- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Геодезиядағы Big data – жаңа заман мамандығы
02.12.2021Цифрлық технологиялар дамуындағы әлемдік үрдістер бүгінде бұрын жаңаша саналған салалардың өзіне жоғары талаптар қоюда. Осы ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Геодезиядағы Big data» жаңа білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлауды бастап кетті.
Әлемде мемлекеттік институттар да, экономика секторлары да Big data негізінде жұмыс істейді. Ірі құрылыс компанияларында жұмыс қызметтің барлық кезеңдерінде үлкен деректер арқылы жүргізіледі. BIM технологиясы, үйді 3D басып шығару, ақылды үйді жобалау сияқты бағыттар белсенді дамуда.
Қазақстанда ауқымды деректермен жұмыс жасау көптеген салаларда, оның ішінде геодезиялық жұмыстар жүргізілетін құрылыс, тау-кен және мұнай-газ салаларында да енді дамып келеді.
Жасанды интеллект пен қолданбалы бағдарламаларды қолдану құрылыс нысандарын іздестіру мен жобалау, өнеркәсіптік, азаматтық, көлік және энергетикалық мақсаттағы объектілер, карьерлер, шахталарды әзірлеу, мұнай мен газды тасымалдау кезінде ауқымды ақпаратты өңдеуге жол ашады. Үлкен деректерді талдау өндіріс шығындарын азайтуға, өндірістің оңтайлы параметрлерін таңдауға, төтенше жағдайларды азайтуға және өндірістік қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Big data технологиясына сұраныстың артуы және оны әртүрлі салаларға белсенді енгізуге байланысты еліміздің жетекші жоғары оқу орнында «Геодезиядағы Big data» жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Оның басты артықшылығы – геодезист маманның үлкен деректерді талдау машығын меңгеріп, еңбек нарығында қолдана білуіне бағытталған. Осы бағдарламаны іске асыратын Картография және геоинформатика кафедрасында Қазақстанның құрылыс, тау-кен және мұнай-газ секторлары кәсіпорындарының практикалық базасы қалыптасқан.
«Геодезиядағы Big data» оқу бағдарламасы аясында «Ауқымды деректерді талдауға арналған бұлтты технологиялар», «Ақылды үй инфрақұрылымын жобалау» сынды пәндер енгізілген. Бұдан басқа, алдағы уақытта құрылыс және тау-кен салаларында пилотсыз ұшу аппараттары мен машиналарды қолдануға арналған пәндерді енгізу қарастырылуда.
Оқу процесіне цифрлық технологиялар, құрылыс нысандарын жобалау, кен орындары, шахталар мен карьерлерді қазу, мұнай мен газды тасымалдау саласындағы тәжірибелі мамандар мен ғалымдар тартылған. Білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде Германия, Жапония, Оңтүстік Корея, Ресей сияқты елдердің озық тәжірибесі мұқият зерделенді, жұмыс берушілердің пікірлері мен ұсыныстары ескерілді. Мұндай тәсіл академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға және осы бағыт бойынша жетекші жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Мұнай-газ және тау-кен металлургия салалары ел экономикасындағы басым секторлар болып табылады. Қазірдің өзінде Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымдық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламалары жұмыс істейді. Білім ошағының ел экономикасын индустриялық-инновациялық дамытуға атсалысуы пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі