Жаңалықтар

ҚазҰУ сарапшылары өзекті мәселелер шешімін ұсынады

26.01.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен кезекті Ғылыми кеңес отырысында сараптамалық-талдау тобының жұмысының алғашқы нәтижелері талқыланды. Ғалымдар тобы елді дағдарыстан шығару бойынша кешенді шешімдер мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында қаңтар оқиғаларынан кейінгі алғашқы күндері жедел құрылған болатын.


Сараптамалық-талдау тобының жұмыс барысы туралы жиында әлеуметтік даму жөніндегі проректор м.а. Әлия Масалимова баяндады. «Осы айдағы оқиғалар тарихта «қасіретті қаңтар» деп аталды. Наразылық митингілері, бірқатар қалалардағы жаппай тәртіпсіздіктер, төңкеріс әрекеті – осының барлығы санаулы күндер ішінде біздің өміріміздің үйреншікті бағытын өзгертті», – дей келе, ол  Қазақстан азаматтарының қоғамдағы әлеуметтік, саяси және құндылықтар ыдырауының куәсі болғанын атап өтті. Осы күрделі жағдайда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлеуметтік институт ретінде сын-қатерлерге өзіндік «академиялық жауабын» ұсынды.

Сарапшылар тобының құрамына университеттің беделді ғалымдары, академиктері, профессорлары мен доценттері кірді. 6-9 қаңтар аралығында БАҚ-та 49-ға жуық жарияланым шықты. Кейіннен спикерлер ортасы кеңейіп, жетекші жоғары оқу орнының ғылыми-зерттеу институттары мен құрылымдары қосылды.

Сараптама тобына талдау мен мониторинг жасау, әртүрлі деңгейдегі мемлекеттік құрылымдарға, органдар мен арнайы қызметтерге нақты ұсыныстар мен шешімдер әзірлеу жүктелді. Орын алған оқиғалардың себептерін, факторларын анықтау бойынша кешенді әрі жүйелі жұмыс басталды. Теріс салдардың алдын алу мақсатында болашақта саяси, әлеуметтік, психологиялық зерттеулер, фокус-топтар, сараптамалық бағалау және сауалнамалар, басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Сараптамалық-талдау жұмысы 29 бағыт бойынша жүргізіледі: медицина және денсаулық сақтау, мемлекеттік басқару жүйесі, математикалық модельдер, халықаралық деңгейдегі аналогтарды талдау, Қазақстанның халықаралық имиджі, Қазақстан моноқалаларындағы еңбек наразылықтары, дағдарыстық және дағдарысқа қарсы коммуникация және т.б.

Талқылау барысында білім ордасының басшысы нақты шешімдер мен ұсыныстарға баса назар аударды. «Менің тапсырмам бойынша қазір сарапшылар тобы құрылып, геосаяси жағдай, саяси мәдениет, экономика, құқықтық жүйе, саяси технологиялар, киберқауіпсіздік, әлеуметтік, діни, этносаясат және басқа да салалар мәселелері бойынша зерттеу жүргізуде. Біз белсенді жұмыс істеп, мемлекет дамуы үшін қажетті ұсыныстар әзірлеуіміз керек. Апта сайын мен сараптамалық топтар жұмысы туралы есептерді тыңдайтын боламын. Ғалымдардың осы өзекті тақырыптар бойынша сапалы зерттеу жүргізуі үшін жағдай жасау керек, ал нәтижелері магистрлік және докторлық зерттеулерге ұласуы маңызды», – деп түйіндеді ректор.

Сонымен қатар Әлия Рымғазықызы өз баяндамасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жастар саясаты тұжырымдамасы жайлы айтты. Университеттің даму бағдарламасының негізгі бағыттары, сондай-ақ жастар саясатының мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. Олардың ең бастысы: университет жастарының зияткерлік, рухани және физикалық дамуына, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жастардың қоғамдық қызметін жандандыруға ықпал ететін жағдайлар жасау. Спикер өз сөзінде Жастар ұйымдары комитетінің жұмыс барысына да сипаттама берді.  

Сондай-ақ отырыста ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор м.а. Хайдар Тасыбеков ғылыми зерттеулер нәтижелерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру және технологиялар трансферті мен коммерцияландыруды дамыту жөніндегі шаралар туралы хабарлама жасады. Ол ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар нәтижелерін коммерцияландыру үшін перспективалық бағыттарға, жүйелік сипаттағы проблемаларға және оларды шешу жолдарына егжей-тегжейлі тоқталды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі