Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Qazaq radiosy апталығы өтті

14.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақ радиосының 100 жылдығына орай, Qazaq radiosy – ғасыр шежіресі: тарихы, дамуы және болашағы» атты шеберлік сыныбының апталығы өтті. Апталық барысында Қазақ радиосының тарихын сыр шертетін «Қазақтың рухани тірегі – Qazaq radiosy», «Ұлттың үкілі үні» атты кітап көрмесі мен фотокөрме таныстырылымы өтті.

Шеберлік сыныбын Qazaq radiosy журналистері мен осы ұжымда қызмет атқарған, радио туралы ғылыми еңбектер жазған ғадымдар, журналистика факультетінің ұстаздары жүргізді.

Апталықтың алғашқы күнін Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы Гүлмира Нәлібай өткізді. «Тікелей эфирдегі музыкалық бағдарламаның мазмұны мен көркемдік сапасы» тақырыбында өткен шеберлік сағатында Гүлмира Әділханқызы болашақ журналистерге радиохабарларының пәрменділігін арттырудағы музыканың ықпалы, тікелей эфирдің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталды.  

«Радио эфиріндегі тұлғалар болмысы, портреттік хабар жасау тәсілдері және жаңалықтар дайындау» тақырыбында шеберлік сағатын өткізген журналист Жанар Оразымбет: «Тұлғалар портретін ашу – оның өмірбаяны мен қызмет жолын баяндап өту жеткіліксіз әрі ондай бірсарынды хабарлар тыңдарманға да қызықсыз болады. Кейіпкеріңмен сұхбаттаса отырып, оның мінезін аша білу де журналистің шеберлігіне жатады. Ал тұлғаның біз білмейтін қырларын ашу, оны өз даусымен жеткізу арқылы жақсы дүние дайындай аламыз», – деді.

Аптаның үшінші күні шеберлік сағатын өткізген «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген тәулік бойы халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, мәдениеті жайында хабар тарататын радионың тыныс-тіршілігіне тоқталды. Студенттер «Алтын қордан» Мұстафа Шоқай мен Мұқағали Мақатаевтың даусын тыңдады.

 

Радиодағы үн тазалығы мен балалар хабарын дайындаудың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жайында журналист Гүлбағыш Бостан студент жастардың бойындағы журналистік қабілетті дамыту жөнінде тәжірибелік кеңестер айтты. Балалар хабарын дайындайтын редактор-жүргізушінің бойындағы ерекше қасиеттерге тоқталды.  

Апталықты қорытындылаған жүргізуші-редактор Оңғар Құралов эфирдегі сөйлеу мәдениеті, тіл тазалығы туралы, «Алтын қор» хабарларының құндылығы жайында салмақты пікірлер, тұшымды ойлар айтты. Тіл тазалығына байланысты ғалым Рабиға Сыздықованың, ақын Оразақын Асқардың жазбаларын тыңдатты.

Апталық барысында шеберлік сағаттарын өткізген оқытушы-профессорлар – Клара Қабылғазина «Дәуір үні», Жидегүл Әбдіжәділқызы «Қазақ радиосындағы тәуелсіздік шежіресі», Зарина Қайратқызы «Подкаст бастауға қажетті базалық құралдар» жайында дәріс оқыды.

Осылайша ұлттың үкілі үні – Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған апталық өз мәресіне жетті. Бір апта бойы журналистика факультетінің студенттері Қазақ радиосының арғы-бергі тарихынан мол мағлұмат алып, тәжірибе жинады.

Апталықтың жабылу салтанатында БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев алдағы уақытта да факультет пен Қазақ радиосы арасындағы ынтымақтастық, өзара тәжірибе алмасу жалғаса беретінін айтып, шеберлік сағатын өткізген журналистерге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кәдесыйларын табыс етті.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі