Жаңалықтар

Қазақстан мен Түрікменстан ғалымдары пікірлесті

08.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарының қатысуымен Қазақстан мен Түрікменстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған онлайн форматта халықаралық дөңгелек үстел өтті.

Шараны ашқан Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институтының оқу ісі жөніндегі проректоры Гүлшат Юсупова қазақ жұртын Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін кездесу үшін ризашылық білдірді.

Спикер екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың негізі 1992 жылы қаланып, көптеген салалар, оның ішінде білім және ғылым саласы жемісті дамып келе жатқанын атап өтті.

ҚазҰУ-дың операциялық қызмет жөніндегі проректоры м.а. Қанатбек Мұқанов өз кезегінде бауырлас Түрікмен елін Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. «Бүгінгі кездесу біздің ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделілігіміздің дәлелі», – дей келе, ҚазҰУ-дың түрікмен әріптестермен білім және ғылым саласында тығыз баланыс орнатуға ынталы екенін атап көрсетті.

Айта кетуіміз керек, 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көршілес мемлекетке сапары аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық қатынастар институты және Мақтымқұлы атындағы Түрікмен мемлекеттік университетімен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Жиын барысында ҚазҰУ профессорлары  Мара Ғұбайдуллина, Ғалия Мовкебаева,  түрікменстандық ғалымдар Бегенч Караев, Огулкурбан Эзимов екі елдің қарым-қатынастары бойынша баяндамалар жасап, ой-пікірлерімен бөлісті.  

Сондай-ақ жиынға қатысушылар саясат, экономика, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық жайлы кеңінен сөз қозғады.

Бүгінгі таңда ҚазҰУ-да түрікменстандық 478 студент білім алуда, олардың 472-сі келісімшарт бойынша, алтауы мемлекеттік білім гранты негізінде оқиды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі