- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Жоғары білім берудің жаңа міндеттері айқындалды
28.01.2022ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен ҚР БҒМ кеңейтілген алқа отырысында білім және ғылым саласындағы 2021 жылғы жұмыс қорытындылары мен 2022 жылға арналған міндеттер талқыланды.
Отырыстың модераторы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болды. Оған министрлік өкілдері, жоғары және орта білім беру мекемелерінің басшылары, ғалымдар, оқытушылар мен педагогтер қатысты.
«2021 жылдың негізгі қорытындылары және 2022 жылға арналған жоғары білім және ғылым саласындағы міндеттер туралы» атты баяндаманы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев ұсынды. Спикердің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта республикада 120 жоғары оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік – 44, азаматтық емес – 15, жекеменшік – 61. QS World University Rankings беделді халықаралық рейтингіне 14 ЖОО, The world university rankings-ке үш университет кірді. 2018 жылмен салыстырғанда грантта оқитын студенттер саны екі есеге – 32 мыңнан 56 мыңға дейін өсті.
Жоғары оқу орындарын басқаруды трансформациялаудың ауқымды процесі аясында 28 мемлекеттік жоғары оқу орны КеАҚ мәртебесіне көшті. Корпоративтік басқару енгізілді: әрбір жоғары оқу орнында Директорлар кеңесі құрылды. Ректорлар құрамы 50 пайыздан астам жаңартылды. Университеттерге қаржылық дербестік берілген. Профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы артып, педагогикалық жүктеме екі есе қысқарды.
Соңғы жылдары жоғары білім беру сапасын арттыруға бағытталған елеулі жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларының ашық тізімі құрылды, оған 284 инновациялықты қоса алғанда, 9371 білім беру бағдарламасы кірді. Олар кәсіби стандарттар мен «Жаңа кәсіптер атласын» ескере отырып жаңартылды.
2021 жылы ғылымды қаржыландыру екі есеге артты. Ғалымдарға ғылыми идеяларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер берілуде. Ғылыми-зерттеу институттарын материалдық-техникалық жаңарту жалғасуда. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы, сондай-ақ ғылымды дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Жалпы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың оң бағасын алған ауқымды жұмыс атқарылды.
Отырыста сондай-ақ болашаққа жоспарлар мен міндеттер айтылды. Мәселен, жоғары білім беру жүйесінде бірқатар жаңалықтар жоспарланған: алғашқы онлайн-университеттер құру, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, гранттар санын 5000-ға ұлғайту және «Болашақ» бағдарламасын қайта бағдарлау.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық бағытта кадрлар даярлауға баса назар аударылатын болады. Техникалық және IT-бағыттарға гранттар 40 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылады. Батыс өңірлердің: Маңғыстау, Атырау облыстарының мектеп түлектеріне гранттар бөлу мәселесі пысықталуда. Бұдан басқа, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік орган қызметкерлерінің балаларына білім беру гранттарын беру мәселесі қарастырылатын болады», – деп атап өтті білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Алдағы уақытта кадрлық әлеуетті нығайту, ғылыми экожүйенің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ғылымның ел дамуына қосқан үлесі, ғылымды әкімшілендіруді жетілдіру, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру сынды бірқатар кешенді шаралар іске асырылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі