлттық ғылыми кеңестер жұмысының объективтілігін арттыруға ұмтылып келеді. Өйткені бюджеттік қаржыландыру туралы шешімді ғылыми кеңестер қабылдайды.
Соңғы екі жылда аталған кеңестердің жұмысында айтарлықтай оң өзгерістер орын алды. Ұлттық ғылыми кеңес шешімдерінің барынша негізділігі мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін заң жүзінде апелляциялық комиссия енгізіліп жатыр. Комиссия Ұлттық ғылыми кеңес шешімдеріне қатысты ғалымдардың апелляциялары мен Әдеп кодексін сақтау мәселелерін қарастыратын болады.