Жаңалықтар

Түркологияның мамандық ретінде оқылуы үлкен жетістік

09.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тәуелсіз Қазақстан әлемдік ғылыми-зерттеулер кеңістігінде» атты халықаралық конференция өтуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған алқалы жиын онлайн және офлайн форматында өтуде.

Шараға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев және Қазақстан, Өзбекстан, Түркия, Мажарстан т.б. мемлекеттердің профессор-ғалымдары қатысты.

Жиын басында Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі. Университет басшысы өз сөзінде соңғы он жыл ішінде түркітілдес елдердің мемлекетаралық ынтымақтастығы дамудың жаңа кезеңіне көтерілгенін тілге тиек етті. «Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі түркологияның мамандық ретінде оқытылуы үлкен жетістік болды. Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланады. Біз «ғылымда даңғыл жол жоқ» деген сөзді «ғылымда даңғыл жол бар, ол – ізденіс пен білім жолы» деген қағидаға айналдыру үшін жүйелі жұмыстар жүргізуіміз керек. Сонда ғана түркі әлемінің көкжиегі кеңейіп, ортақ қазынамыз  молаяды», – деді университет басшысы.

Конференция барысында түркітілдес халықтардың ортақ құндылықтары мен тарихы кеңінен талқыланды. Мәселен, жиынға арнайы қатысқан Башкент университетінің профессоры Сүйер Екер «түркітілдес  мемлекеттердің бірігетін уақыты келді» деген тұжырымды ойын ортаға салды. «Біздің ата-бабаларымыз ортақ тілде сөйледі. Оған Орхон, Енисей ескерткіштеріндегі жазбалар айқын дәлел. Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Сондықтан ортақ құндылықтарымызды дәріптеуіміз қажет. Бұл бәріміз үшін маңызды», – деп атап өтті.

Сонымен қатар өзге мемлекеттердің профессор-ғалымдары да басқосуда өз пікірлерін  білдірді. Қатысушылар халықаралық жиынның өзектілігі мен маңыздылығын атап өтіп, бұл іс-шараны өткізу дәстүрге айналатынына сенім білдірді.

Конференция жұмысы ертең аяқталады.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі