- Негізгі бет
- Жаңалықтар
ҚазҰУ UNAI хабын басқаруды жалғастырады
04.03.2022Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарламасының жаһандық хабын басқаруды одан әрі жалғастырады.
Бұл туралы БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Серіктестік және жаһандық іс-әрекет департаментінің басшысы Роберт Скиннер мәлімдеді. Бұл Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып кіргеніне биыл 30 жыл толып отырған кезеңінде ерекше маңызға ие.
Р.Скиннер өзінің ресми хабарламасында: «ҚазҰУ UNAI хабы ретінде өзін жоғары деңгейде көрсетті, алдағы уақытта қарым-қатынасымызды одан әрі жалғастыруға үміттіміз. Біз ҚазҰУ-ға БҰҰ-ның «Тұрақты даму – 2030 бойынша күн тәртібі» бастамасын дамытуға қосқан үлесі үшін, сондай-ақ тұрақтылықты жоғары білім арқылы жетілдірудің негізгі және жалпы принциптеріне сіңірген еңбегі үшін алғысымызды білдіреміз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жаһандық хабты 2014 жылдан бері басқарып келеді. Бұл ғаламдық мәселелерді шешу барысында Қазақстанның рөлін нығайтуға және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Алматы қаласын көпқырлы дипломатияның өңірлік хабына айналдыру және тұрақты даму идеясын дамытуға ықпал ететіні сөзсіз.
Университеттің осы бағыттағы ұзақ мерзімді жүйелі жұмысы, сондай-ақ оқу орнының жетістіктері мен ғылыми-білім беру әлеуеті БҰҰ таңдауын анықтады.
Бұл – беделді халықаралық ұйымның университеттің тұрақты даму саласындағы жүргізіп отырған жұмысына жоғары сенімнің дәлелі.
Айта кету керек, 2011 жылы ҚазҰУ Орталық Азия университеттері арасында бірінші болып БҰҰ-ның адам құқығы, сауаттылық, тұрақты даму және конфликтіні шешуге қатысты халықаралық деңгейде мойындалған 10 принципін қолдауға бағытталған «Академиялық ықпал» бағдарламасына қосылды.
БҰҰ-ның қолдауымен «ХXI ғасырдағы қақтығыстардың өзгеру сипаты» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылды.
2012 жылы ҚазҰУ Бразилияда өткен RIO+20 жаһандық мыңжылдық саммитіне «Ұрпақтар арқылы жасыл көпір» жобасымен қатысқан ТМД елдері арасындағы жалғыз университет болды. Сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігінің қолдауымен ҚазҰУ «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» жаһандық студенттік ойын бағдарламасына қатысты.
ҚазҰУ 2018 жылы БҰҰ Өркениеттер альянсы және Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы өкілдігімен бірлесіп БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде жаһандық азаматтық мәселелерге арналған халықаралық конференция ұйымдастырып, әлем жұртшылығына ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің мұрасын таныстырды. Сондай-ақ БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунның жеке қатысуымен университет жанынан Тұрақты даму институты ашылып, жаһандық хабты дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
2020 жылы БҰҰ Өркениеттер альянсымен бірлесіп ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығына және БҰҰ-ның құрылғанына 75 жыл толуына арналған «Бейбітшілікке бастайтын парасат» атты конференцияны өткізу аса маңызды халықаралық оқиға болды. Оның жұмысына БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хокшильд пен БҰҰ Өркениеттер альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос қатысты.
БҰҰ-ның Тұрақты даму бойынша «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы аясындағы ҚазҰУ қызметі еліміздің имиджін жоғары халықаралық деңгейде жетілдіруге үлкен үлес қосуда.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Пан Ги Мун атындағы Тұрақты даму институты