Жаңалықтар

Философиядағы еуразиялық идеялар талқыланды

9-қар-21

Елімізге белгілі ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Марат Шамұратұлы Хасановтың 80 жылдық мерейтойына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде «Қазақстан философиясының Еуразиялық дискурсы» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел Еуразиялық философияның дәстүрлері және қазіргі заман, Еуразиялық интеграцияның әлеуметтік және саяси өлшемі, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясындағы еуразиялық идеялар бағыттарын қамтыды.

Шарада университетіміздің ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевтың құттықтау хаты оқылды. Құттықтауда: «Ардақты Марат Шамұратұлы! Сіз білікті ұстаз-ғалым, қоғам қайраткері ретінде Қазақстан Республикасының білім мен ғылым саласында қандай да лауазымды қызмет атқарсаңыз да, оның үдесінен сәтті шыға біліп, еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы етуге өз септігіңізді тигіздіңіз. Біз сізді біліктілігіне адамгершілігі сай, зиялылық пен зайырлылықты ұштастыра білген, өмір мен ғылымды, ақиқаттылықты негізге алған, пейілі игілік пен ізгілікті ұстанымға айналдырған тұлға ретінде қадірлейміз», – делінген.

Мерейтой иесі Марат Шамұратұлына университет басшылығы тарапынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дамуына қосқан айрықша үлесі үшін «Үлкен Алтын медалімен» марапатталғаны жеткізілді. Марапат онлайн экран арқылы көрсетілді.

Шарада философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бекжан Мейірбаев факультет ұжымының, ал Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының кандидаты Әсет Құранбек кафедра ұжымының құттықтауын жеткізді. Шарада сонымен қатар елімізге белгілі философиялық ұйымдардың, ғалымдардың, алыс-жақын шетелдегі философтардың құттықтаулары оқылды. Мәселен, Кембридж университетінен PhD докторы Дмитрий Сафранов, Centre Gilles Gaston Granger орталығының директоры Паскаль Таранто, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, социология ғылымының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Серік Сейдуманов және т.б. танымал ғалымдар мен орталықтардың құттықтаулары болды. Дөңгелек үстелге қатысқан ғалымдар профессорға ақ тілегін білдіріп, шын жүректен құттықтауларын білдірді. Шәкірттері болса бейнекөріністер әзірлеп, ерекше құттықтау жолдады.

Онлайн форматта өткен дөңгелек үстелде философ Олег Борецкий және Түлектер қауымдастығы атынан профессор Раушан Қабылованың әзірлеген мерейтойлық бейнефильмдері көпшілік көңілінен шықты. Шараға 100-ден аса ғалым, оқытушы-профессорлар, студент, магистрант-докторанттар қатысып, мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар тіледі.

 

Философия және саясаттану факультеті