- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІС ОҚЫДЫ
04.02.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «TAV Airports Holding» президенті әрі бас директоры Мұстафа Сани Шенер ғылым, техника және бизнес тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды. Оған оқу орнының жас ғалымдары мен оқытушылары, студенттер қатысты.
Жиынды ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, көшбасшы тұлға дәрісінің мәні мен маңызын атап өтті.
«Өз саласында жетістіктерге жеткен қайраткерлер мен сарапшылардың тәжірибесі білім алушы жастар үшін тамаша үлгі-өнеге. Сондықтан мұндай кездесулерді жиі өткізіп келеміз. Біздің мақсатымыз – білім, ғылым мен өндірісті ұштастыру», – дей келе, университет басшысы ғылым, жоғары технология мен бизнесте ұшпаққа шыққан спикердің жетістік жолымен таныстырды.
Мұстафа Шенер «Машина жасау» мамандығы бойынша Карадениз техникалық университетінің бакалавр дәрежесін, «Сұйықтық механикасы» мамандығы бойынша Сассекс университетінің (Ұлыбритания) магистр дәрежесін алған. 1997 жылдан бастап «TAV Airports Holding» Директорлар кеңесінің мүшесі, президенті және бас директоры. Оған дейін 1979-1997 жылдар аралығында Түркия мен Еуропада инфрақұрылымдық сипаттағы түрлі индустриялық жобалармен айналысқан.
Мұстафа Шенердің басшылығымен компания қаржылық және операциялық жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазіргі уақытта компания әлемнің жеті елінде жұмыс істейді және 14 әуежайды басқарады. «TAV Airports Holding» сервистік компаниялары әлемнің 28 елінде күн сайын 100 әуежай мен әуе айлақтарында қызмет көрсетеді.
Халықаралық маман өз кезегінде, ең алдымен, ұлы тұлғалардың ғылым жолындағы табандылығы мен ізденісіне мән беріп, ілімінен мысалдар келтірді. «Ұлы ойшылдар Аристотель, әл-Фараби, Сократ, Платон және Эйнштейн мұраларының арқасында ғылым бүгінде биіктерге жетіп, қарқынды дамуын жалғастыруда», – деп атап өтті ол. Біз сол ғылымның жемісін жеп, болашақ ұрпаққа жер байлығын қалдыру үшін саналы әрі мәнді өмір сүруді үйренуіміз шарт екенін баса айтты. Қазіргі уақытта жетістікке жету үшін заман ағымымен бірге дамып, талмай еңбек етудің, көшбасшылық қасиеттер мен қабілеттерді тоқтаусыз дамытудың шешуші рөлін нұсқады. Нейроғылымның бүгінгі мүмкіндіктері, миды зерттеу нәтижелерін тиімді қолдануға кеңес берді.
Сонымен қатар дәріскер әуежай бизнесіндегі өз қызметінен де мол мағлұмат берді. Әлемдік деңгейдегі Алматы әуежайын салу жоспарымен бөлісіп, 66 жыл ішінде авиациялық технологиялар арқасында адамзат 50 миллион жолаушы тасымалдауға қол жеткізгенін алға тартты. Қазіргі уақытта ғылымның өте жылдам қарқынмен дамып келе жатқанын ерекше атап, жастарды оны меңгеруге және қиындыққа қарамастан, өз ісінің нағыз маманы болуға шақырды.
Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетсек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында бұған дейін Түркияның экс-президенті Абдулла Гүл, мемлекет қайраткерлері – Қанат Саудабаев, Қанат Әбусейітов, Дулат Қуанышев, Гүлжан Қарағұсова және өзге де белгілі тұлғалар көшбасшылық дәріс оқыған болатын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі