- Негізгі бет
- Жаңалықтар
"Nur Otan" партиясының жаңа бағыты айқындалды
29.01.2022
ЖАСТАРДЫҢ ТАҒДЫРЫНА БЕЙЖАЙ ҚАРАМАЙЫҚ
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс өткен ХХІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бірқатар саяси-әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Президент «Нұр Отан» партиясының қоғамдағы рөлін арттыру аса маңызды екенін атап өтті. «Шын мәнінде нақты істің партиясы ретінде ол оқиға ортасында және процестер алғы шебінде болуға тиіс. Сырттай бақылаушы болу енді қабылданбайды», – деді. Сын сағатында партияның алып күші пайдаланбай қалғанына өкініш білдірді. Сонымен бірге Мемлекет басшысы «қаңтар қасіреті» жастардың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда бейімделуінде жіберген кемшілікті анық көрсеткенін айтып өтті. «Жас Отанның» нақты іспен айналысуға мол мүмкіншілігі бар. Партияның жастар қанатында 100 мыңнан аса мүшесі бола тұра, осынау маңызды ресурс пайдаланылмай отыр», – деді. «Бізге қалалардағы өз орнын таппаған жастармен нақты жұмыс жүргізу керек. Пайдалы қоғамдық жұмыспен айналысқысы келетін жастар арасындағы сенімге ие көшбасшыларды «Жас Отанның» қатарына тартқан абзал. Мемлекет жастарға арналған қаншама маңызды жобаларды жүзеге асырып жатса да, сауалнама қорытындыларына қарасақ, олар бұл жобалардан хабарсыз», – деп қынжылыс білдірді.
Шынында да, бізге, жалпы қоғам мүшелеріне, белсенділік жетіспейді. Бір-біріміздің мәселемізге бас ауыртқымыз келмейді. Қазір қос дипломы бар жастардың дені жұмыссыз. Жұмысы болмаған соң, олар жаман әдетке әуес келеді. Өз басым Президенттің «жастарды техникалық мамандықтарға баулу керек» деген ұсынысын қолдаймын. Өйткені біздің қоғам білікті инженерлерге, техниктерге т.б. өте зәру. Әлі күнге дейін мұнай-газ секторы кәсіби техник мамандарды сырттан алдырады. Осындай кемшіліктерді жою үшін отандық мамандарды өзіміз молынан, қажеттілікті өтейтіндей деңгейде даярлауымыз керек. Оған біздің елдің мүмкіншілігі де, қуаты да жетеді. Тек еліміздің болашағы – жастардың тағдырына бейжай қараудан арылуымыз керек. Сонда ғана нақты нәтижеге жетеміз.
Лейла КУДРЕЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ химия және химиялық технология факультеті
деканының оқу ісі және әлеуметтік қызмет жөніндегі орынбасары
«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЪЕЗІ: САУАЛДАР МЕН ЖАУАПТАР
ТАРИХТА ҚАЛАТЫН МАҢЫЗДЫ САЯСИ ҚАДАМ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар оқиғасына орай үндеуінде билік тізгінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенін атап айтты. Мемлекет басшысының Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде тағайындалғаны және жақын арада «Нұр Отан» партиясының съезінде партиядағы жетекші рөлдің де Президентке жүктелетінін жеткізген болатын. Осы тұрғыдан съезге байланысты туындайтын сауалдар да, оның символикалық мәні де, онда айтылған мәлімдемелердің астары да өте маңызды.
Партиялық жиын бұл жолы билік транзитінің аяқталуы мен жаңа Қазақстан құруға бет алған биліктің негізгі бағытын айқындауға ықпал етуі тиіс мағынаға ие болды.
Ең бірінші туындайтын сауал – жаңа Қазақстан қаншалықты дәрежеде бұрынғы идеологиялық және элиталық шеңберде әрекет етеді? «Нұр Отан» 30 жылдық тәуелсіздік кезеңінде ең іргелі саяси партия мен күшке айналғаны белгілі. Әрине, оның рөлін коммунистік партияның рөлімен салыстыруға келмес, бірақ саяси жүйе құраушы институт ретінде «Нұр Отанның» рөлі әлі де ерекше. Бұл бірнеше фактормен айқындалады. Біріншіден, осы уақытқа дейін партия тек партиялық функция емес, мемлекеттің кадрлық резерві функциясын атқарғаны белгілі. Билікке келген тұлғаның негізгі дені осы партияның мүшесі болатын. Бұл белгілі бір дәрежеде тұлғаның саяси сенімділігінің көрсеткіші, оның негізгі критерийлерінің бірі болды. Екіншіден, партия мүшелерінің негізгі дені басшылық шешімін күтті. Себебі далаға шыққан адамдар саны қанша көп болды дегенмен, партия мүшелері санынан аз. Оның үстіне халықтың негізгі денінің саяси қарсылыққа бармағанын ескеру қажет. Бұл тұлғалардың барлығы съезд шешімін күтіп отыр. Бұл тұлғалар үшін күдік пен күмән әлі де сейіле қойған жоқ. Мемлекет бұдан әрі қалай әрекет етеді деген сауал әр партия мүшесін мазалағаны хақ. Осы тұрғыдан саралар болсақ, партияның бұдан кейінгі «әрекет қабілеттігі», «құқық қабілеттігі» мәселесі көп түйіннің жауабы болары сөзсіз еді.
Екінші маңызды мәселе – партияның төрағалығы таза символикалық мәнге де ие. Элита ішіндегі жанжал немесе бөліністің болмағанының көрсеткіші. Элита ішіндегі тұтастық саяси бірізділіктің кепілі, саяси сабақтастықтың символы, жүйелік төңкеріс болмайтынының көрсеткіші болуы керек.
Үшіншіден, партиялық басшылық – қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билігінің легитимдігінің көрсеткіші. Себебі «Нұр Отан» – парламенттік көпшілік. Парламент – билік тармақтарының бірі.
Төртіншіден, негізгі туындаған сауал партиялық жүйеге қатысты болғаны сөзсіз. Мәселе Мемлекет басшысының саяси реформаларды жүзеге асыратыны туралы мәлімдемесі шынайы партиялық құрылыс пен демократиялық өзгерістердің бастамасы бола ма, әлде жүйелік өзгерістер асықпай сараланып, жүзеге асырыла ма деген сауал төңірегінде болды. Бұл тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының Елбасының тарихи рөліне тоқтай отырып, тарихи жауапкершілік контексінде кейбір кемшіліктер де жіберілгенін мойындауы, өзінің партия төрағасы ретіндегі рөліне қайта оралатыны туралы мәлімдемесі, біріншіден, жаңа Қазақстан жағдайында Президент институтының қайта қаралу ықтималдығы мен жыл соңына дейін партиялық құрылыс пен саяси реформалардың жүйелі кешені жасалатынына сенім ұялатады.
Жалпы алғанда, ХХІ съезд тарихта қалатын маңызды саяси қадам болғаны жөнінде күмән жоқ.
Шыңғыс ЕРГӨБЕК,
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,
заң ғылымының кандидаты
ДЕПУТАТТАР АШЫҚ ПОПУЛИЗМНЕН АДА БОЛУ КЕРЕКТІГІ АЙТЫЛДЫ
Қазақстанның жаңаша тарихына естен кетпес қаралы күндер тізбегімен енген 2022 жылдың қаңтар айындағы халық үлкен үмітпен күткен саяси маңызды оқиғалардың қатарына «Nur Otan» партиясының кезектен тыс өткен XXI съезі кіретіні анық.
Мемлекеттің басына түскен қиын күндер, қоғамның тұтастығы мен қасиетті тәуелсіздігіне қатер төнген сын сағаттардан соң, қалың жұртшылықтың жоғары билік пен билеуші партияға сенімі азайғаны шындық.
Алайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі елімізде орын алып отырған терең әлеуметтік-экономикалық дағдарыстан прагматикалық саяси реформалар негізінде күшті мемлекет ретінде түлеп шығу мүмкіндігі бар екенін аңғартқан соңғы нық мәлімдемесі мен көп күттірмей бастап кеткен нақты іс-әрекеттері қалың жұртшылықтың көңілінен шыға бастады.
Кешегі онлайн форматта өтіп, еліміздің барлық аймақтарынан жалпы саны 389 депутат қатысқан «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде Қ.Тоқаев бірауыздан оның жаңа төрағасы ретінде сайланды. Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша өзінің негізгі міндеті – елдегі барлық билік тармақтарының келісілген әрекеттерін қамтамасыз ете отырып, халқына қалтқысыз қызмет ету екенін ойынан шығармаған Мемлекет басшысы осы бір жауапты қызметті дағдарыстан шыққанша уақытша ғана атқаратынын тұспалдап жеткізді.
Қ.Тоқаев съезде жасаған баяндамасында қасіретті қаңтар күндері «Nur Otan» партиясы өзін еліміздегі жетекші саяси күш ретінде көрсете алмағанын, қолда бар орасан адами және кәсіби мамандардың ресурсын дұрыс арнаға бағыттамай, сырттай бақылаушыға айналғанын қатаң сынға алды.
Ол бірінші кезектегі мәселе ретінде партияның құрылымына өзгерістер енгізіп, оны тұтастай оңтайландыру қажет екеніне тоқталды, атап айтқанда, төрағаның бірінші орынбасары қызметінің орнына атқарушы хатшы лауазымын енгізуді тапсырды. Партия аппаратының сервистік модель жағына қарай қайта құрылып, қарапайым халықтың өзекжарды мәселелерін нақты түрде шеше алатын тетіктерді қолданатын жаңарту процестерін бастауды талап етті.
«Nur Otan» партиясының жанынан құрылған қоғамдық кеңестер, бүгінде елімізде қордаланып тұрған өткір әлеуметтік-экономикалық мәселелерді еңсеруге тек үйреншікті жалаң ұран тастаумен емес, нақты шешімдер мен ұтымды ұсыныстар беру арқылы бел шеше кіріскенде ғана партияның халық қолдауына ие болу мүмкіндігі артатынын баса айтты.
Партия қатарындағылардың ынтымағын арттырып, қоғамдағы конструктивті күштерді біріктіріп, маңайына халықтың шынайы сеніміне ие болған азаматтар мен қоғамдық-саяси жұмыстағы көшбасшы тұлғаларды топтастыра алған жағдайда ғана партияның беделі өсетінін тілге тиек етті.
Сонымен қатар ел Президенті алдағы межеленіп отырған саяси реформаларды табысты жүзеге асыру үшін аталмыш партия қоғамдық бақылауды нығайтып, атқарушы билік өкілдерімен, азаматтық қоғамның белсенді мүшелерімен және басқа да қоғамдық қозғалыс, саяси партиялармен қоян-қолтық араласа отырып, өзінің былтырғы сайлауалды уәделерінің үдесінен шығуын қадағалайтынын қадап айтты.
Қазақстан Республикасы Парламенті және Сенатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттары мен фракция мүшелері жалғандықтан, ұраншылдық пен ашық популизмнен ада болып, алда жүргізілетін реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз етіп, өзінің сайлаушыларымен, қоғам белсенділерімен жиі кездесіп, шалғайдағы ауыл халқының ауыр тұрмысын жеңілдету үшін бар мүмкіндікті пайдалану қажеттігін естеріне салды.
Еліміздегі барлық басқару органдарын жүйелі түрде жайлаған сыбайлас жемқорлықты бүкіл азаматтық қоғамды, оның ішінде партияларды тұтастай жұмылдырмай жеңу мүмкін еместігін баса атап өткен Президент Қ.Тоқаев сонымен бірге «Nur Otan» партиясы халыққа пайдалы бастамалардың көш басында тұрып, мемлекетте ақсап тұрған идеологиялық жұмыстарды жандандыру ісіне де белсенді араласуы керектігін алға тартты.
Жоғары өкілдік органы – Саяси кеңесі 55 пайызға жаңартылған және біршама азаматтық сектор өкілдерімен толықтырылған «Nur Otan» партиясының жаңа Қазақстанды құрудағы сапалы қызметі мен үлес салмағының қандай болатыны алдағы уақыттың еншісінде.
«Nur Otan» партиясының жаңа көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталмыш саяси институттың қатарында жүргізген құрылымдық өзгертулері мен алдына қойған айқын тапсырмалары қоғамдағы үлкен сапалық жаңартулардың бастамасы, жүргізіліп жатқан саяси реформалардың заңды жалғасы, қазақстандықтардың лайықты өмірі үшін жасалған жаңа қадам болады деп үміттенеміз.
Есенай ІҢКӘРБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті,
саяси ғылымдар кандидаты
ПРЕЗИДЕНТ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ҮН ҚАТТЫ
«Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXI съезінде жаңа сайланған партия төрағасы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз баяндамасында бүгінгі күнгі өзекті мәселелерге үн қатты.
Президенттің конституциялық міндетіне жүгіне отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев қандай да бір партиялар мен қозғалыстардың қызметінен белгілі бір деңгейде алшақ болуын жөн деп санады.
Ең алдымен партия қатарындағы ынтымақты нығайтуды жүктеді. Депутаттардың халық алдындағы беделдерінің төмен екенін және оны қаңтар оқиғасы көрсеткені жайлы айтты. Сол себептен нақты орындай алатын уәде берген дұрыс. Халыққа жақын болу, оның мұң-мұқтажына құлақ асу және жол сілтеу аса маңызды.
Бүгінгі таңда жастардың әлеуметтік экономикадағы адаптациясына байланысты да күрделі ахуал бар. Сол себепті «Jas Otan» жастар арасындағы нағыз шынайы көшбасшыларды қабылдауы тиіс. Бұл жұмысқа белсенді, сауатты, білімге құштар студенттерді де тартқан дұрыс деп ойлаймын. Бұл мәселеде табысқа жетуге толық мүмкіндігіміз бар.
Баяндамада көтерілген сұрақтар өте орынды. Ел болашағы – әр адамның дұрыс іс-әрекеті мен халық бірлігінде.
Гүлмира ЕСЕНГЕЛДИЕВА,
Экономика кафедрасының аға оқытушысы
2022 жылдың 28 қаңтарында «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXI съезі өткен болатын. Осы жиында Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және әлеуметтік даму бағыттарына қатысты шешімдер қабылданды. Сонымен қатар күн тәртібіндегі партияның құрылымдық тиімділігіне байланысты өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістерге байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті, партияның экс-төрағасы Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлауды ұсынды. Осы ұсынысты «нұротандықтар» бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жаңа көшбасшысы ретінде сөйлеген сөзінде партияны басқаруға ұсыныс жасағаны және қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, «Nur Otan» партиясына төрағалық ету аса жауапты жұмыс екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент халқымызды дүрбелеңге салған қаңтардың басындағы қайғылы оқиғалар туралы айта келе, лаңкестер мен қылмыскерлерге тойтарыс беріп, мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалғанымызды мәлімдеді. Мемлекет басшысы партия ішіндегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіруді бірінші міндет ретінде атады. Оның айтуынша, жаңа Қазақстанды құру үшін ауызбіршіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Президент «Nur Otan» партиясы негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет жағдайда мемлекеттік аппараттың жұмысына жол сілтеп отыруы керек екеніне назар аударды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті география және табиғатты пайдалану факультетінің профессорлық-педагогикалық ұжымы партия съезі делегаттарының қабылдаған шешімін бірауыздан мақұлдаймыз. Осы аталған жұмыстарды бірлесе атқаруға әрқашан дайынбыз.
Амангелді ТЕМІРБЕКОВ,
география ғылымының кандидаты, профессор
ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА СЕНЕМІЗ
Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXI съезінде партияның жаңа көшбасшысы ретінде сөйлеген сөзінде алдағы жаңа міндеттерге тоқталды. «Ұйымға халық сеніміне ие көшбасшылар тартылады. Ал мұндай іскер адамдар «Нұр Отанда» аз. Бұл кешегі сын сағатта да аңғарылды», – деп атап өтті. Шынында, соңғы жылдары партия басшыларының халықтың мұң-мұқтажына мойын бұрмағаны, ұйымның мансап баспалдағына айналғаны жасырын емес.
Партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Партия мемлекеттік органдардың жұмысын көшіруді доғару керек. Мемлекеттік аппараттың қызметі бір бөлек, «Нұр Отанның» қызметі бір басқа. Саяси ұйым идеологиямен және кадрлық мәселемен айналысуы тиіс. Өткен сайлауда халықтың басым дауысына ие болған «Нұр Отан» бұл сенімді пайдалана алмады. Көзбояушылық жасады. Тапсырма, жоспар, міндеттер негізінде қағаз жүзіне ғана орындалады. Орындай алмайтын уәдені халыққа үйіп-төгудің қажеті жоқ. Арық сөйлеп, семіз шығу керек», – дегенді алға тартты. Президент сөзі рас. Бұдан кейін депутаттар іс жүзінде жұмыс істеуге көшеді, халық игілігі үшін қызмет етеді деген үміттеміз.
Партияның құрамы өзгереді. Осы ретте Президент партияға Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесіп, сайлауалды бағдарламада қамтылған міндеттердің орындалуын қайта қарап шығуды тапсырды. Партия құрылымын қайта қарап және оңтайландыру арқылы өзінің ұйымдастырушылық тиімділігін арттыруы керек. Партия аппаратын сервистік модельге қарай құруға басымдық беру қажет. Ұйымдастырушылық құрылымды да қайта қарайтын уақыт келді. Атап айтқанда, партия төрағасының бірінші орынбасарының орнына атқарушы хатшы, сонымен қатар тиісті бағыттар бойынша өзге де хатшылар позициясын қарастыру керек екенін айтты. Бұл ұсыныс та дұрыс деп ойлаймын. Партия құрылымының мобильді, оңтайлы болуы еліміздің дамуы үшін айтарлықтай маңызды.
Сондай-ақ Президент реформаларды сапалы заңмен қамтамасыз ету үшін Мәжілістегі партиялық фракцияға сілкіністің қажеттігін ерекше атап өтті. Фракция мүшелерінің формализм, популизмнен аулақ болуы, сайлаушылармен тікелей диалог құру, тұрақты түрде азаматтармен кездесу өткізудің маңыздылығын, шалғайдағы ауылдарға барып, байланыс орнату керектігін баса ескертті. Парламентте депутаттар жолдайтын сауалдардың мазмұны нақты мәселені қамтып, тұрғындардың мұқтажын шешетіндей болуы қажет. «Депутаттардың халық алдында тиісті дәрежеде абыройы жоқ. Қаңтардағы қасіретте біз бұған айқын көз жеткіздік», – деді Мемлекет басшысы. Депутаттарды өткір сынаған Президент мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясының депутаттарын ашық рейтингпен бағалау керектігін жасырмады.
«Партияның бүкіл ел бойынша 238 қоғамдық қабылдау бөлмесі бар. Бірақ олардың жұмысы көріне бермейді. Сонымен бірге азаматтардың барлық өтінішін бақылауға алып, қатаң қадағалап отыру маңызды. Лауазымды адамдар тарапынан әділетсіздік немесе жұмысына атүсті қарауы байқалса, оларды партиялық жауапкершілікке тарту керек. Болары болып, бояуы сіңгесін әрекет етпей, алдын ала жұмыс істеу қажет», – деген сөздері де халық көңілінен шықты деп ойлаймын. Себебі соңғы жылдары депутаттар арасында формализм мен популизм дендеп кетті.
Президент жастар мәселесін де қозғады. «Жас Отан» қатарына қоғамдық қызметке дайын көшбасшылар тартуды нұсқады. Жастардың басын біріктіріп, лайықты қолдау көрсету, игілікті іске жұмылдыру, жол көрсету – ел болашағының кепілі.
Съезде айтылған ұсыныстар мен жоспарлар табыспен жүзеге асарына және Қазақстан халқын жарқын болашаққа жетелеріне кәміл сенеміз.
Жазира ЖҮНІСБАЕВА,
Молекулалық биология және генетика кафедрасының меңгерушісі
ЕЛ МЕН ЖЕРДІҢ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ТЕР ТӨГЕЙІК
28 қаңтарда «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XXI съезі өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегаттың онлайн форматта қатысқан тарихи жиынына куә болдық. Мұны жаңа Қазақстанның жаңа қадамы деуге болады. Партияның Саяси кеңесінің қаулысымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес, жиынға қатысушылар үш мәселені қарады: алғашқысы – партия төрағасын сайлау; одан кейін жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу; соңғысы саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу еді.
ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірауыздан төраға ретінде сайлануы бұл Президенттің партиядағы беделі мен осы уақытқа дейін атқарған ерен еңбегінің жемісі екенін атап айтқан жөн. «Nur Otan» еліміздегі жетекші партия болғандықтан, Президенттің төраға болып сайлануы, меніңше, партияға тың күш, ерекше серпін береді.
Екінші мәселе бойынша жарғыға өзгеріс енгізілді. Яғни жарнаны айлық есептік көрсеткішке лайықты есептеу туралы шешім қабылданды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша кеңес құрамын өзгерту туралы шешім қолдау тапты. Оған партия мүшелерінің санына пропорционалды түрде барлық өңірдің өкілдері енді. Жалпы, партияның жоғары өкілді органы 55 пайызға жаңарды. Соның ішінде әйелдердің үлесі 33,7 пайызға дейін өскені қуантады. 35 жасқа дейінгі жастардың үлесі алты есеге, яғни 13 пайызға дейін артты. Орташа жас мөлшері төрт жылға төмендеп, 47 жасты құрады. Мемлекеттік қызметшілер саны үштен бірге қысқарды. Өз басым мұны маңызды көрсеткіш деп санаймын. Өйткені мемлекеттік қызметкерлердің онсыз да қызметі бар емес пе? Тағы бір қуантатыны, саяси кеңестің құрамында азаматтық сектордың өкілдері айтарлықтай артты. Қоғамдық ұйым өкілдері мен қоғам қайраткерлерінің партия қатарына тартылғаны бұл да маңызды қадамның бірі.
Өзім білім және ғылым саласында еңбек етіп жүргендіктен, кеңес құрамындағы білім беру саласы өкілдерінің екі есеге (10 пайыз) артқанына ерекше қуандым. Осының өзінен-ақ партия басшысының білім саласына тың өзгерістер алып келетінін аңғаруға болады. Бұдан өзге, партия құрамында ҮЕҰ мен БАҚ үлесі екі еседен аса, 15,2 пайызға ұлғайды.
Президентіміз атап өткендей, партия мүшелері асқан белсенділік танытып, кез келген жағдайда алдыңғы шепте жүруі керек. Бұрынғыдай селқостық таныту дегеніңіз құпталмайды. Қоғам сөзден арылып, нақты іске көшуі тиіс. Бұған бәріміздің атсалысқанымыз абзал. Өйткені ел мен жер біздікі. Еліміздің жарқын болашағы үшін бәріміз білек сыбана еңбек етуіміз керек. Бір-бірімізбен керісіп, бір-біріміздің жағамыздан алсақ біз ел болмаймыз, дамымаймыз. Сондықтан жастарымыз білімге құштар болғаны жөн. Білімді жастар ешқашан жамандыққа бармайды. Елдің дамуына, жетілуіне тер төгеді. Мен оған толық сенемін.
Ажар ЖҰБАНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Биотехнология кафедрасының профессоры, б.ғ.д.,
Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі
ЕҢ БАСТЫСЫ – ЕЛ ТЫНЫШТЫҒЫ
Қаңтар оқиғасынан кейін күнде жаңалық, күнде өзгеріс. Халықтың көңілі бірде асқақтап, бірде төмендеп, не ойларын да білмей қалды. Бірақ үміт үзілмейді.
28 қаңтар күні «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі өтіп, болашақ Қазақстанның жоспары айқындалды. Басқосуда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының төрағасы болып сайланды.
Мемлекет басшысы ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік берді. Президент партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев партия ішіндегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіру бірінші міндет екенін тілге тиек етті. Қазақстандықтардың қолайлы өмір сүруіне, әлеуметтік жағдайының жақсаруына «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезі негіз болады деген сенім бар. Барлығы уақыт еншісінде. Ең бастысы – ел тыныштығы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Көк туымыз желбірей берсін!
Гүлхан ТІЛЕУЖАНОВА,
ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің аға оқытушысы
«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЪЕЗІ ӨТТІ
Қазақстанның саяси өмірінде аса маңызды тарихи оқиғалар легі жалғасып жатыр. Соның бірі – «Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезі. Біздің ұжым да сол іс-шараның қорытындысынан туған ой-пікірлермен бөлісуді жөн көрді.
Біріншіден, тек партияның басшылығы ауысқан жоқ, елімізде саяси бағыт-бағдар өзгерді. Анығын айтқанда, отыз жыл мемлекетті басқарған саяси топ аренадан кетті. Бұл табиғи процесс. Партияны құрып, оны осы күнге дейін басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлін ешкім жоққа шығармайды. Саясаткердің Қазақстан мемлекетінің шекарасын бекіту, ел астанасын орталыққа көшіруі, түрлі экономикалық реформаларды жасау жөніндегі еңбектерін ешкім сызып тастамасы анық. Қайтсе де елдіктің бұғанасы бекіп, шаңырағы биіктей түсуіне айтарлықтай үлес қосты.
«Nur Otan» партиясының кезектен тыс съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси кеңестің қаулысымен бекітілген күн тәртібіне сәйкес біршама өзгерістер жасады. Жалпы, партияның жоғары өкілді органы 55 пайызға жаңарды. Біз де бұл саяси ұйымнан жаңашылдық пен өзгерістер күткен болатынбыз. Енді мемлекетімізде әлеуметтік әділеттілік принциптері орнығуы тиіс деп ойлаймыз. Әсіресе оқу-ағартушылық саласында жаңа реформаларды, студенттердің білімге ден қоюына қатысты жаңа бастамаларды, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу жүйесіне енгізілген өзгерістерді қолдаймыз. Соңғы жылдары оқытушылар мен мұғалімдердің мәртебесін көтеруге қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Оның көрінісі – жалақыны көтеру. Бұл көптеген жастардың ұстаздық етуге деген құлшынысын арттырды.
Әсіресе ауыл жастарының білімін арттырып, оларға «әлеуметтік лифт» қалыптастыру өте маңызды. Ауыл – біздің асыл қазынамыз, ендеше ірі қалалардағы жоғары оқу орындарына олардың келіп, еркін білім алуына жол ашыла түседі деген үмітіміз басым. Біз кешегі съездегі Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ашық есік» саясаты партияның ең басты құндылығы болуы керек» деген ұстанымын қолдаймыз. Иә, саяси ұйымның алдында күрделі, қым-қиғаш сапар тұр. Партияның интеллектуалдық потенциалы, адами капиталы, ұжымдық санасы осы мақсатқа жетуге қабілетті деп ойлаймыз. Халық болып бұл жолды да еңсеруге сенімдіміз. Біз Қасым-Жомарт Тоқаевтың партия төрағасы лауазымына келуін қолдаймыз және бұл барлық логикаға сай шешім.
Біздің ең асыл құндылығымыз – тәуелсіздік. Мемлекетімізді сақтап, оның бұғанасын нығайту – әр оқытушының және одан білім алып жатқан шәкірттің азаматтық міндеті. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мұны үлкен жауапкершілікпен түйсінеді. Дәл қазір ынтымақ пен бірлік, елге деген жанашырлық басты игіліктеріміз болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!
Құралай ӘДІЛЖАНҚЫЗЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы,
әлеуметтану ғылымының кандидаты
ТҮБЕГЕЙЛІ ӨЗГЕРІС ЕНГІЗІЛЕДІ
Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XXI съезіне қатысып, Елбасы партия қатарындағы ынтымақты нығайтуды, қоғамның барлық сындарлы күштерін топтастыруды бірінші міндет деп атады. Оның айтуынша, жаңа Қазақстанды құру үшін ынтымақтың, жолдастықтың, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор. Съезде «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің жаңа құрамы жарияланды, оның құрамына білім беру ұйымдарының өкілдері: ғалымдар, жоғары оқу орындарының, колледждердің, мектептердің басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің өкілдері кірді. Әділетті, жасампаз қоғамды қалыптастыруда, партия бастамаларын қолдауға, тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамытуға дайын азаматтардың ұрпағын қалыптастыруда білім беру ұйымдарына ерекше рөл берілген.
Президент елімізді жан-жақты жаңғырту үшін алға қойған ауқымды күн тәртібін еске салды. Оның пікірінше, «Нұр Отан» партиясы оны жүзеге асыруға белсене араласып, Қазақстанның прогрессивті қайта құрулары мен жаңаруының нағыз қозғалтқышы болуы керек. Елді жаңғыртуда, экономиканың барлық салаларын цифрландыруды одан әрі дамытуда IT және инженерлік мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарына үлкен рөл жүктеліп отыр. Біз білетіндей, бұған дейін Artificial Intelligence Journey онлайн-конференциясында Қазақстан Президенті өз сөзінде әлем қазірдің өзінде экономика, қауіпсіздік, медицина сияқты адам қызметінің салаларын қамтитын жасанды интеллект, машиналық оқыту және нейрондық желілер дәуірінде өмір сүріп жатқанын атап өтті. Университет алдында компаниялармен өзара әрекеттесуді кеңейту, оқу процесінің тәжірибеге бағытталған құрамдас бөлігін күшейту, студенттерді белсенді ғылыми-зерттеу және жобалық қызметке тарту міндеті тұр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Oтан» партиясының кезектен тыс ХХІ съезінде: «Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, «Нұр Oтан» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды ұйыстыру жұмыстарына кірісуге дайындықты білдіреді. Осы ретте, мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беремін. Менің конституциялық міндетім – барлық билік тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету. Әрине, бұл жағдайлар Президенттің кез келген партия мен қозғалыстардың қызметінен белгілі бір дәрежеде алшақтауын талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім, осы жылдың ішінде, «Нұр Oтан» партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшысының тең қашықтықтағы мәртебесі саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржолата бекітілуі керек», – деп, түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне назар аударды.
Президенттің осы сөйлеген сөзінен әр салаға жаңашылдық пен әділ бәсекелестік енгізілетіні айқын. Бұл бірден-бір жақсы өзгеріс. Қаңтар оқиғасынан кейін қайта қалпына келтіру жұмыстарында заманауи технологиялардың алған орны ерекше екенін атап өту керек. Қазіргі таңда еліміздің білім жүйесінде жаңашылдық қатарына ақпараттық кеңістікті құру енгізілді.
Ақпараттандыру жағдайында студенттер меңгеруге қажет білім, білік, дағдының көлемі күннен-күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Білім беру жүйесінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы білім сапасын арттыру, білім беру үрдісін модернизациялаудың тиімді тәсілдері пайдаланылуда және одан әрі жетілдірілуде. Қазіргі заман талабына сай, азаматтардың мәлімет алмасуына, қарым-қатынасына ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа түсіп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру басты мақсатқа айналып отыр.
Мәдина МАНСҰРОВА,
Жасанды интеллект және
Big Data кафедрасының меңгерушісі
ТЫҢ ӨЗГЕРІСТЕР БАСТАУЫ
28 қаңтарда онлайн форматта өткен «Нұр Oтaн» партиясының кезектен тыс XXІ съезі тарихқа «қасіретті қаңтар» атауымен енген дүрбелеңнен кейінгі нақты қадамдарға бастайтын басқосу болды.
Осы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірауыздан партия төрағасы болып сайланды. Партияның саяси кеңесінің құрамына сандық емес, сапалы өзгерістер енгізілді. Партияның жоғары өкілді органы 55 пайызға жаңарып, жастардың үлесі алты есеге артты. Мемлекеттік қызметкерлер құрамы үштен бірге қысқарып, азаматтық бөліктің өкілдері біршама артты. Яғни партиялық жиын «Нұр Отан» партиясының жаңа Қазақстан құруға бет алған елдің басты бағытын айқындауға тиіс партия ретінде қайта қалыптасуына негіз қалады.
Съезде Мемлекет басшысы – партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Отан» ел дамуында негізгі саяси күшке ие екенін, Қазақстанның болашағы үшін ең әуелі осы партия жауапты саналатынын атап өтті. Әрбір партия мүшесі осы жауапкершілікті терең сезініп жұмыс істеуі керектігін қадап айтты. «Саясатта ел мүддесіне берік болу айрықша маңызды. Мен Президент қызметінде және партия жұмысында дәл осы қағиданы ұстанамын. Алдымызда жаңа міндеттер тұр. Бірлігіміз бекем болса, оның бәрін орындаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Партия төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елді жан-жақты жаңғырту аса қажеттігін, осыған орай, «Нұр Отан» Қазақстанның өркениеттік өзгерістері мен жаңаруының нағыз қозғаушы күші болуға тиіс екенін де атап өтті.
Мемлекет басшысының саяси реформаларды жүзеге асырудағы партияның атқарар міндеті туралы мәлімдемелері шынайы партиялық құрылыс пен демократиялық өзгерістердің жүйелі түрде жүзеге асырылатынына сенеміз.
Меніңше, партияның шешімдері мен Қазақстан Республикасы Президенті – «Нұр Отан» партиясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға партия мүшелері белсенді түрде атсалысуымыз керек. Қазіргідей ел бірлігі аса қажет кезде Президентке жан-жақты қолдау көрсету партия мүшесі ретіндегі басты парызымыз екенін естен шығармайық.
Жұлдыз ЕСІМОВА,
ҚазҰУ-дың Жастармен жұмыс жөніндегі департамент директоры
ПАРТИЯНЫҢ НЕГІЗГІ МІНДЕТТЕРІ АЙҚЫНДАЛДЫ
28 қаңтар күні «Нұр Oтанның» ХХІ съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен онлайн қатысқан басқосуда Қасым-Жомарт Тоқаев партияның негізгі міндеттерін айқындап берді. Өз сөзінде Президент «Нұр Oтан» партиясына төрағалық ету аса жауапты қызмет екенін атап өтті. Еліміз даму жолында өте күрделі кезеңге аяқ басқанын түсіне отырып, «Нұр Oтан» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдайтынын жеткізді. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды ұйыстыру жұмыстарына кірісуге дайындықты білдіреді. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беретінін айтты.
Кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы халқымызды дүрбелеңге салған қаңтардың басындағы қайғылы оқиғалар туралы айта келе, лаңкестер мен қылмыскерлерге тойтарыс беріп, мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалғанымызды мәлімдеді. Сонымен қатар ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің іргетасын берік қалап, зор еңбек сіңіргенін тілге тиек етті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек екенін жеткізіп, «Нұр Oтан» негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет жағдайда мемлекеттік аппараттың жұмысына жол сілтеп отыруын тапсырды.
Шакизат ДҮЙСЕНБАЕВА,
ҚазҰУ филология факультеті Шет тілдер кафедрасының аға оқытушысы
«НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ КЕЗЕКТЕН ТЫС СЪЕЗІ ӨТТІ
2022 жылғы 28 қаңтарда Қазақстанда «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезі өтіп, оған еліміздің барлық өңірінен 389 делегат онлайн-форматта қатысты. Съезд барысында қатысушылар партияның Төрағасын сайлау туралы, Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы, саяси кеңес құрамына өзгерістер енгізу туралы үш мәселені қарады.
Партияның кезектен тыс XXI съезінің шешімімен қатысушылар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты «Нұр Отан» партиясының төрағасы етіп сайлады. Осы съезде делегаттар партиялық жарнаның мөлшерін бекіту бойынша жарнаны айлық есептік көрсеткішке байланыстыра отырып есептеу туралы шешім қабылдады.
Партияның Саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді. 389 делегат Саяси кеңес құрамының өзгерістеріне дауыс берді. Жалпы, Саяси партияның құрамы 55 пайызға жаңарды.
Елдің саяси және экономикалық өмірінде билеуші партия үлкен рөл атқарады. Партияның алдына Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту, адамдардың өмірін жақсарту, экономиканың барлық салаларын жақсарту міндеттері қойылған.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Қазақстан үлкен жетістіктерге жетті. «Нұр Отан» партиясының съезіне қатысушылардың барлығы қазіргі Президент Қ. Тоқаевтың партия төрағасы қызметіне кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Сапалы білім қазіргі өмірдегі басымдық болып табылады. Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұжымы Президент Қ.Тоқаевтың Қазақстандағы өмірдің барлық салаларын түбегейлі өзгертуге бағытталған үндеуін қолдайды. Кафедра оқытушылары шетелдік студенттерге қазақ және орыс тілдерін оқытуда үлкен жұмыс атқарады. Сондай-ақ шетелдік студенттерге тек білім беріп қана қоймай, ынтымақтастықты дамыту, ғылыммен, біліммен айналысу, прогреске, бейбітшілік пен келісімге ықпал ету үшін әртүрлі елдердегі адамдар арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыруға тырысады. Шетелдік студенттер Қазақстан тарихын оқып, оның рухани және мәдени құндылықтарымен танысады.
Елімізді қуатты ету – барлығымыздың ортақ парызымыз. Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры биік, мәртебесі жоғары, болашағы жарқын болуы жолында еңбек ету – басты міндетіміз.
А.САДЕНОВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
ЖОО дейінгі білім беру факультеті
Шетелдіктердің тілдік
және жалпы білім беру
дайындығы кафедрасы