Жаңалықтар

ЖОО кәсіподақтары жанданады

04.11.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы Дағыстан астанасы Махачкалада өткен Жоғары оқу орындарындағы кәсіподақ ұйымдарының Еуразиялық қауымдастығының XXXIII съезіне қатысты.

«Пандемия жағдайында еңбек қатынастарын құқықтық реттеуді жүзеге асыру және ұжымның әлеуметтік қамсыздандыруын арттырудағы университет кәсіподақ ұйымдарының рөлі» тақырыбында өткен жиынға жоғары оқу орындарының кәсіподақ ұйымдарының басшылары – ЕАЭБ мүшелері, Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Украина, Молдавия елдеріндегі 44 жоғары оқу орындары кәсіподақ ұйымдарының басшылары, білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақтарының басшылығы, жоғары атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері қатысты.

Конгресте пандемия кезінде оқу жағдайындағы өзгерістер, студенттердің дайындығы, кәсіподақ комитеттері мен университет әкімшілігінің өзара іс-қимылының қалыптасқан тәжірибесі, еңбекақы төлеудің жаңа тәсілдері мен жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен студенттерін әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды.

Конгресс бағдарламасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрағасы Бақдәулет Нұридин «Пандемия кезінде кәсіподақтар жұмысының даму үрдісі қалай өзгерді?» тақырыбында баяндама жасап, университет тәжірибесімен бөлісті.

Кәсіподақтар жұмысына жаңа серпін берген бұл айтулы халықаралық конференцияға қатысу Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағы үшін алдағы үлкен жобалардың бастауына себепші болатыны анық.