- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Тәуелсіздік онкүндігі қорытындыланды
10.12.2021Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі қорытындыланды.
«Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбында өткен айтулы шараны университет ректорының кеңесшісі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев ашып, қатысушыларды Тәуелсіздік мерейтойымен құттықтады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында тарихи оқиғаларды баяндай отырып, халқымыздың тәуелсіздікке жету жолын айшықтап берді. «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында да тәуелсіздіктің ең қастерлі ұғым екенін атап, болашақ ұрпаққа өсиет сөзін арнады. Бірлік пен келісімнің мызғымас тұғыр екенін, табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбекте жатқанын баса айтты», – дей келе, оқу орнында өткен патриоттық-танымдық апталықтың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.
Тәуелсіздік тарихы және Қазақстанның қалыптасуындағы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін насихаттау, жастарды отансүйгіштікке баулу мақсатындағы онкүндік аясында мазмұнды іс-шаралар өтіп, оған белгілі қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен талантты жастар белсене атсалысты.
Алғашқы күні оқытушылар мен студенттер Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болып, Елбасының балалық шағына саяхат жасап қайтты. Ұлт Көшбасшысының «Ұлы дала ұлағаттары», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Он делает историю» кітаптарын талқылауға арналған алқалы басқосулар жастардың ой-өрісі мен таным көкжиегін кеңейте түсті. «Тәуелсіздік толғауы» поэзия сағаты, «Тәуелсіздік – 30» флешмобы, «Балалық шағымның аспаны» кино кеші, «Елім менің» жастар пікірталасынан студенттердің тәуелсіздікке, елі мен жеріне құрметі көрініс тапса, «Кітап FEST» жәрмеңкесі әдебиетіміздің жауһарларымен таныстырды.
Қорытынды конференцияда еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толағай жетістіктері сараланып, ұлт пен ұлыстың татулығы, мемлекеттіліктің берік негіздері және қазақ халқының жанқиярлық ерлігі мен еңбегі атап өтілді. Қатысушылар бүгінде әлем жұрты Қазақстанды ортаазиялық көшбасшы, тату көрші, сенімді әріптес әрі дос ретінде қабылдайтынын мақтанышпен жеткізді. Алдағы уақытта тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, Отанымыздың көк туын биіктете түсу үшін аянбай еңбек ету барша азаматтың міндеті екені бірауыздан тұжырымдалды.
Сондай-ақ жиын соңында онкүндік аясындағы мәдени-рухани шараларға қатысып, жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан университет қызметкерлері ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың Алғыс хатымен марапатталып, арнайы кәдесыйлар табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі