- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ақсақалдар кеңесімен кездесті
08.12.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ақсақалдар кеңесінің отырысы өтті. Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты. Кеңеске қатысушылар ағымдағы жылды қорытындылап, 2022 жылға арналған басым міндеттерді айқындады.
Жиын барысында ректор биыл білім ошағында атқарылған ауқымды жұмыстар мен жеткен жетістіктер, әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар туралы баяндады. «Жақында біздің университетке Түркия Республикасының экс-президенті Абдулла Гүл келді. Жұмыс сапары барысында мәртебелі мейман студенттерге көшбасшылық дәріс оқып, өзінің саяси саладағы көпжылдық тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ елге танымал бизнесмендер бас қосқан жас кәсіпкерлер форумы өтті. Шарада кәсіпкерлер білім алушы жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар биыл оқу ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Университеттегі барлық мамандардың жалақысы екі есеге өсті», – деді университет басшысы.
Бұдан бөлек, Жансейіт Түймебаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «ҚазҰУ-дың инновациялық жобалары» атты екі томдық кітап шыққанын атап өтті. Мұнда университеттегі ғылыми жобалар мен ғалымдар туралы материалдар жинақталған. Осыған байланысты ректор университетте ғылымды дамытуға серпін беріп, оның ішінде инновациялық жобаларға ерекше назар аудару қажеттігін жеткізді. «Біз ғылыми зерттеулерге басымдық беріп, жаңа технологияларға қол жеткізуіміз керек. Ол үшін білікті мамандар қажет. Сіздер де тәжірибелі, білімді ғалымдар мен оқытушыларды шақырыңыздар», – деді университет ректоры.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Ақсақалдар кеңесінің мүшелері сұрақтар қойып, жоғары оқу орнының имиджін көтеруге қатысты идеяларын ортаға салды.
Жиын соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев пен ардагер оқытушылар естелік суретке түсті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі