- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Қазақ қаламгерлерінің еңбектері араб тіліне аударылады
24.12.2021Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Біріккен Араб Әмірліктерінен келген Мұхаммед әл-Муайни бастаған делегациямен кездесті. Тараптар өзара серіктестікті дамыту, сонымен қатар білім мен ғылым саласында жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізу бойынша пікір алмасты.
Жүздесу барысында университет басшысы меймандарға жұмыс сапарымен келгені үшін алғыс айтып, бірқатар ұсынысын жеткізді.
«Бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бес жоғары оқу орнымен тығыз байланыста. Бұл бағыттағы іс-шараларды жүйелеп, ынтымақтастықты одан әрі дамыту жолында бірлескен жұмыстарға жаңа серпін беруіміз керек. Алдағы уақытта тәжірибе алмасу, ортақ конференциялар мен көрмелер ұйымдастыруымыз керек деп санаймын. Сонымен қатар ғылым, мәдениет пен әдебиет саласында жүйелі жұмыстарды бірлесіп атқару керек», – деді университет ректоры.
Өз кезегінде БАӘ Халықаралық мәдени дипломатия институтының басқарма төрағасы Мұхаммед әл-Муайни ыстық ықыласпен қабылдағаны үшін Жансейіт Түймебаевқа алғыс айтып, өз ойын ортаға салды.
«Алдымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! ҚазҰУ ұсыныстарын қолдай отырып, өз тарапымыздан шығыстану факультеті жанынан «Арабтану» ғылыми-зерттеу орталығын ашуды ұсынамыз. Біз орталықты қажетті ғылыми, әдеби кітаптармен қамтамасыз етеміз. Бұл бастама өз кезегінде қазақ студенттерінің араб тілін және әдебиетін жетік меңгеруіне жол ашады», – деді Мұхаммед әл-Муайни.
Кездесуде Жансейіт Түймебаев қазақ, араб ақын-жазушыларының шығармаларын екі тілге аудару қажеттілігін атап өтті. Қазақстан тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін шығармаларды, сондай-ақ ислам дінінің таралуына өз үлесін қосқан тұлғаларды бірлесіп жинап, олардың еңбектерін жастарға насихаттау керек екенін жеткізді. Сонымен қатар университет басшысы араб студенттерін ҚазҰУ-да оқуға және қазақ тілін үйренуге шақырды. Осылайша қос тарап айтылған ұсыныстарды жүзеге асыруға уағдаласып, кездесу соңында ізгі тілектер мен естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі