Жаңалықтар

Еділ Ерғожин атындағы мәжіліс залы ашылды

03.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде академик Еділ Ерғожиннің туғанына 80 жыл толуына орай, «Ғылым, білім, инновациялар: әлемдік трендтер және аймақтық аспектілер» атты халықаралық симпозиум өтті.   

Алдымен профессор, ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы Еділ Ерғожаұлы атындағы мәжіліс залы салтанатты түрде ашылды.

Жиын басында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бүгінгі симпозиумның маңыздылығын атап өтіп, Еділ Ерғожиннің жеткен жетістіктеріне тоқталды.

Білім ордасының басшысы: "Академик Еділ Ерғожин университетіміздің түлегі, химия факультетін үздік бітірген. Студент кезінен ғылыми зерттеулермен айналысқан. Химия ғылымдары институтының ионалмастырғыш шайырлары зертханасында жұмыс істеді. Оның ғылыми ізденістеріне сол кездегі химия факультетінің деканы Батырбек Бірімжанов пен академик Сағид Рафиков жан-жақты қолдау көрсетті. Ұстаздары ғылыми ізденіс жолында елеулі табыстарға жетіп жүрген Еділ Ерғожиннің бойынан іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін ерте аңғара білді. 27 жасында ионалмастырғыш шайырлар зертханасының меңгерушісі болуға мүмкіндік берді. Бұл сол кездегі ғылыми ортада ерекше оқиға болды. Ұлы зерттеуші еңбекқорлығының арқасында 33 жасында ғылым докторы, 42 жасында корреспондент-мүше, 48 жасында Ғылым академиясының академигі атанды. Өнегелі ғалым Еділ Ерғожаұлының бүгінде мыңдаған шәкірттері отандық ғылымды дамытып, ел болашағы үшін еңбек етуде", – деп атап өтті.

Шара барысында «Ғибратты ғұмыр» сериясы аясында басылып шыққан «ЕДІЛ ЕРҒОЖИН» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ары қарай симпозиум жұмысы пленарлық сессияларда жалғасып, халықаралық сарапшылар өзекті тақырыптарды ортаға салды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі