- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жастар тұрақтылықты қолдайды!
13.01.2022Ел болашағы білімді жастардың қолында
Жаңа жыл басталған уақытта елімізде ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін келеңсіз оқиғалар орын алды. Өкінішке қарай, бейбіт шеруді пайдаланған арандатушылар тәртіпсіздікке, бұзақылыққа барды. Еліміздің ең үлкен шаhары – Алматы қаласы лаңкестік шабуылдан қатты зардап шекті. Осы бір қиын сәтте Мемлекет басшысы елді тығырықтан алып шығып, халық үніне құлақ асып, бірқатар оң шешімдер қабылдады. Бұл оқиғадан кейін Қазақ елі жаңаша серпіліп, тың өріспен алға жылжып, әлі талай белестен асады деп сенемін.
Президентіміз өз үндеуінде қоғам алдына жаңа мақсаттар қойды. Ел болашағы білімді жастардың қолында. Сондықтан күшіміз бірлікте болсын, Алаш елі!
Нұр ИБАТОЛЛА,
философия және саясаттану факультетінің 1-курс студенті
Жаңа Қазақстанды бірге дамытуға атсалысайық
Елімізде болып жатқан жағдай «қазақпын» деп жүрегі соғатын, елін, жерін қастерлейтін әр адам үшін көзді жұмып, мән бермей қоя салатын дүние емес. Күні кеше осы Алматыға арман қуып келіп, ақыр соңы үлкен қаланы кішкене терезеден ғана қорқынышпен сығалып, ертеңім үшін алаңдаулы күйде болармын деп ойламаппын. Қас қағым сәтте бейбіт елімізге қатер төніп, қарапайым халық зардабын тартты.
Халқымызда «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар. Бейбіт шеруге шығып, өз талаптарын айтуға талпынған қарапайым халық пен елдің тыныштығын бұзып, мүлігін қиратып, шаңырағымызды шайқалтпақ болғандар, сөзсіз, екі бөлек қоғам. Осы тұста мені алаңдатқаны – біз өз тәрбиемізге, адамдығымызға, адалдығымызға қанша жерден сенімді болсақ та, екінші біреулер келіп асқан аяусыздық танытуы мүмкін. Мысалы, мен қоғамдық көлікте біреудің аяғын аңдамай басып кетсем де, сол үшін күні бойы өзімді ыңғайсыз сезініп жүруім мүмкін. Ал бұл жағдайда бұзақылық жасап, біреудің өмірін қиғандарды қалай ақтауға болады? Сонда адамды «адам» етіп отырған сана қайда?
«Жығылғанға жұдырық» дейді қазақта. Қиын сәтті пайдаланып, қараусыз қалған мүліктерді тегінге балап, ұрлауға кіріскендер тағы бар. Халық қиналды деп ойламай, одан әрі азық-түліктің бағасын көтере түскен сатушылар тағы бар. Сонда жалпыадамзаттық құндылықтар қайда? Мейірім, жанашырлық, жақсылық секілді адамдық қасиеттер қайда? Осындай қиын сәтте тоқтаусыз қызмет жасаған жедел жәрдем қызметкерлеріне, әскери қызметкерлерге және полиция қызметкерлеріне шексіз алғыс білдіремін, себебі олар өз өмірлерін екінші орынға қойып, ел тыныштығы үшін аянбай қызмет етті және әлі күнге тынбай жұмыс атқарып келеді. Жаңалықтардан көз алмай қарап отырып, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына зор сенім мен үміт артып отырмын. Әр айтылған сөз, берілген уәде іспен дәлелденсе екен дейміз. Баршамыз жаңа Қазақстанды бірге дамытуға атсалысайық!
Айсанем ҚАПАНОВА,
философия және саясаттану факультетінің
1-курс магистранты
Ел іргесі берік болсын
Еліміз тәуелсіздік тарихында орын алып көрмеген жантүршігерлік террорлық экстремистік ұйымдардың әрекеттерімен барынша күрес жүргізіп жатыр. Дәл қазіргі сын сағатта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекетіміздің тұтастығы мен болашағы үшін қабылдаған батыл шешімдерін қолдаймын. Мен Президентпен біргемін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендігіміз мәңгілік, еліміз еңселі, болашағымыз жарқын, мемлекетіміз мызғымас, іргесі берік ел болсын!
Жұлдыз ЖОРАБЕК,
философия және саясаттану факультеті «Исламтану» мамандығының 1-курс докторанты
Ұлт мүддесі жолында бірігуіміз керек
Соңғы жаңалықтар елімізді дүр сілкіндіргені анық. Тарихта басынан түрлі оқиғаларды өткізген дана халқымыз бұл қиыншылықты да жеңе білді. Осындай сын-қатерге толы кезеңде біз Мемлекет басшысының шешімдерін қолдап, ұлт мүддесі жолында бірігуіміз керек.
Халқымыздың сан ғасырлар бойы қалыптасқан рухын қандай да бір теріс күштер мен арам пиғылды іс-әрекеттер жоя алмайды деген сенімдемін. Еліміз тыныш, тәуелсіздігіміз берік болғай!
Райымбек ЗЕЙНУЛЛИН,
философия және саясаттану факультеті «Мәдениеттану» мамандығының 1-курс докторанты
Жаңа Қазақстанды бірге қалыптастырайық
Бүгінде болған соңғы жағдайлар бізге үлкен ой салды. «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай» дейтін үлкендеріміздің батасын енді ғана шын көңілмен түсінгендейміз. Бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін түсінгендейміз. Өз уақытымен бәрі жақсы болып кететінін жан жүрегіммен сеземін. Жұмылған жұдырықтай бірігіп, бірлігімізді көрсетсек екен. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Аузымыздан шыққан әрбір сөз дұға дейді. Тек жақсылық болсын. Жаңа Қазақстанды бірге қалыптастырайық!
Сара ТӨЛЕГЕН,
философия және саясаттану факультетінің 4-курс студенті
Әр азамат ортақ іске жұмылуы тиіс
Қазіргі таңда еліміздің жағдайына алаңдап, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлығымыз бір адамдай болып Мемлекет басшысына қолдау білдіргеніміз дұрыс деп ойлаймын.
Соңғы болып жатқан жағдайлар елімізді біраз есеңгіретіп тастағаны рас. Бұл жағдайдың алдында да Қазақ елінде көптеген жайсыз оқиғалар орын алған еді:
ұшақ апаттары, оқ-дәрі сақталатын қойманың жарылуы, су тасқыны, коронавирус, қазіргі бүлікшілік. Мен бұл жағдайларды неге тілге тиек етіп отырмын?! Осы оқиғалардан біз сабақ алуымыз керек.
Соңғы күндері елімізде орын алған оқиғалар елімізге орасан зор шығын алып келді. Қаншама адамдардың өмірі қиылды. Тәртіпсіздік кезінде қаза болған азаматтарымыздың отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз.
Егемен елімізде тек бейбітшілік болсын. Мемлекет басшысы өз үндеуінде «Қазақстанның жаңа даму кезеңі, жаңа Қазақстанды бірге құрайық» деді. Әрбір азамат ортақ іске жұмылуы тиіс деп ойлаймын.
Гүлназ КӘДІРЖАН,
философия және саясаттану факультетінің 3-курс студенті
Шынайы отансүйгіш болуымыз маңызды
Жыл басы бірден қатал сынағымен бірге келді. Жазықсыз жандардың жаны қиылды. Дегенмен деструктивті әрекет діттеген мақсатына жетпеді. Халық Мемлекет басшысына, жаңа Үкіметке үлкен үміт артып, қолдау білдіріп отыр, қолдайды да. Халық бейбіт шеруге шықты, одан басқа да әлеуметтік мәселелері дұрыс шешіледі деп үміттеніп отыр. Ел іргесі мықты, тәуелсіздігіміз қаншалықты ұзақ болсын дейтін болсақ, соншалықты ғылым, білімге ден қоюымыз керек.
Рухани бай, елге жанашыр, шынайы отансүйгіш болуымыз әрі сондай ұрпақ тәрбиелеуіміз аса маңызды. Бір сөзбен айтқанда, тәуелсіздіктің көк туын биікте желбіретер қазақстандық адам капиталын дамытуымыз керек.
Самет БАЙЖҰМА,
философия және саясаттану факультеті «Дінтану» мамандығының 2-курс докторанты
Бірге қамданатын уақыт келді
Елімізде орын алған жағдай баршамыздың еңсемізді түсіріп, қабырғамызды қайыстырды. Дәл қазір бір-бірімізге кінә артатын кез емес. Тұғырлы тәуелсіздігімізді сақтап, бірге қамданатын уақыт келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «Біздің күшіміз бірлікте». Осыны әрбір қазақ есінен шығармауы тиіс. Баршамыз жұмылған жұдырықтай ауызбіршілігімізді көрсетіп бір болсақ, алынбайтын белес, шыға алмаған тау болмас. Еліміздің аманатын арқалаған басшымызбен бірге көк туды, ауыр жүкті бірге көтерейік. Әрбіріміз елдің ертеңіне жауапты сезінуіміз керек. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!
Нұразат ЖОЛАУШЫБАЙ,
Заттар интернеті мен Big Data кафедрасының 3-курс студенті