Жаңалықтар

ҚазҰУ магистранттары Түркия ЖОО-ларында тәжірибе жинақтауда

10.03.2022

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 247 магистранты ынтымақтастық және бірлескен білім беру жобаларын жүзеге асыру аясында Түркияның ең ірі білім ошақтарында ғылыми-зерттеу тәжірибесінен өтуде.


Әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне интеграциялану – ҚазҰУ-ды интернационалдандырудың стратегиялық бағыттарының бірі. Оқу ордасының мәртебесі мен танымалдығын арттырып, білім беру қызметтерін жүзеге асырушы ретінде университет желісін кеңейту мақсатында қара шаңырақта халықаралық білім беру жобалары қарқынды қолға алынып отыр.

Бүгінде ҚазҰУ Түркияның 20-дан астам университетімен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Бұл – академиялық ұтқырлық аясында жобаларды жүзеге асыру, оқытушылар мен студенттер алмасу, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуді көздейтін екіжақты қарым-қатынастарды дамытудағы үлкен қадам.

Осылайша биылғы көктемде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың сегіз факультеті, атап айтқанда: география және табиғатты пайдалану, ақпараттық технологиялар, медицина және денсаулық сақтау, филология, тарих, журналистика, халықаралық қатынастар, философия және саясаттану факультеттерінің білім алушылары халықаралық деңгейде тәжірибе шыңдауға мүмкіндік алды. Олар Йылдыз техникалық, Ыстамбұл техникалық, Ыстамбұл Черрахпаша, Ыстамбұл, Анталия Білім, Мармара, Анкара сынды танымал түрік жоғары оқу орындарында кәсіби ой-өрісін кеңейтіп, біліктілік арттыруда.

Бұған дейін докторанттар мен оқытушылар құрамының өкілдері де Түркияның жетекші университеттерінде тағылымдамадан өткен болатын.

Түркия жоғары оқу орындарымен қосдипломдық бағдарламалар –робототехника, журналистика, тарих және құқық, медицина салалары бойынша бірлесіп іске асырылуда. Сондай-ақ алдағы уақытта халықаралық Эразмус жобаларын жүзеге асыру жоспарланған.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі