- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ЖУРНАЛИСТ МАМАНДЫҒЫ – БАҚЫТТЫ МАМАНДЫҚ
12.11.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов 70 жылдық мерейтойы аясында «Журналист жүгі» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Жиналғандар әуелі көрнекті қаламгердің қызметі мен шығармашылығына арналған «Сауытбек Абдрахманов: Қайраткер. Журналист. Редактор» атты кітап және фотокөрмесін тамашалады. Онда көсемсөз шеберінің әр жылдары жарық көрген кітаптары мен қызмет жолын баяндайтын шығармашылық еңбектері мен зерттеу жұмыстары қойылған.
С.Абдрахмановтың Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев туралы жазған «Абыз Әбіш» атты монографиясы, әлемнің классик ақын-жазушылары жайындағы «Біздің Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі» атты туындылары әдебиеттің алтын қорына айналды.
Сауытбек Абдрахманов еңбек жолында республикалық «Егемен Қазақстан» газетін абыройлы басқарды. Елдегі ең ірі саяси оқиғалардың куәсі бола жүріп, жазған шұғыл репортаждары мен танымдық сұхбаттары арқылы «Сегіз күнде бес елден» ақпарат тарата алатын әмбебап екенін дәлелдеді.
Жүздесу барысында қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігі, жас мамандарды даярлау ісінде тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қарайтын түйткілді мәселелерге назар аударды.
«Азаматтық журналистика ұғымы барған сайын белең ала беретін, әр адам кез келген мәселе жөнінде журналиспен жарыса жазатын, балконда қалтафонын ұстап тұрып-ақ кәсіби оператордың қолы жетпей қалатын сәттерді түсіре алатын уақыт келген соң, енді журналист жүгі бұрынғыдан да ауырлай беретін болады. Блогерлік журналистиканы да оқыту талабын тек құптау керек. Басқа амал жоқ», – деген ойын ортаға салды.
С.Абдрахманов дәріс барысында: «Журналист мамандығы – бақытты мамандық деген пікірімнен таймаймын», – деді. «Өміртану, адамтану мектебі ретінде де, ел көру, жер көрудің тетігі ретінде де бұл кәсіп көп мүмкіндік береді. Тіршіліктің бар саласынан хабардар жүресің, бойыңды дәйім жинақы ұстайсың, ойыңды байытып отыруды қамдайсың. Мамандығымның арқасында (рас, бұл істе көп жыл газет басқарғанымның да өзіндік орны бар) қазақтың елін де, жерін де бір адамдай танып-біле алдым. Әлемді де көрудей көрдім», – деп ағынан жарылды.
Кездесу соңында Сауытбек Абдрахманов оқытушылар мен студенттердің сауалына жауап беріп, кәсіби тәжірибесімен бөлісті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі