Жаңалықтар

Оқытушылар халықаралық сертификатқа ие болды

30.12.2021

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары мен қызметкерлеріне біліктілікті арттыру курстарының халықаралық сертификаттары табыс етілді.

Бағдарлама «Швейцарияның экономика мен менеджментке арналған қолданбалы ғылымдар мектебінің (Swiss SASEM) өзгерістерді басқару: білім беру бағдарламаларының менеджменті және оқытудың инновациялық тәсілі (Дублин дескрипторлары мен ECTS талаптары бойынша)» деп аталады. Оның басты мақсаты – бәсекеге қабілетті білім беру өнімдері мен бағдарламаларын жасауға құзыретті оқытушылар тобын қалыптастыру.

ҚР Білім және ғылым министрлігі алға қойған адам капиталын дамыту міндеті бойынша университеттен 1000-нан астам оқытушы мен қызметкер осы біліктілікті арттыру бағдарламаларына тартылуы тиіс. Бүгін курсқа қатысқан 500 қызметкердің алғашқы 30-ы сертификатталған коучер атанды.

Курс барысында оқытушылар оқыту мен білім берудің жаңа инновациялық әдістерін қолдану, нетворкингті қалыптастыру және білім беру бағдарламаларын дамытуға стейкхолдерлерді тарту, оларды ресурстық қамтамасыз етуді жоспарлау, командалық менеджментті ұйымдастыру сынды аса қажетті тәжірибелік машықтарды меңгеріп шықты.

Швейцариялық Swiss SASEM бизнес мектебімен бірлесіп іске асырылып жатқан жоба білім беру бағдарламаларының сапасын арттыруға және Қазақстан нарығында ғана емес, халықаралық нарықта да сұранысқа ие оқытушы даярлауға жол ашады. Адам капиталына инвестиция салу оқу орнына дамудың жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне айналу стратегиялық міндетін орындауға тиімді ықпал етері сөзсіз.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі