Жаңалықтар

Жұмабек Кенжалин оқулары өтті

10.12.2021

Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ІІ Жұмабек Кенжалин оқулары аясында «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үдерістер: тəуелсіздік тынысы» атты республикалық ғылыми-тəжірибелік конференция өтті. Шараға танымал қаламгер-журналистер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен білім алушы жастар қатысты.

Алқалы жиынды журналистика факультеті ЮНЕСКО, халықаралық журналистика жəне қоғамдық медиа кафедрасы мен «Қазақ газеттері» серіктестігі бірлесе ұйымдастырды.

Жиылған қауым алдымен қаламгер келбеті айқын сомдалған фильмді тамашалап, журналист-жазушының жарқын бейнесін еске алды.

Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлының конференция қатысушыларына жолдаған хаты оқылды. Онда: «Терең білім-білігі мен қажыр-қайратын еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына арнаған Жұмабек Омарұлының ғылыми-педагогикалық мұрасы жас қаламгерлер үшін өнеге болып табылады. Бірқатар республикалық басылымдарды басқарған абзал азамат сонымен бірге Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жылдар ұстаздық етіп, саясаттанушы ғалым ретінде ақпараттық менеджмент теориясы мен практикасының негізін қалады», – деп атап өтілген.

Конференцияда сөз алған Алматы қаласы əкімінің кеңесшісі Мамай Ахет Жұмабек Кенжалиннің тәуелсіздіктің алғаш жылдарында Алматы қаласының ономастика комиссиясының мүшесі болып, ұлтымыздың танымал тұлғаларының есімдерін жаңғыртуға белсене араласқанын атап өтті.

«Ақиқат» журналының бас редакторы Дəуіржан Төлебай қаламгердің журналистика саласының дамуына қосқан сүбелі үлесіне тоқталса, Sportpress.kz ақпараттық-сараптамалық спорт сайтының бас редакторы, ғалымның ұлы Дастан Кенжалин әкесінің қазақ журналистикасындағы еңбегінің жоғары бағаланып, жас ұрпақтың жадында қалар шара қолға алынғаны үшін ризашылығын білдірді.


Сондай-ақ қатысушылар белгілі ғалым, БАҚ менеджері, жазушы-публицист Жұмабек Кенжалиннің өмірі мен шығармашылығы және қоғамдық қызметі хақында сөз қозғап, естеліктерімен бөлісті.  

Егемендіктің елең-алаңында еліміздің ақпараттық кеңістігінің бағыт-бағдарын айқындаған БАҚ басшыларының бірі Жұмабек Кенжалин еді. Көрнекті тұлға өзінің шығармашылық ғұмырбаяны арқылы ұлтқа қалтқысыз қызмет етудің үздік өнегесін көрсетті. Қазақстан жазушылар одағы басқармасының мүшесі, әдеби басылымдардың бас редакторы бола жүріп, әдебиеттің міндеті адамдардың бойына адамгершілік, ізгілік пен тазалықтың нәрін сіңіру, шығармашыл қауымды жарқын мақсатқа жұмылдырып, игілікті істерге бағыттау деп білді. Оның туындыларына биік адамгершілік, азаматтық парыз, рухани құндылықтар өзек болды. Қалам қайраткері бұқаралық ақпарат құралдарының жас ұрпақты адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеудегі, елдің бірлігі мен тыныштығын нығайтудағы мән-маңызын жете бағалады. Ұлттық баспасөздің түйінді мәселелері сөз етілетін публицистикалық еңбектерінде журналистиканың көкейкесті мәселелерін қозғап, өз пайымы мен түйгенін терең оймен, зерделі сөзбен, шешен тілмен жеткізе білді.


Қазақ ұлттық университетінің келешек ұрпаққа үлгі ететін талантты түлектерінің бірі болған Жұмабек Омарұлының журналистика мен әдебиет, ғылым әлемінде қалдырған ізін бағалап, есімін ұрпақ санасында жаңғырту мақсатында Кенжалин оқулары дәстүрлі түрде өте бермек.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі