Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының «ҚазҰУ студиясы» жобасы аясында баспагер, журналист, Forbes Kazakhstan журналының қазақ тіліндегі нұсқасының бас редакторы Бақытжан Бұқарбаймен кездесу өтті.
Басқосуды білім ордасының Тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры Жұлдыз Есімова ашып, мейманға студенттер атынан алғыс білдірді.
Студия қонағы өз кезегінде ҚазҰУ-да оқыған студенттік қызықты күндерді еске алып, қарашаңырақтың өзіне аса ыстық екенін, ұлағатты ұстаздарына деген ризашылығын жеткізді. Ол Forbes Kazakhstan журналы, баспагерлік, кітап жазу, тұлғалық даму және өзі оқыған кітаптары төңірегінде жастармен еркін әңгіме өрбітіп, медиа саласындағы тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу қонағы өзі жүзеге асырған жұмыстармен қатар, алдағы жобаларға тоқтала отырып, жастарға кітап оқуға және алған білімді өмірде қолдана білу дағдысын қалыптастыруға кеңес берді. Барлық сұрақтың жауабы кітапта екенін алға тарта отырып, өркениеттегі әлем құндылықтарынан хабардар болуға шақырды.
Сонымен қатар студенттерді толғандырған сан түрлі сұрақтарға жауап беріп, «ҚазҰУ студиясының» дәстүрлі форматтағы ойынына қатысты.
Кеш соңында қонаққа университет атынан Алғыс хат табысталып, әл-Фарабидің жеті томдық жинағы сыйға тартылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі