Жаңалықтар

Тілші ғалымның мерейтойы құрметіне арналды

5-қар-21

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және филология ғылымының докторы, профессор Ольга Баймұханқызы Алтынбекованың мерейтойы құрметіне «ХХІ ғасырдағы филология және лингводидактика: жетістіктері, инновациялары, келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысы басталды. Айтулы шараға Финляндия, Түркия, Венгрия, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан ғалымдары, сондай-ақ Қазақстанның жетекші ғылыми-педагогикалық мекемелерінің оқытушылары мен қызметкерлері, білім алушы жастар қатысуда.


Алқалы жиынды білім ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, университеттің биік мақсатқа жету жолындағы профессор Ольга Баймұханқызы сынды ұстаз-ғалымдардың ерен еңбегін айрықша атап өтті. Мерейтой иесінің ҚазҰУ қабырғасындағы 50 жылға жуық ғылыми-педагогикалық қызметіне тоқтала келе, қарашаңырақтың ірі ғылыми мектептердің озық дәстүрлерін жаңа заман талабына сай дамытып келе жатқанын жеткізді.

«Дарынды студенттен бастап, оқытушы, доцент және профессорға дейінгі жолдан өткен белгілі ғалым бүгінде ірі лингвистикалық конгрестерде Қазақстандағы этноәлеуметтік ахуалдың ерекшеліктері туралы баяндама жасап, ҚазҰУ-ды, жалпы, республикамызды лайықты түрде танытып келеді», – дей келе, университет басшысы мерейлі белеске көтерілген тұлғаға ғылыми-педагогикалық қызметте мол табыстар тіледі.

Жүрекжарды құттықтауды жалғастырған университеттің ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры м.а. Тілекқабыл Рамазанов Ғылыми кеңес шешімімен мерейтой иесіне білім ошағының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Үлкен күміс медалін» табыстап, гүл шоқтарын сыйлады.

Салтанатты жиында Қазақстандағы Ресей ынтымақтастығының және Ресей ғылым және білім орталығының директоры, Қазақстан Республикасындағы Ресей елшілігінің кеңесшісі Алексей Коропченко, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі, ҚазҰУ профессоры Элеонора Сүлейменова, «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев, Хельсинки университетінің адъюнкт-профессоры Екатерина Протасова, Анатолий университетінің профессоры Зинаида Сәбитова, ҚазҰУ профессоры Нұрсұлу Шаймерденова, ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы Баян Өмірбекова және өзге де оқытушы-профессорлар, шәкірттері сөз алып, ұстаз-ғалымның адамгершілік қасиеттері және ғылымға сіңірген үлесі хақында ой толғады. Олар профессордың мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырғанын мақтанышпен атап өтті. Ғалымның «Қазақстандағы этно-лингвистикалық процестер» монографиясы елімізде ғана емес, алыс және жақын шетелдерде кеңінен танымал екеніне назар аударды. Еңбек мемлекетіміздегі тілдік жағдай мен тіл саясатына терең әлеуметтік-лингвистикалық талдау жасайды. Бұл монография Гарвард, Сорбонна, Колумбия, Нью-Йорк университеттері, М.Ломоносов атындағы ММУ және АҚШ Конгресінің, одан басқа да елдердің кітапхана қорына енген.

Айта кетсек, Ольга Алтынбекова 400-ден астам ғылыми мақала, оның ішінде: «Қазақстандағы этно-лингвистикалық процестер», «Көпэтносты аймақтағы этно-лингвистикалық құрылыс», «Қазақстандағы тілдік ахуал динамикасы» монографиялары; Қазақстандағы орта мектеп (2000, 2004, 2007, 2008, 2012, 2013, 2019) пен жоғары оқу орындарына арналған орыс тілі оқулықтары («Етістік формалары орыс тілінде, 2003»; «Қазіргі орыс тілінің морфологиясы», 2011 және т.б.), «Дұрыс сөйлеп үйренейік!» атты сөйлеу мәдениеті жайлы кітаптар мен оқулықтардың авторы.

Шетелдерде: АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Ирландия, Испания, Грекия, Қытай, Болгария, Үндістан, Тайвань, Чехия, Польша, Эстония, сонымен қатар көрші елдер: Ресей, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда ғылыми мақалалары жарияланған.

АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия, Финляндия, Испания, Үндістан, Тайвань, Қытай, Ресей және басқа да ірі халықаралық лингвистикалық форумдардың қатысушысы.

Ғалымның жаңашыл педагогикалық қызметі Қазақстанның жалпы білім беретін мектептері үшін жаңа буындағы орыс тілінің көптеген оқулықтарын жасаумен тығыз байланысты. Оның кітаптары мен авторлар құрамындағы оқулықтары әр жылдары республикалық «Мектеп» және «Атамұра» баспаларынан жарық көріп, үлкен сұранысқа ие болып келеді.

Сондай-ақ басқосуда профессордың қайта толықтырылып, мерейтойға орай басылған «Учимся говорить правильно» атты кітабының екінші басылымының тұсауы кесілді. Қатысушылар кітаптың Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орындарында оқу үдерісінде кең қолданысқа ие екенін атап өтті.

Конференция жұмысы қазіргі тіл білімін дамытудың инновациялық парадигмасы; қазіргі әдеби сынның өзекті мәселелері, жаңалықтары, жетістіктері; лингводидактика: келешегі, жетістіктері, тіл мен әдебиетті оқытудың технологиялары; тіл, әдебиет пен мәдениетті салыстырмалы түрде зерттеу бағыттарында онлайн және офлайн жалғасты. Қатысушылардың пленарлық және секциялық сөз сөйлеулерінде қазіргі тіл білімі мен әдебиеттануды дамытудың өзекті мәселелері кеңінен қарастырылды.

Сонымен қатар екі күнге жоспарланған конференция аясында ертең «Қазіргі Қазақстандағы тілдік ахуал» атты дөңгелек үстел және «Тіл мен әдебиетті оқытудағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және оқулық құрастыру мәселелері» шеберлік сыныбы өтеді.

Ауқымды шара Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орыс филологиясы және әлем тілдері кафедрасы, «Әлеуметтік лингвистика, аударманың теориясы мен тәжірибесі» зертханасы, ОТӘОҚБ орыс тілі мен әдебиеті оқытушыларының қоғамдық бірлестігі және «Ресейлік ЖОО-ның түлектері» қоғамдық бірлестігінің атсалысуымен жүзеге асуда.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі