Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алтын сапа» интеллектуалды пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен «Әл-Фараби шәкірттері – VI» дәстүрлі қалалық пікірсайыс турнирі өтті. Жарысқа Алматы қаласы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Екі күнге созылған сөз додасында 88 спикер 42 фракцияға бөлініп, ел егемендігінің қалыптасу жолы, тәуелсіздік жетістіктері мен бүгінгі күннің өзекті мәселелері туралы пікір алмасып, ой жарыстырды.
Нәтижесінде ой ұшқырлығы, тапқырлығы және ұтымды сөзімен көзге түскен үздіктер алға шығып, жеңімпаздар анықталды.
Америкалық парламенттік формат дебаты бойынша І орынды Ерғали Іңкәров (Тұран университеті) пен Азамат Арынов (СДУ университеті) жеңіп алса, ІІ орын Өркен Мұхаммедәліұлы (Абай университеті) мен Серғали Тышабаевқа (Абай университеті) бұйырды. Ал жүлделі ІІІ орынға Мұхаммедали Алишбаев (Нархоз) пен Дәулет Рзабаев (Нархоз) тұрақтады.
Линкольн Дуглас форматы бойынша ең үздік спикер болып Бинұр Ахатқызы (Тұран университеті), үздік спикер – Ерлан Бөлекбаев (Нархоз), ең үздік төреші – Бибінұр Сәдір, үздік төреші – Жібек Мұхаммед атанды.
ҚазҰУ-дың «Алтын сапа» интеллектуалды турнирінің төрағасы, бас төреші Дәулет Мырзақұлов: «Сөз сайысы жастардың сыни ойлау қабілетін арттырып, өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік беретін тамаша өнер деп білемін. Белсенді жастар еліміз, оның ішінде Алматы қаласының өзекті мәселелерін шешудің тиімді механизмдерін ұсынды. ҚазҰУ жастары ұйымдастырушы болғандықтан, сайысқа қатыспады. Жалпы, бұл турнир жастардың патриоттық рухын көтере түсті», – деп пікір білдірді.
Жеңімпаздар Алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі