- Негізгі бет
- Жаңалықтар
Ғылыми ұйымдармен байланыс артады
14.03.2022Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаев білім және ғылым интеграциясы жобасы аясында ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесті.
Жүздесуге ҚазҰУ-мен келісімшартқа қол қойған 19 ҒЗИ директорлары қатысты. Негізгі мақсат – білім беру мен ғылыми әлеуетті нығайту.
Өз кезегінде Жансейіт Қансейітұлы ҚазҰУ-дың ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп атқаратын негізгі бағыттарына тоқталды.
«Біз сіздермен бір ай бұрын білім мен ғылымды интеграциялау мәселелері бойынша келісімге қол қойған болатынбыз. Алдағы уақытта университет пен ғылыми институттардың бірлесіп атқаратын жұмысы жетерлік. Біздің ынтымақтастығымыз келесі бағыттарда жүзеге асырылатын болады:
· бакалавриат, магистратура және докторантурада мультидисциплинарлық білім беру бағдарламаларын іске асыру;
· ғылыми мектептерді дамыту және интеграциялық ғылыми жобаларды іске асыру;
· мемлекеттік дамудың басым міндеттерін ғылыми сүйемелдеу мақсатында жаңа зерттеу топтарын құру;
· әлемдік жетекші ғылыми-зертханалық кешендер базасында халықаралық ұйымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысу аясын кеңейту», - деді оқу ордасының басшысы.
Кездесуде онлайн форматта Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Ержан Әмірбекұлы сөз сөйледі.
«Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының ынтымақтастығы нәтижесінде Білім және ғылым министрлігі 500-ден астам білім беру бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Бұл ғылыми-зерттеу нәтижелерін білім беру бағдарламаларында пайдалануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ студенттермен соңғы ғылыми жетістіктермен бөлісу мақсатында ғылыми-зерттеу институттарының 300-ден астам ғалымы жоғары оқу орындарында дәріс оқу, сабақ беру, ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға жетекшілік етіп, рецензия жазу жұмыстарына тартылады. Сонымен қатар 100-ден астам Диссертациялық кеңес құру жоспарлануда. Мәселен, бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да осындай 15-тен астам кеңес бар. Осы шаралар сапалы маман даярлауға мүмкіндік береді», - деді Ержан Әмірбекұлы.
Сондай-ақ кездесуде ғылыми-зерттеу институттарының басшылары сөз сөйлеп, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Өз кезегінде Зоология институтының директоры Роман Ященко ҚазҰУ-да Зоология кафедрасын қайта ашу қажет екенін жеткізді.
«Бізде маман жетіспеушілігі байқалады. ҚазҰУ-да Зоология кафедрасы 10 жылдан бері жоқ. Сол себептен оқу ордасында Зоология кафедрасын қайта ашуды ұсынамыз. Бұл бастама біздің бірлесіп жұмыс істеуімізге негіз болады», - деді Роман Ященко.
Кездесу соңында Жансейіт Түймебаев факультет декандарына білім және ғылым интеграциясы жобасын жандандыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
«Ғылыми-зерттеу институттарына арнайы барып, директорлармен өзекті мәселелерді талқылау қажет. Сондай-ақ студенттерді ғылыми ұйымдарға тәжірибе алмасу мақсатында жиі жіберіп отыру керек. Кейін олар өз білімдерін іс жүзінде қолдана алатын болады», – деді ректор.
Кездесуден соң ғылыми-зерттеу институттарының директорлары жаңарған аудиторияларды аралап, ҚазҰУ-дың ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі