- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Болашақ әскери метеорологтар тәжірибеден өтті
10.11.2021Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әуе қорғанысы күштері қолбасшылығының келісімі бойынша Алматы гарнизонының әскери бөлімінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әскери кафедрасының студенттерімен тәжірибелік сабақ өткізілді.
«Құрлық әскерлерін гидрометеорологиялық және геофизикалық қамтамасыз етуді ұйымдастыру» әскери-есептік мамандығы бойынша оқитын студенттер Әскери кафедра арнайы әскерлер циклінің бастығы, запастағы полковник Қ.Жармұханбетов пен запастағы полковник Н.Биболовтың басшылығымен Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөліміне барды.
Сабақтың негізгі мақсаты – метеорологиялық бөлімшелер мен метеоқызметтердің құрылымын зерделеу, сондай-ақ метеорологиялық қатынаста ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша лауазымды тұлғалардың жұмысын зерделеу болды. Әскери бөлім метеоқызметінің бастығы, майор Болат Бекбаев болашақ әскери метеорологтарға әскери бөлімнің метеоқызметін ұйымдастыру, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша метеоролог мамандардың міндеттері мен жұмыс ерекшеліктері туралы айтып берді. Студенттер кезекші синоптик Татьяна Седованың жұмысымен үлкен қызығушылықпен танысып, кезекші синоптиктің құжаттаманы жүргізу тәртібі мен ережелерін және осы маманның жұмысына қойылатын негізгі функционалдық талаптарды түсіндірді.
Сабақ барысында студенттермен бақылау сауалнамасы және алған білім деңгейіне тексеру жүргізілді, бөлім офицерлері Егінбаев Бақдәулет пен Бауыржанұлы Жанай студенттердің үздік білімдерін атап өтті.
Айта кету керек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әскери кафедрасының бастығы, запастағы полковник О.Ажимовтың нұсқауы бойынша оқу семестрінің соңында Алматы гарнизоны әскери бөлімдерінің, Құрлық әскерлері әскери институтының және Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының оқу-материалдық базасын пайдалана отырып практикалық сабақтар өткізіледі. Осы бөлімдер мен мекемелердің басшылығы ең жоғары ұйымдастырушылық деңгейде осы сабақтардың сапалы өткізілуін қамтамасыз етеді және барлық мәселеде практикалық және әдістемелік көмек көрсетеді.