Жаңалықтар

Университеттің даму бағдарламасы талқыланды

20.12.2021

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті.


Салтанатты марапаттау рәсімімен басталған жиында оқу орнының Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев COVID-19  коронавирустық инфекциясына қарсы отандық QazVac екпесін әзірлеуші, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі, Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚазҰУ-дың Директорлар кеңесінің мүшесі Күнсұлу Закарьяның ел ғылымының дамуына сіңірген жанкешті еңбегін атап өтіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Құрметті профессоры» атағын табыстады.

«Бұл – біздің ғылымымыздағы айтулы оқиға. Ғалымдарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан өз вакцинасын жасап шығарған Германия, Ресей, Қытай сынды алпауыт елдердің  қатарына кірді», – дей келе, университет басшысы ел ғылымының деңгейін дүниежүзілік дәрежеге көтерген ғалымдарға алғыс білдіріп, өзгелерге үлгі етті. Сонымен қатар ғалымды қарашаңырақта көшбасшылық дәріс оқуға шақыра отырып, тәжірибе бөлісу, ғылыми жұмыстарды бірлесіп жүзеге асыру және өзара әріптестікті нығайту ниетін жеткізді.

Күн тәртібіндегі мәселелер қаралған тұста мінбеге алдымен Стратегиялық даму орталығының директоры Гүлшарат Минажева көтеріліп,  университеттің 2021-2025 жылдарға арналған даму бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына тоқталды. 

Спикер өз баяндамасында ҚазҰУ дамуының басым тұстарына, атап айтқанда:  университеттік білім берудің перспективті моделін қалыптастыру және академиялық көшбасшылықты қамтамасыз ету; ғылымның әлеуметтік-экономикалық дамуға қосқан үлесін арттыру; ұжымдық басқарудың тиімді моделін құру және ЖОО-ның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге жіті назар аударды. Осы бағыттар бойынша бүгінгі көрсеткіштерді саралай отырып, алда атқарылуы тиіс, жетілдіруді қажет ететін жұмыстарды талдап берді.

Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Фатима Жақыпова қысқы емтихан сессиясының барысы жайлы хабарлады. Дайындық барысында ауқымды жұмыс атқарылғанын айта келе,  проректор жасалған нақты қадамдарды жіктеді: халықаралық тәжірибені ескере отырып, қорытынды бақылау нысандары қайта қаралды;  ІТ-платформаларға жүктемені біркелкі бөлу қамтамасыз етілді; «Универ» жүйесінде емтихандар бағдарламалары орналастырылды; Ғылыми кеңестердің шешімімен пәндер бойынша емтихан жұмыстарының түпнұсқалығының шекті деңгейі анықталды; емтихан сессиясының мониторингі бойынша жұмыс топтары ұйымдастырылды және т.б.

Сондай-ақ мәжілісте экономика ғылымының кандидаты, Қаржы және есеп кафедрасының меңгерушісі Ажар Нұрмағамбетованың «Ұлттық бағдарламаларды іске асыру шеңберінде инвестициялық жобаларды қаржыландырудың заманауи құралдары» атты монографиясын басып шығару ұсынылды.

Ғылыми жұмыс тақырыбының өзектілігіне мән берген ЖОО басшысы Ғылыми кеңес отырысын қорытындылап, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамын ұлттық бағдарламаларға белсенді қатысуға, отандық экономиканың дамуына серпін бере алатын ғылыми жобаларды іске асыруға және коммерцияландыруға шақырды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі