Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Тәжікстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықаралық байланыстар басқармасы бастығының орынбасары Анушервон Асоевты және Мемлекеттік басқару академиясының Халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі Алишер Саидмухторовты қабылдады.
Жансейіт Түймебаев Тәжікстан елінен келген меймандарды ыстық ықыласпен қарсы алды. Кездесу барысында ректор университеттің тарихы мен жеткен жетістіктеріне егжей-тегжейлі тоқталды. «Бүгінде алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен, институттармен ынтымақтастық туралы 400-ден астам халықаралық келісімге қол қойылды. Осы келісімдер аясында түрлі оқу-білім беру бағдарламалары мен ғылыми-инновациялық жобалар іске асырылып келеді. Сондай-ақ ҚазҰУ Тәжікстанның жоғары оқу орындарымен бірлесіп, Erasmus жобаларына қатысуда. Студенттердің тәжірибе алмасуынан бөлек, «Қазақстанның жоғары оқу орындарына шетелдік мамандарды тарту» бағдарламасы шеңберінде лекциялар оқу және ғылыми басшылықты жүзеге асыру үшін жетекші ғалымдар белсенді түрде тартылуда», – деп атап өтті университет ректоры.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мәселелерін талқылады. Жансейіт Түймебаев Тәжікстанның жоғары оқу орнымен серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол жемісті ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдауға ниетті екенін атап өтті.
Өз кезегінде Тәжікстан елінен келген Алишер Саидмухторов университеттің бүгінге дейін жеткен жетістіктерін жоғары бағалады. Сонымен қатар меймандар Жансейіт Түймебаевқа кездесуге мүмкіндік бергені үшін алғыстарын жеткізіп, Тәжікстанға жұмыс сапарымен келуге шақырды.
Кездесу соңында тараптар ізгі тілектер мен естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі