Жаңалықтар

ҚазҰУ «Ғылым ордасы» және 19 ҒЗИ-мен меморандумға қол қойды

02.02.2022

Бүгін «Ғылым ордасы» ғимаратында өткен жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары форумында білім мен ғылым интеграциясы мәселелері талқыланып, ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.

Ауқымды шараға ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Серік Сейдуманов және өзге де жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары мен ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысты. 


Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов форум қатысушыларына арналған сөзінде: «Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, көшбасшы елдер білім мен ғылымды тиімді біріктіре алды. Қазақстанда да мұндай тәжірибе бар, біздің бірқатар ғылыми ұйымдар жоғары оқу орындарымен өзара табысты жұмыс істеуде. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты вирусология бойынша жаңа білім беру бағдарламасын әзірледі, бірлескен Диссертациялық кеңес ашып, кадр даярлауды бастап кетті. Біздің алдымызда еліміздегі барлық ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарының бірлескен жұмысын жүргізу міндеті тұр, осы мақсатта бүгін ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылады», – дей келе, білім және ғылым саласын жаңарту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Ағымдағы жылы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары маман даярлауға қажетті 500-ден астам білім беру бағдарламасын жасайды. Бұл ғылыми зерттеу нәтижелерін білім беру бағдарламаларында пайдалануға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ студенттермен соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы жоғары оқу орындарында дәріс оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етіп, рецензия жазу жұмыстарына тартылады.

Бұдан бөлек, бірлесе маман даярлау үшін ғылыми-зерттеу институттарының зертханалары магистранттар мен докторанттарға, ал оқу орындарының зертханалары институт қызметкерлеріне қолжетімді болады.

Олар Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты, Ұлттық биотехнология орталығы, Биологиялық қауіпсіздік институты және тағы да басқа бірегей ғылыми зертханаларда жұмыс істеп, тағылымдамадан өте алады.

Сонымен қатар 100-ден астам Диссертациялық кеңес құру жоспарлануда. Жалпы, білім мен ғылым интеграциясы күшейтіліп, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелерін коммерцияландыру тетігі жандандырылатын болады.

Сонымен қатар жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев сөз алды. Ректор еліміздің жетекші университетінің ғылыми-білім беру қызметін қысқаша сипаттап, қазіргі уақытта ол Мемлекет басшысы мен ҚР Білім және ғылым министрлігі қойған стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталғанын атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім, ғылым және инновацияны үйлестіретін классикалық көпсалалы университет. Бүгінде оқу ордасы еліміздегі ғылыми жобалар мен жарияланымдар саны бойынша көшбасшы», – деді ЖОО басшысы. Білім ордасы әлемнің 200 үздік университеті қатарына кіреді және дайындықтың 17 бағыты бойынша үздік ЖОО-лар сапында. 2021 жылы ҚазҰУ QS рейтингінде түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша топ 250-ге кірді. Биыл оқу орнының 41 оқытушысы мен қызметкері Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық білім беру стипендиясының иегері атанды. Бұл ел бойынша жалпы стипендиаттардың 7,2 пайызын құрайды. Бүгінде ҚазҰУ ғылымның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосар үлесін арттыру, жоғары инвестициялық тартымдылығы бар және коммерцияландыруға дайын ғылыми жобалар мен бағдарламалар нәтижесін жақсарту міндеттерін шешу бағытында қарқынды жұмыс істеуде.

2014 жылдан бастап университет ҚР БҒМ-нің 10 ғылыми-зерттеу институтымен «Білім мен ғылымды интеграциялау» жобасын жүзеге асыруда. ҚазҰУ көптеген ғылыми бағыттар бойынша ҒЗИ ғалымдарымен бірге магистранттар мен докторанттарды даярлайды. Осы жылдар ішінде бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша 550-ден астам адам оқуын тәмамдады.

«Заманауи міндеттерді ескере отырып, одан әрі дамуға бағытталған интеграция қарым-қатынас аясын кеңейтіп, ықпалдастық мәселелері шеңберін айтарлықтай ұлғайтуы тиіс», – дей келе, университет басшысы ҚазҰУ-дың мемлекет дамуының негізгі міндеттерін ғылыми жағынан қолдау үшін жаңа зерттеу топтарын құруды көздеп отырғанын жеткізді.

«Университетте ғылыми жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін нақты сектордың технологиялық тапсырмаларын жинау механизмі әзірленді. Бүгінде біз ұжымдық пайдалануға арналған ғылыми зертханалар мен орталықтардың базасын кеңейтіп жатырмыз. Білім мен ғылымның интеграциясы қазақстандық ғылымның еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына қосатын үлесін арттыруға әкеледі», – деп түйіндеді ректор.

Сондай-ақ форум аясында университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасында білім және ғылым ықпалдастығын нығайту туралы келісімдерге салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Ғылым ордасы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны мен 19 ғылыми-зерттеу институты ынтымақтастық туралы келісімшарт жасасты. Олардың қатарында Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Математика және математикалық модельдеу институты, Философия, саясаттану және дінтану институты, Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және өзге де ғылыми институттар бар.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі