Жаңалықтар

Тәуелсіздік тойына арналған фотокөрме

10-жел-21

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасының үлкен залында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне орай, «Тәуелсіздік тағылымы: 30 жылдағы 30 сәт» атты танымал отандық фотожурналистер мен ҚазҰУ-дың журналистика факультеті студенттерінің шығармашылық фотокөрмесі өтті.


Көрменің мақсаты – егемен ел ретiндегi отыз жыл уақыт аралығындағы объектив нысанына iлiнген мемлекеттiк, қоғамдық, саяси, мәдени және рухани маңызы бар сәттер мен оқиғаларды ел назарына ұсыну, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу.

Шараға журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев, ҚР еңбек сіңірген артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, актер Айдос Бектемір, Қазақстанның халық әртісі, КСРО кинематографистер одағының мүшесі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, актер Нұржұман Ықтымбаев, Алматы қалалық әкімдігінің бөлім меңгерушісі, қоғам қайраткері Жанна Мағұлова, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы Бейбіт Дәлденбаев, кәсіпкер-меценат Бақытбек Манапов,  М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Бауыржан Құмарбеков сынды танымал тұлғалар қатысып, көрмеден алған әсерлерімен бөлісті.

Көрме аясында Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың университетке арнайы сапары кезінде сол кездегі ректор Өмірбек Жолдасбековтің жаңадан салынып жатқан оқу орны ғимараттарының макетімен таныстырып тұрған тарихи авторлық фотосуретін ардагер-фотожурналист Қалиғұмар Қабдешұлы өз қолтаңбасымен ҚазҰУ-ға  сыйға тарту етті. Сонымен қатар Қалиғұмар Қабдешұлының «Суреттерде жартығасырлық шежіре» және «Өмірім мен өнерім» атты фотокітаптарының тұсаукесері өтті.

 Фотокөрмені ұйымдастырған – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ  журналистика факультетінің аға оқытушысы, танымал кәсіби фотосуретші Асылхан Әбдірайымұлы.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне орай ұйымдастырылған көрмеге фотосуреттері қойылған авторларға, студенттерге арнайы Алғыс хаттар табысталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі