Жаңалықтар

ҚазҰУ-да Data Science мамандары даярлануда

14.12.2021

Data Science білім беру бағдарламасы – деректер туралы ғылым саласында әлемдегі ең танымал және сұранысқа ие озық бағдарламалардың бірі. Ол студенттерге ауқымды деректермен шебер және сыни тұрғыдан жұмыс істеу машығын меңгеруге көмектеседі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы биылғы оқу жылынан бастап осы инновациялық білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлауды бастады.


Бұрын адам деректерді қолмен өңдей алатын болса, қазір олардың саны соншалықты үлкен болғандықтан, өңдеу үшін жасанды интеллект қажет. Сондықтан бұл ғылым саласында машиналық оқыту, математика, статистика және деректерді талдау өзара белсенді әрекеттеседі.

«Біз бағдарлама аясында білім алушы жастарға қазіргі заманғы алгоритмдік тілдерде жүйелі бағдарламалау, математикалық және қаржылық статистика, бизнес деректерін талдау, машиналық оқыту, желілік өңдеу және қаржылық деректерді визуализациялау бойынша құзыреттер жиынтығын ұсынып отырмыз. Бұл болашақ түлектерімізге дәстүрлі IT мамандармен салыстырғанда тез дамып келе жатқан Data Science саласында бәсекелестік артықшылықтар береді. Олар ірі компанияларды Data scientist, «Дата инженер», «Бизнес деректер талдаушысы», «Жасанды интеллект бойынша маман», «Жүйелік администратор» ретінде жұмыс істей алады», – дейді кафедра меңгерушісі Мәдина Мансұрова.

Білім беру бағдарламасының бірегей құрылымы мен мазмұны Беркли, Массачусетс, Кембридж және М.В.Ломоносов атындағы ММУ сынды әлемдік жоғары оқу орындары тәжірибелерін ескере отырып, Халық банкі мамандарымен бірлесіп әзірленген. Түлектер банктерде тәжірибеден өтіп, қаржы компанияларының кейс-тапсырмаларын орындайды. Бұл студенттерге қаржылық бизнестегі цифрлық технологиялар, ақша ағындары телекоммуникациялары саласында білікті маман болуға және жаңа ғылым – Data Science бойынша тереңдетілген IT білім алуға мүмкіндік береді.

Цифрландыру жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде елімізге кемінде 100 мың жоғары білікті IT мамандар қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы деректерді өңдеудің заманауи орталықтарын құру қажет екенін атап өтті. Жоғары білікті IT мамандарды даярлау арқылы жетекші университет еліміздегі терең цифрландыруды дамытуға ықпал ету мақсатын көздейді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі