Жаңалықтар

Жамбыл әндері әуеледі

23.11.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жамбыл апталығы аясында «Ақ домбыра қолға алып...» атты жыр кеші өтті.


Кешті білім ордасы ректорының кеңесшісі Мәлік Отарбаев ашып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына орайластырылған шараның маңызына тоқталды. Қатысушы жастарға егемендіктің баға жетпес құндылығы мен ұлы тұлғалар тағылымы жайлы айта келе, белгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Негізгі қазақ руханиятын әлемге паш еткен Жамбыл болатын» деген сөзін мысалға келтірді.

«Бүгінде бейбіт елде өмір сүріп, даму үстіндеміз. Әлемнің түрлі елдерімен байланыс орнаттық. Бұл күнге талантты тұлғалар мен ержүрек ата-бабаларымыздың арқасында қол жеткіздік», – деді Мәлік Нұржанұлы.

XX ғасыр дүлдүлін дәріптеген шараны ҚазҰУ-дың Бейіндік мектебінің оқушылары «Той бастар» биімен жалғастырды. Мың бұрала билеген өнерпаздардан соң, дәстүрлі әнші Бек Нұриддинұлы Жамбыл Жабаевтың «Жиырма бес» әнін әуелете шырқап, көрерменді бір серпілтіп тастады.

Сонымен қатар кеште флейта және қобыз аспаптарының сүйемелдеуімен ақын өлеңдері оқылып, көпшілік назарына күй тартыс, «Айкүміс пен Жамбылдың» айтысы ұсынылды. Жамбылдың «Балаларға» әні және өзге де туындылары орындалып, жиылған қауымға ерекше көңіл күй мен шабыт сыйлады.