- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Практикалық құқықтану кафедрасы ашылды
23.12.2021Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Халықаралық ғылымды дамыту орталығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, университетаралық Практикалық құқықтану кафедрасы ашылды.
Салтанатты рәсімге құқық қорғау және сот органдары, ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті және мамандандырылған мерзімді басылымдардың өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Кафедраның құрылуы уақыт талабынан және заң мамандарын даярлаудың заманауи тәсілінің қажеттігінен туындады. Бұл шешімге университет жанындағы Халықаралық ғылымды дамыту орталығы мен Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бірлескен жұмысы негіз болды.
Шара барысында орталық басшысының міндетін атқарушы Олег Эсенов кафедраның миссиясы құқық қорғау, сот және басқа да мемлекеттік органдарда студенттердің заң практикасын ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтің кадрлық резервін қалыптастыру, ғылыми білімді тәжірибеде қолдану жүйесін жетілдіру екенін атап өтті. Алдағы уақытта еліміздің жетекші жоғары оқу орнында судьялар құқық қолдану және сот практикасы мәселелері бойынша элективті курстардың, сондай-ақ құқықтық білім беру жұмысына қатысатынын жеткізді.
Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы Ұлан Қажыкен өзінің құттықтау сөзінде әкімшілік әділет саласын дамыту бойынша серіктестікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Орталық басшылығына соттың кафедра құрудағы бастамасына жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіре келе, өзара ықпалдастықтың мүмкіндіктеріне зор сенім білдірді.
Сондай-ақ кездесуде тараптар кафедра жұмысының бағыттарын, ғылыми-зерттеу қызметінің кейбір аспектілерін кеңінен талқылады. Білікті кадр даярлау, оның ішінде шет тілін меңгерген мамандарға тапшылықтың бар екені айтылып, ортақ мүдде жолында әріптестікті дамыту келісілді.
Айта кетсек, бұған дейін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты халықаралық ғылымды дамыту орталығымен әкімшілік әділет саласында өзара ынтымақтастық орнатқан болатын.