Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спорт кешенінде «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат» онкүндігі аясында волейболдан қыздар арасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған турнир өтті.
Оқу орнының «Жоғары студенттік кеңесі – 2021» кубогы үшін өткен жарыста студенттер үйінің спорттық командалары сынға түсті.
Волейбол додасына 11 команда қатысты. Жеребе тастау арқылы бірнеше топқа бөлінген спортшы жастар жарыстың көркін қыздырды. Нәтижесінде мықтылар жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз командалар анықталды.
Финалға физика-техникалық, механика-математика мен философия және саясаттану факультеті студенттер үйінің қыздар командалары шықты. Тур қорытындысы бойынша I орынды механика-математика факультетінің №6 студенттер үйінің командасы иеленсе, II орынды физика-техникалық факультетінің №1 студенттер үйінің жастары қанжығасына байлады. Ал философия және саясаттану факультетінің №9 студенттер үйінің спортшылары III орынды місе тұтты. Жарысқа қатысушылар арасында Айнамкөз Айтжан үздік ойыншы аталды.
Барлық қатысушы командалар университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хаты және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Сондай-ақ ҚазҰУ спорт кешенінде ерлер командалары арасында мини-футболдан турнир басталды. Студенттер қалашығының спорт клубы мен университеттің Жоғары студенттер кеңесі ұйымдастырған жарыста 12 ерлер командасы өз шеберлігін көрсетпек.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі