Жаңалықтар

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз

16.03.2022

 

ЖАҢА ДӘУІРДІҢ БЕТБҰРЫСТЫ КЕЗЕҢІНЕ ҚАДАМ БАСТЫҚ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауы бүкіл әлемді алаңдатып отырған геосаяси жағдайдың күрт шиеленісуімен байланысты қазіргі заманғы тарихта бұрын-соңды болмаған қаржылық-экономикалық қиындықтармен байланысты жағдаймен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, Президенттің Қазақстан халқына жолдауы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Экономика және бизнес жоғары мектебі Қаржы және есеп кафедрасының профессор-оқытушылар құрамымен қызу талқыланып жатыр. Еліміздің білікті профессорлары мен ғалымдары Мемлекет басшысының пайымын жоғары бағалауда. Еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасы ұсынылды және бұл құжат ең алдымен қоғамның қажеттілігіне, сұранысына негізделгені айтылды. Президент Қазақстан азаматтық қоғамы қалыптасқан мемлекетке айналатынын алға тартты. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», –  деп атап өтті. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей. Жаңа Қазақстанның негізі саяси және экономикалық реформалардың үйлесіміне негізделуі керек екені баса айтылды. Ел Президенті «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» жолдауында тәуелсіздікті сақтау керек екенін атап өтті. Мемлекет басшысы: «Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық», – деді. Президент өз жолдауында  халқына салмақты  ой тастап, дәлелді тұжырым жасай отырып, нақты бағыт ұсынды. Сондай-ақ «Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу қажет», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бұл аса күрделі өзгеріс. Мемлекеттік аппарат цифрлық құралдарды жаппай енгізу кезінде ғана іске асырылады. Осыдан кейін шенеуніктер бюрократиялық өкілеттіктерді қалпына келтіруге тырысып, жаппай реакция жасай бастайды. Осыған жол берілмей, Қ.Тоқаевтың тапсырмалары діттеген жеріне жетсе, алдағы уақытта қағазбастылықтан құтыламыз деп сенемін. Жолдау соңында Президент: «Еліміздің азаматтары ертең емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан артық ештеңе жоқ», – деді. Мемлекет басшысы айтқандай, ел-жұрт болып жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етейік. Сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін оқытушылар қауымына зор жауапкершілік жүктеледі. Біздің бүгінгі студенттеріміз – Қазақстанның жарқын болашағы.

Гүлназым СОПЫҒАЛИЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Экономика және бизнес жоғары мектебі,

Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы

 


 


БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МАМАН КАДРЛАРДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Президент Қ.Тоқаевтың бүгінгі жолдауы саяси жаңғырған жаңа Қазақстанды дамытуда өте үлкен мәселелерді шешуді міндет етіп қойды. Әсіресе әкімшілік-аумақтық мәселелерді қайта қарап, ондағы қордаланған экономикалық, әлеуметтік және саяси шешімін күткен мәселелер бүгінгі күнде елімізде қалыптаса бастаған ахуалға негізделіп айтылғаны белгілі. Әсіресе экономикалық, әлеуметтік және саяси деңгейдегі мәселелердің жылдам шешілмеуі нәтижесінде жыл басындағы «қаңтар қасіреті» еліміздегі көптеген мәселелердің басын ашып көрсетті. Осы мақсатта енді ары қарай еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақтылық пен келісімді сақтап және ортақ диалог құра отырып, экономика мен әлеуметтік жағдайды көтеру үшін әкімшілік-аумақтық бөліністі қайта қарау өзектілігін көрсетіп отыр. Соның нәтижесінде Абай, Ұлытау және Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу облыстары құрылатын болды. Ендігі кезекте осы аймақтарды маман кадрлармен қамтамасыз ету жоғары оқу орнына талап пен сапаны күшейте отырып, жас мамандарды нарықта жұмыспен қамтуды және сапасын жақсартуды басымдықта жүргізу керек, сол арқылы жастардың ел экономикасына қосатын үлесіне кеңінен тоқталғаны орынды мәселе екені бүгінгі күннің еншісінде. Бұл еліміздегі білім мен ғылымның көшбасшы жоғары оқу орны – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алдына үлкен міндеттер жүктейтіні белгілі. Осы мақсатта География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасы білім сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті маман даярлап, әрі «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын жалғастыра отырып, төмендегі жұмыстарға басымдық береді: «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жаңа облыстарға сапалы маман кадрларды даярлап шығару. Білім сапасын арттыру мақсатында дайындалған жаңа бағдарламалар негізінде әлемдік стандартқа сай мамандар даярлау.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында «Өз жеріңді танып біл», «Ауыл – ел бесігі» бойынша дипломдық жұмыстар жасатып, жастарды ғылымға баулу және кафедрадағы үйірмелерде баяндамалар жасату.
Кәсіптік бағдар беру бойынша аймақ мектептерімен байланыстар орнатып, мамандықтар туралы және ғылым жайында түсініктер беріп, көмек көрсету. Бүгінгі жолдау қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты екені белгілі. Осы орайда, сындарлы саясат жүргізе алатын, елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне үлес қосатын бәсекеге қабілетті маман кадрларды тәрбиелей отырып, елдің экономикасы мен әлеуметтік мәселелерін шешуге күш салу – кафедра профессор-оқытушыларының басты міндеті.

Ә. МЫЛҚАЙДАРОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

аға оқытушы, г.ғ.к.

 

 

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ҚҰРУ БАСТАМАСЫ ҚҰПТАРЛЫҚ

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі жолдауы ерекше жолдау деп айтуға болады. Суперпрезиденттік басқару формасынан парламенттік басқару жүйесіне біртіндеп көшу жобасы – халық үнін естуші мемлекеттің бір тұжырымдамасы. Сонымен қатар жоғары басқарушы органдағы әкімдердің де партия құрамында болуы жұмысты едәуір көбейтетінін көрсетеді. Осы орайдағы Тоқаевтың ұсынысы – әркім өзінің міндетіндегі жауапкершілікті ғана атқаруға үндейді. Сондай-ақ сот жүйесіндегі тиімсіз реформаларды қайта қарап, елімізде әрбір азаматтың Конституциялық Кеңеске өз шағымымен бара алуына жол ашу, сот жүйесіне деген сенімділік пен заңға құрметті арттыруға өз әсерін береді. Сондай-ақ әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Конституциялық сот құру бастамасы да құптарлық деп есептеймін. Еліміздегі «қаңтар оқиғасы» әлемдік аренадағы біздің беделімізді түсіргенімен, саяси жаңғыру арқылы әлі талай белестерді бағындырарымыз анық. Сонымен қатар қатынауға қиын облыстарды бөліп және жаңа құрылған облыстар өткенді жаңғыртудың белгісі іспетті. Жаңа құрылатын Абай облысы біздің елдігімізді, Ұлытау облысы өткенімізді ұлықтатар киелі жерлердің көші іспеттес. Алматы облысын екіге бөлу – үлкен агломерацияны тиімді басқару жолы. Жетісу облысы мен Алматы облысы деп бөлудің халық үшін берері мол, табысқа жетелері анық. Алмағайып заманда елдігімізді сақтай отырып, Қазақстанды алға бастау – бұл әрбір қазақтың азаматтық парызы. «Қазақстан деген қасиетті ел бізден басқа ешкімге керек емес», – деген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бір ауыз сөзінің өзінде үлкен астар бар. Елдігімізді сақтап, елімізді өркендету жолындағы Президентіміздің бүгінгі жолдауын толықтай қолдаймын.

Гүлнар АЙҒАРИНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

заң факультетінің Кеден, қаржы және,

экологиялық құқық кафедрасының профессоры, з.ғ.к.

 

 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ҚҰРУ ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАЙМЫН

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жолдауындағы Конституциялық сот құру туралы ұсынысқа қосар ойымыз: Қазақстанның құқықтық жүйесі континенталдық (романо-германдық) құқықтық отбасыға жатады. Зерттеушілер сыртқы белгісі бойынша қазақстандық құқықты романдық бағытқа жатқызып жүр (ал ресейлік құқыққа германдық сипат көбірек тән). Романдық бағыттағы Франция құқығында Конституциялық әділсот институты жоқ. Сондықтан оның орнына біздегі сияқты консультативті орган – Конституциялық Кеңес жұмыс істейді (анығында, біз Франция тәжірибесін көшіріп алғанбыз). Енді Конституциялық сотты құру туралы мәселе қойылғанда қай елдің тәжірибесін ескеруге тиіспіз деген заңды сұрақ туындайды. Романдық дәстүрде бұл институт жоқ немесе аса жетіле қоймаған. Қалып отырғаны – германдық бағыттағы елдердің тәжірибесі (объективті себептер бойынша Скандинав елдері бұл институттан бас тартқан), соның ішінде жақсы болсын, жаман болсын Зорькин, Тумановтар басқарған, әлі де басқарып келе жатқан Ресей тәжірибесі. Жалпы, юрисдикциядағы соттар өз бетінше құқық нормасын түзе беретіндіктен, АҚШ секілді англо-саксондық елдер үшін әдейілеп конституциялық әділсот институтын құруға қажеттілік жоқ. Сондықтан бұл елдердің құқықтық моделі арнайы қаралмауы ықтимал. Десе де, әділсот, жалпы, құқық туралы танымымыз эмпиризмі басым ағылшын-америкалық құқықтық мәдениетке көбірек туысатындықтан, оның фундаменталды заңдылықтарын сөзсіз ескеруге тиіспіз. Оның үстіне әлем ғана емес, құқық та жаһанданып, оның интеркоммуникативті сұлбасы күн өткен сайын күшеюде. Бұл мәселенің сондай-ақ екінші жағы бар – тек шетелдік тәжірибені ғана емес, сот туралы қалыптасқан ұлттық құқықтық ой-әуен мен тұжырымдарды, мәдениеттанушылық негіздерді тең ескеру қажет. Осылай қарағанда ғана құрылуы көзделіп отырған Конституциялық сот тиімді жұмыс істейтін институтқа айналады. Конституциялық соттың басты артықшылығы – оның тек адам құқығын жоғары деңгейде қорғауында ғана емес, сонымен қатар Конституция нормаларын тікелей қолдануы және іске асыруы болып табылады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, Конституциялық соттың корпусы негізінен академиялық сынмен қарай алатын құқық профессорларынан қалыптасады. Олардың шығарған шешімдерін, ондағы келтіретін концептуалды уәждер мен бейтарап негіздеулерін оқудың өзі неге тұрады! Бұл, түптеп келгенде, конституциялық құқық ғылымы мен теориясының дамуына да үлкен серпін беретіні сөзсіз. Ендігі жерде Конституциялық соты бар елдің алдында тұрған кезекті міндет, ол – Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық сотқа (ЕСПЧ) мүше болу. Қазақстанның бұған территориялық қана емес (бір-екі Франция сыйып кететін Батыс Қазақстан облысы Еуропа континентіне кіреді), юрисдикциялық та негіздемесі бар.

Қазыбек ДӘУТАЛИЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

аға оқытушы, заң ғылымының кандидаты

 

 

ПРЕЗИДЕНТТІК ЖӘНЕ ПЕРЗЕНТТІК БОРЫШ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына жолдауын қаңтар оқиғасының себебі мен салдарынан бастап, оны шешу жолындағы жүргізілген шаралардан бастады. Президент  мемлекет басқарудағы және мемлекеттік кейбір органдардың түбегейлі реформасын ұсына отырып, жаңа құрылымдар мен жүйелерді ұсынды. Соңғы екі жылда он шақты заңның жүзеге асырылғанын алда тағы да бірқатар заң қарастырылатынын, оның бәрі мемлекет мүддесіне орай қамтамасыз етілетініне басымдық берді. Қоғамға өзгеріс керек екенін дәлелдеп отырған халық бұл жолдаудан үлкен өзгерістерді күткені рас. Соның айғағы болатын 10 бағытқа құрылған жолдау жаңа да тың серпілісті қамтыды. Саяси кешенді бағдарламаларды көздейтін жолдау құр сөзге емес, нақты нәтижеге құрылатынын атап айтты. Партия құру мен тіркелудегі ашықтық, еркіндік, сайлау жүйесіндегі тәуелсіздік және оның электронды дауыс беру жүйесін орнатуды көздеген пікірі заман ағымына сай қарастырылған мүмкіндік деп есептейміз. Сайлау жүйесіндегі пропорционалды бөлу, яғни 70/30 пайыздық өлшеммен  мәжіліс депутаттарынан да құралатынына тоқталды. Бұл халық мүддесі үшін күресе алатын шынайы патриот иесін, халқының мүддесі үшін қызмет ете алатын азаматтарымыздың қатарын көбейтетіні рас. Бұл жаңа үлгі әртүрлі көзқарастағы адамдардың тең құқығы мен пікір ашықтығы сайлауға қатысуға мүмкіндік береді. Тіпті сайлауға деген азаматтарымыздың көзқарасын сенімді түрде өзгертеді.  Сенаттық, парламенттік жүйелер реформасының өзі маңызды мәселені көздейді. Екі палаталы парламентті қолдауы мен заң шығарушы қызметін соларға міндеттеуі де өкімет қызметіне серпін береді. Төменгі парламент қызметін күшейту, Есеп комитетінің орнына Аудиторлық палата құруды, оның қызметінің нәтижелері мәжіліс мәслихаттарында талқылануы да халық алдындағы ашықтығын танытады. Құқық қорғау жүйесін күшейту бойынша жолдауда біршама бастама көтерілді. Заң актісі құқық нормалары Конституциялық кеңесте қаралатындықтан,  Конституциялық кеңестің болуы кезек күттірмейтін мәселе болғаны рас. Президент жолдауында бұл кеңестің ашық  халықпен тығыз бірлікте болуын, қызметінің ашық құрылуын атап айтты. Сондықтан бірден  Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл бастамалар институционалдық тұрғыда тең азаматтардың құқығын әділ қорғайды. Адам құқығы және прокуратура құқығын жетілдіру  үшін де қажет.  Сонымен бірге заң үстемдігін қамтамасыз етуді көздейді. Жоғары сот кеңесі соттарды жасақтауда, судьялардың тәуелсіздігі ашық сотты халықтың хабардар болып отыруын көздейді. Бұл қоғамның ашықтығын танытады. Жолдауда отандық ақпарат құралдарының өз көзқарасы болуы еліміздің мықты медиалық негізі екені айтылды. Журналистер өз елінің мүддесі үшін жаны ауырып, оның әрбір ақпары үшін азаматтық  мүддеге қарай жұмыс жасауы керек. Қоғамдық кеңестердің «кеңесіп пішкен тоны келте болмайтынына» тоқталды. Қоғамдық кеңес енді ұлттық  құрылтай мәселесімен толықтырылып, ол халықтық деңгейде жұмыс жасайтын болады. Бұл, әрине, болашақта маңызды мәселелерді талқылау үшін жиі бас қосып отыруды көздейді. Мемлекеттің өркендеуі аймаққа да байланысты. Елдегі аймақтық әкімшілікті дамыту мақсатында ең алдымен облыстарды, атап айтқанда, Абай облысын құруды ұсынды. Киелі өлкені жаңғырту үшін Ұлытау облысын құруды ұсынды. Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу және Алматы облыстарын құруды, олардың орталығы ретінде Қапшағай және Талдықорған қалалары таңдалды.  Кризиске қарсы мәселелерді де қамтып, елдегі болып жатқан өзгерістерге тоқталды. Антикризистік мәселеде ұлттық валютаның күшін арттыру үшін өкіметке бірнеше тапсырма берілді.  Банктегі шетелдік валютаға байланысты алыпсатарлықтың болмауын,  оның белгілі бір деңгейде шетелде сатылуына шектеулер қойғанын түсіндірді. Шұғыл штабтардың экстренді түрде іс жасап, елдің экономикалық, азық-түлік бағамын ретке келтіру керектігін айтты. Ел тәуелсіздігін сақтап қалуда елдің бірлігі, өкіметтің трансформацияға түсуі керектігін атап айтты. Өкімет елдің әрбірінің үнін естуге дайын екенін және бірігіп мәселені шеше алатынына басымдық танытты. Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей атсалысуға шақырды.

Сәуле ЕРЖАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы,

ф.ғ.д., профессор

 

 

САЯСИ ЖАҢҒЫРУҒА БАСТАУ

Президенттің жаңа жолдауы шынайы саяси жаңғыру мен кешенді реформаларға бастау боларлық тарихи маңызға ие. Бұл жолдауда қазақстандық қоғамды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің нақты шешімі табылғаны, көкейкесті сұрақтарға жүйелі жауаптар берілгені, халықтың талап-тілектері барынша ескерілгені анық байқалып тұр. Жалпы алғанда, Президенттің жолдауындағы саяси жаңғыру мен реформалауға бағытталған жаңа ұсыныстар мен бастамаларды жүзеге асыру үшін ел Конституциясына 30-ға жуық өзгерістер енгізілуі тиіс екен. Әсіресе мемлекеттік-әкімшілік басқару жүйесін реформалау, ашық және мөлдір сайлау жүйесін құру, партиялық құрылысты демократиялық жолмен жетілдіруге бағытталған Президенттің саяси шешімдері баршаның көңілінен шығып, жалпықоғамдық қолдауға ие болуда. Қазақстанда бұрын орын алған суперпрезиденттік басқаруды тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа кезеңде күшті Парламентке сүйенетін президенттік басқаруға өту – халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрудың сара жолы. Бүкіл биліктің президенттің қолына шоғырлануы – қауқарсыз парламент, дәрменсіз үкімет пен солқылдақ сотты туындатып, биліктің үш тармағының Президенттің аузына қарап, шарасыз отыруына әкеліп соққаны белгілі. Мемлекет басшысы алдағы уақытта мұндай келеңсіздік жойылатынын, әр билік тармағы өзінің құзыретіне сай қызмет жасауы қажет екенін қадап айтты. Сонымен қатар Президенттің туыс-тумаларының мемлекеттік саяси лауазымды қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы жоғары лауазымдардан  шеттету отбасылық-кландық сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің кепілі болмақ. Президенттің мемлекеттік басқару жүйесін қағазбастылық бюрократиядан арылтуға бағытталған арнайы жарлығы жедел саяси шешімдер қабылдауға, тиімді әрі нәтижелі мемлекеттік басқаруға жол ашпақ. Ал Президенттің, Орталық сайлау комиссиясы, Есеп комитеті мен Конституциялық сот төрағаларының, облыс әкімдері мен олардың орынбасарларының ешбір партияның қызметіне араласпауы, партияларды ресми тіркеу талаптарының жеңілдетілуі саяси бәсекелестікке арқау болары сөзсіз. Мұның барлығы қоғамда көптен бері көтеріліп жүрген, бірақ шешімі табылмай келе жатқан саяси мәселелердің алдыңғы қатарында еді. Президент ұсынысымен Парламент Мәжілісінің үштен бір бөлігінің мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша сайлануы азаматтардың бәсең сайлау құқығын жүзеге асыруға жол ашып, сайланбалы органдарға өзін-өзі ұсынуына кең мүмкіндіктер ашады. Парламент Сенатындағы президенттік квотаның 15-тен 10-ға дейін қысқаруы, оның бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынуымен жүзеге асуы Президенттің заң шығарушы органға ықпалын азайтады. Сондай-ақ Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Ұлттық құрылтай қоғамдық диалогтың институционалды моделін қалыптастырып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналады. Мемлекеттік-әкімшілік аумақтық басқаруды оңтайландыру мақсатында Мемлекет басшысы Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құру туралы тарихи маңызы бар саяси шешім қабылдады. Абай облысының орталығы – Семей қаласы, Ұлытау облысының орталығы – Жезқазған қаласы, Жетісу облысының орталығы – Талдықорған қаласы болып анықталуы дүйім жұрттың қолдауына ие болып, қуанышты хабар ауыл-аймаққа лезде таралды. Бұрын шалғай аудандарда мекендейтін халық үшін облыс орталықтарының алыста орналасуы жол-көлік қатынасын қиындатып келген еді. Енді бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапты, халықтың талап-тілегі ескеріліп, армандары жүзеге асып жатыр. Президенттің биылғы жолдауын халқымыз үлкен үмітпен күтті, жаңа жолдауда халықтың мұң-мұқтажы естіліп, талап-тілектері ескеріліп, биліктен күткен үкілі үміті ақталып отыр. Ендігі мақсат – бүкіл ел болып жұмылып, жасампаз жолдауда көтерілген игі бастамаларды іске асыру.

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Саясаттану және саяси технологиялар

кафедрасының профессоры

 

 

МАҚСАТЫ АЙҚЫН, ҮМІТІ ЗОР ЖОЛДАУ

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында жаңа Қазақстанды қалай құру туралы және Парламент, Мәжіліс, облыстық және аудандық депутаттар сайлауын әділ жүргізу, сонымен қатар Президент пен сайлау комиссиясының мүшелері ешқандай партияда болмауы керек екенін баса айтты. Сонымен қатар Президент елімізде жаңа үш облыс ашылатынын мәлімдеді. Олар – Абай облысы, орталығы – Семей қаласы, Ұлытау облысы, орталығы – Жезқазған қаласы, Жетісу облысы, орталығы – Талдықорған қаласы. Ал Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы егер ел Қапшағай қаласына Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруге ұсыныс жасаса, қолдайтынын да атап өтті. Сондай-ақ осы жолдауында әлемде болып жатқан оқиғаларға байланысты санкциялардың әсері, ұлттық валютаны бір қалыпта ұстау, спекуляцияға жол бермеу туралы да тілге тиек етті. Сөз соңында: «Ұлт пен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу менің міндетім деп білемін», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Жалпы, Президенттің бүгінгі жолдауында ақиқат пен әділдікке сүйенбей, жаңа Қазақстан құру мүмкін емес екенін байқадық. Ендеше ең алдымен билік басындағы шенділерден бастап, қарапайым ел тұрғындарына дейін әділеттің ақ жолына түсіп, мемлекеттік жүйе мен құрылымдардың барлығы сыбайлас жемқорлықтан арылып, ел тәуелсіздігін мәңгі сақтап, байтақ еліміз бен жеріміздің бейбітшілік пен бақыттың мекеніне айналса деген тілегі көкейімізге үлкен сенім ұялатты.

«Бірлігі күшті ел азбайды,

Бірлігі күшті ел озады», – деген халқымыздың дана сөзіне сүйене отырып, университетіміздің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері  Отанымызға адал қызмет етеді деп бек сеніммен айта аламыз.

Еркін КӘКІМЖАНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

география және табиғатты

пайдалану факультетінің доценті

 

 

ҮМІТ ҰЯЛАТАТЫН ЖОЛДАУ

Мемлекет басшысының кезекті жолдауы... Кезекті болғанымен, бұл жолдаудың орны ерекше. Қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін үміт пен күдік араласқан кезеңде бұл жолдау тоннель артында шам бар екенін көрсетті. Күрделі геосаяси жағдай мен ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан, саяси реформалар болады. Оның кепілі – Мемлекет басшысы. Жолдаудың негізгі сарыны – осы. Мемлекет басшысы билік тармақтарының арақатынасына жете тоқтала келіп, мұндағы жүйелік кемшіліктерді еңсерудің жолдарын ұсынып қана қойған жоқ, бұл реформалардың негізгі мақсаттарын айқындап, себеп-салдарына тоқталды. Мемлекет азаматтардан құралатынын және азаматтың саяси белсенділігін арттыру, қоғамдық диалогты жаңа межеге көтеру тек қана азаматтық қоғам мен демократиялық қағидалардың арқасында орын алуы мүмкін екеніне тоқталып өтті. Ең жоғары өкілетті орган болып табылатын Парламент палаталары депутаттарының саны қысқарып, сапасы артады. Депутаттарды тек партиялық тізім бойынша емес, сонымен қатар тікелей сайлау мүмкіндігі халық пен өкілді орган арасындағы байланысты нығайта түседі. Депутаттардың қайтарымдылық қағидаларының енгізілуі депутат қызметін бағалаудағы маңызды тетік болмақ. Мәжіліс құзыретінің нығаюы  заң шығарушы биліктің рөлін қайта қарауға серпін береді. Бұл логиканың артында Қазақстандағы саяси партиялардың рөлін нығайту, олар үшін қойылатын талаптар санын шектеу арқылы азаматтық белсенділікті саяси мәдениеттілік арнасына түсіру міндеті тұр. Әкімдердің сайланбалылығы, олардың халық алдындағы жауапкершілігінің артуы Мемлекет басшысының маңызды басымдықтарының бірі ретінде көрініс тапқаны аңғарылады. Аудан әкімдерінің сайланбалығы, ауыл әкімдерінің құқықтық және қаржылық мәртебесінің артуы – жергілікті билік дербестігінің кепілі. Саяси реформалардың тетігі Қазақ елінің терең тарихымен тығыз байланыста өрбиді. Заманауи мемлекет құру идеясы Қазақстанның рухани құндылықтарымен және мемлекеттілік кезеңдерін саралаумен қатар жүруі тиіс. Бұған дәлел – жаңа облыстардың пайда болуы. Президент ұсынған әр облыс орталығының қазақ тарихында ойып алар орны ерекше. Түркістанның облыс орталығына айналу тәжірибесіне тоқталған Президент бұл тәжірибенің оңтайлы тұстарына тоқтала келіп, рухани астанадан кейінгі кезекті Қазақ мемлекеттігінің әртүрлі кезеңдеріне куә болған аймақтарға ойыстырудың маңыздылығына тоқталды. Ұлытау – Қазақ хандығының ордасы, Қазақ хандығының алтын бесігі, Абай облысының орталығы Семей қаласы – Алашорданың астанасы. Бұл да заманауи мемлекеттігіміздің діңгегі. Ал Жетісу – Қазақ хандығы алғаш ту көтерген өңір. Кеңестік Қазақстан кезеңін Дінмұхамед Қонаевсыз елестету қиын шығар. Демек, кеңестік дәуірді де мемлекеттіктің бір кезеңі деп қарастыру керек. Қапшағай қаласына Қонаев атының берілуі – ақсақалға тағзым ғана емес, жақсы дәстүр қалыптастыру. Ал қоғам мен мемлекет үшін ең маңызды реформалардың бірі – Конституциялық соттың қалпына келуі. Мәселе атаудың өзгеруінде емес. Мәселе – сот мәртебесінің өзгеруінде. Сондықтан тәуелсіз сот билігі ғана тиімді құқық пайдалану саясатының қайнар көзі бола алады. Аймақтағы күрделі геосаяси жағдай да, экономикалық мәселелер де тек мемлекеттік мүдде мен ел тәуелсіздігін басшылыққа ала отырып шешілуі тиіс. Соңғы жылдары ғаламда, аймақта, елімізде түрлі жағдайлар орын алды. Бұл – кез келген мемлекет үшін сын. Осы сынды өткере алған, өткеріп қана қоймай, бұл сындардан күшейіп шыққан мемлекеттің ғана ертеңі бар. Бүгінгі жолдау – қазіргі тұрақсыздық кезеңіндегі ертеңге деген үміт ұялататын жолдау.

Шыңғыс ЕРГӨБЕК,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

философия және саясаттану факультетінің доценті

 

 

БҰЛ ЖОЛДАУДАН КҮТЕРІМІЗ КӨП

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы жолдауын қуана қабылдадық. Себебі бұл жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. «Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге жаңа Қазақстанды құруға кірістік», – деді Президент. Мемлекет басшысы «қаралы қаңтар» мен оның қапияда көз жұмған құрбандарын еске ала отырып, алдағы уақытта тергеу жұмыстарының  ашық та әділетті өтетінін баса айтты. Сондай-ақ барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктердің мызғымас кепілі болу керек екенін айта келіп, Президенттің жақын туыстары үшін мемлекеттік саяси қызметшілер мен квазимемлекеттік секторда жетекші лауазымдарды атқаруға және лауазымды басшылыққа тағайындалуына заңмен тыйым салынатынын, яғни әкімдер, әкім орынбасарлары партияға мүше болмайтынын нақты ескертті. «Екінші мәселе – өкілді билік тармағын қайта құру. Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқарта отырып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуы тиіс», – деді Қ.Тоқаев. Сондай-ақ Президент Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынып, оның орталығы Семей қаласы болатынын айтты. «Қапшағай қаласы халқымыздың біртуар перзенті Дінмұхамед Қонаевтың есімімен тығыз байланысты. Егер жұртшылық Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деген ұсыныс айтса, мен бұл пікірге қосыламын», – деді Мемлекет басшысы. Жезқазған аймағында Ұлытау облысы құрылады, бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Сонымен қатар Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Жаңадан құрылатын облыстардың аталуында ерекше мән бар. «Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз, – дей келе, – өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек», –  деді. Мемлекет басшысының бұл жолдауы оң реформаларды қабылдауға мүмкіндік берді.  Біз өзіміздің басты игілігіміз – тәуелсіздігімізді сақтауға, ұлттық бірегейлік негіздерін бекемдеуге, елімізді трансформациялауға жұмылуға тиіспіз. Бұл – біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз. «Жаңа Қазақстанда біздің  басты ұстанатын қағидамыз – әртүрлі көзқарастарды есепке ала отырып, біртұтас ұлтты сақтау», – деді Президент өз жолдауында. Біз, ұрпақ тәрбиелеп, ел болашағы үшін қызмет етіп отырған  жоғары оқу орнының ұстаздар қауымы, ғалымдар, Президентіміз Қ.Тоқаевтың бүгінгі жолдауын қолдай отырып, оның ары қарай іске асуына өз тарапымыздан жұмыла іске кірісетінімізді баса айтқымыз келеді.  

Әсем АМРЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика

кафедрасының аға оқытушысы

 

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ПРЕЗИДЕНТПЕН БІРГЕ ҚҰРАЙЫҚ!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен күндер мен келешек туралы ойын сабақтады: «Тәуелсіздігіміз үшін 30 жыл аз емес, біз осы жылдарда Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығында көптеген жетістікке қол жеткіздік, алайда береке-бірлік болмаса, бар жетістігіміздің желге ұшатынын өз көзімізбен көрдік. Кешегі қаңтар оқиғасы соның жанды куәсі болды. Күні кеше құқық қорғау орындарымен кең ауқымды тыңдау мәжілісін өткізіп, халықтың көкейінде жүрген көп сұраққа жауап бердік», – деп кіріспе сөзін аяқтаған Президент опасыз шенеуніктер мен қарулы қарақшылар көшеге шыққан жай халықты пайдаланып, өз арам ойларын іске асыруға ұрынғанын жасырмады. Елге төнген ішкі-сыртқы жаудың бірігуі, олардың билікті басып алуға жанын салғанын да ашына айтты. Алайда ел басына күн туған сәтте батыл шаралар қабылдап, ел тұтастығын сақтап қалғанын жеткізді. «Біз жардың шетіне барып қайттық. Бір қадам қате басқанда елдігімізге қатер төнер еді. Бізде сол кезде қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа амал қалған жоқ, бұл менің президенттік әрі перзенттік міндетім», – деген ел басшысы қасиетті тәуелсіздік бәрінен қымбат екенін және барша қазақстандықтардың соған қызмет етуі парыз екенін атап көрсетті. Жолдаудың негізгі мазмұнында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси жүйесін жаңарту туралы кешенді жобаны қабылдағанын айтты. Бұл барлық қоғам асыға күткен жоба болды.Құр науқан үшін реформа жасамау, тек қағаз бетінде жүзеге асқан, шын өмірде ізі де жоқ жалған көпірме сөз емес. Нақтылы қолға ұстайтын жұмыстар арқылы елдің жағдайын жақсартуды көздеген ел басшысы жобаларды ортаға қойып халқын қуантты: «Күшті президент, беделді парламент құруға күш салу. Өкілетті билік тармағын күшейту. Президенттің құзыретін азайтып, Сенат пен Парламент құзыретін күшейту. Әкімдерді сайлауға реформа жасау. Сайлау жүйесін жетілдіру. Депутат сайлау алдында берген уәдесін орындамаған жағдайда Парламенттен кері қайтару. Сайлау үдерісін жаңғырту». Міне, бұл өзгерістер азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, саяси жүйені жаңғыртуға өз серпінін тигізеді. Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының өз ойы, журналистердің тәуелсіз сарапшы болуын атап өтті. Жергілікті қоғамдық кеңестер құрамын түбегейлі жаңарту. Ұлттық кеңестің орнына одан да ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Бұл сан түрлі саланы толық қамтыған ұйым болып, халық пен билік арасындағы көпір қызметін атқаратыны сөзсіз. Бұл жолғы жолдауда ортаға қойылған кешенді саяси жоба еліміздің саяси жүйесі мен әкімшілік құрылымын өзгертуге бағытталды. Бұл үшін 30 заң жобасын өзгертіп, жаңа 20 заң қабылдайды. Ел басшысы бұл шаруалардың бірден бола қоймайтынын, жылдар бойы жаңа Қазақстанды бірге құруға халықты шақырды. «Елімнің ертең емес, бүгін бақытты болуы маңызды, бабалар аманатына адал болып, жаңа Қазақстанды бірге құрайық», – деп сөзін аяқтады. Елді ертеңіне сендіріп, болашаққа нық қадам жасауға серпін берген жолдау болды.

Нұрхалық АБДЫРАҚЫН,

Қытайтану кафедрасының

доценті, PhD доктор 

 

БАҒЫТ-БАҒДАРЫМЫЗ АЙҚЫН

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Жолдауда саяси реформалар мен әлеуметтік, экономикалық бағыттарда атқарылатын іс-шаралар туралы айтылды, яғни Қазақстан тарихының жаңа парақтарын ашып берді. Қазақ халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау еліміздің дамуы мен халқымыздың тыныс-тіршілігінде біршама жаңашылдықтың болатынын көрсетіп бергендей. Жолдауда қаңтар оқиғасына тоқталып, мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнгенін, татулық пен тұрақтылықтың маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы сын сағатта халыққа бірнеше үндеу жасады, әрбір шешімді еліміздің мүддесіне сай қабылдады. Елдің тыныштығын бұзып, қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырды. Қоғамда қордаланған түйткілді жайттар мен оларды шешу жолдары туралы айтқан Президентіміз біраз саладағы түйіндердің жүйелі тарқалатынын жеткізді. Соның ішінде халықтың көкейінде жүрген мәселелерді дөп басып, келесідей ұсыныстар айтты: Абай облысы, орталығы – Семей қаласы; Ұлытау облысы, орталығы – Жезқазған қаласы; Алматы облысы, орталығы – Қапшағай қаласы. Сонымен қатар Қапшағай қаласын ұлтымыздың біртуар тұлғасы Д.Қонаев есімімен атау. Бұл ұсыныстарды еліміздің әрбір азаматы қуана қолдайтынына сенімдімін. Жолдауда Президент: «Мұның бәрі оңай емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үрдіс. Бұл жұмыс бізден жоғары жауапкершілікті, елімізге  және бір-бірімізге деген жанашырлықты талап етеді», – деді. Осы тұрғыда алдағы уақытта тәуелсіздігіміздің тамырын тереңдетіп, Қазақстанды іргелі мемлекетке айналдыру біздің қолымызда, яғни әрбір перзенттің жауапкершілігінде. Сондықтан халқымыз, әсіресе жастар қауымы, уақыттың кез келген сынағына дайын болып, бәсекеге төтеп беруі керек. Санасы сергек, заманауи технологияларды меңгерген Отанымыздың нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өтеді. Сонымен бірге Президенттің «Ең бастысы – еліміздің егемендігі, тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат. Маған ең алдымен елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ» деген сөздері еліміздің әрбір патриотының жүрегін елжірететіні сөзсіз. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын», – деді. Демек, мемлекеттің мықты болуы үшін ұлттың ұйыса білуі айрықша маңызды екені сөзсіз. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз ғұмырлы болсын!

Қадырбек БАЙЖҰМАНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жылуфизика және техникалық

физика  кафедрасының

аға оқытушысы

 

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН – ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ БЕЛГІСІ

Мемлекет басшысы бұл жолғы жолдауында жақын арада жүзеге асырылатын саяси реформалар мен елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімдеме жасады. Қазақстан халқы бүгінде әр салада жүргізілетін қайта құруларды зор үмітпен күтіп отырғаны мәлім. Әлбетте, бұл реформаларды елдегі дағдарысты еңсерудегі жаңа мүмкіндіктер деп қабылдау керек. Президент елді дағдарыстан алып шығу үшін саяси жаңғыру қажеттілігіне тоқталып, саяси реформалардың топтамаларын ұсынды. Барлық салаларда модернизация жүргізу керектігі айтылды. Өйткені қаңтар оқиғасы елдегі тоқыраудың салдары екені, ал бұл тоқыраудан шығу үшін түбегейлі өзгерістер қажет. Сонымен қатар саясаттағы, экономикадағы жасанды монополияларды жою қажеттігін айтты. Елімізде күшті парламенті бар президенттік республика орнатуға тоқталды. Осы негізде Сенат палатасына квотаны 15-тен 10-ға азайтуды, Сенат жоғары палата ретінде елдің аймақтық мүдделеріне жұмыс жасау керектігін ескертті. Сондай-ақ Мәжілістің заң қабылдау құзыреттілігін кеңейту, мемлекеттік бюджетті қадағалау үшін Есеп палатасын құру  Мәжілістің мәртебесін көтеретінін, мәслихаттарды күшейту керектігіне де тоқталды. Сайлау жүйесінде аралас сайлау түріне көшу (пропорционалды-мажоритарлық) әділ және азаматтардың сайлауға қызығушылығын арттырады деп көрсетті. Сайлауда дауыс беру тәсілдерін әлемдік тәжірибеге сүйеніп енгізу керектігін баса айтты. Президент құқық механизмдерін күшейтуге назар аударып, Конституциялық сот құруды ұсынды. «Бұл өз кезегінде әділ құқықтық мемлекет құру жолының көрсеткіші», – деді. Сонымен қатар БАҚ бәсекеге қабілеттілігін арттыру және еркін болу керек, ашық кеңістік құру қажеттілігін, сол себепті БАҚ заңдарын қайта қарастыруда мемлекеттік мүддені еске алу керектігін ескертті. Мемлекет басшысы дала демократиясын жаңартып, Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Ол билік пен халық арасындағы дәнекерлікке айналу керек деді. Сондай-ақ өңірлердің әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құруды айтты. Алматы облысының орталығы ретінде Қапшағай қаласын, өз кезегінде облыс тұрғындарына Қапшағай қаласын Д.Қонаевтың есімін беруге ұсыныс білдіруге шақырды. Президент геосаясатқа да тоқталып, бүгінде геосаяси жағдайдың нашарлауы экономикаға кері әсерін беріп жатқанын да ашып көрсетті. Сөз соңында Мемлекет басшысы Қазақстан халқының бүгінгі бақытты, болашағы кемел болуына бар күшін жұмсайтынын айта келіп, халықты жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырды.

Күлжан ЖАҢАТАЕВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

шығыстану факультеті

ТҮРКСОЙ кафедрасы меңгерушісінің

оқу-әдістемелік және

тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары

 

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ БІРГЕ ҚҰРАМЫЗ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы қаңтар оқиғасынан басталды: «Бұл оқиғалар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төнді. Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді». Президент бұл қайғылы оқиғаның себеп-салдарының бірі уақтылы қабылданып, қолға алынбаған саяси іс-шаралар екенін баса айтты. Біз қазір жаңа уақытты бастан кешіріп жатырмыз. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа қажетті реформаларды тарату өзінің басты міндеті екенін айтып, әрі қарай мемлекетті дамыту, ауқымды-экономикалық өзгерістер жасау үшін саяси жаңғырудың мән-маңызы туралы сөз қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы ерекше маңызы бар нақты бастамаларды атап өтті: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына ауқымды Ұлттық құрылтай құру; Президент туыстарының басшылық қызметтер атқаруына тыйым салу; мемлекетте Конституциялық сот құрылуы; сайлау рәсімдерін жетілдіру; бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болуын қамтамасыз ету;  электронды сайлау технологияларын енгізу т.б. «Бұл жолдауды іске асыру үшін Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізу қажет», –  деп тұжырымдады Президент. Жолдауда көтерілген тағы бір мәселе – ел тарихы үшін маңызы зор жаңа облыстардың құрылуы. Яғни Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысының, Семей аймағында Абай облысының құрылуы, Алматы облысын екі облысқа бөлу – Жетісу және Алматы облысы ретінде, сондай-ақ Қапшағайға Қонаев есімін беру ұсынысы. Әрине, аталған мәселелердің көптің көңілінен орын алғаны рас. Себебі қазіргі кезеңде аталған өңірлердің жағдайы төмен. Ал оны дамыту үшін жаңаша леп керек. Президент: «Ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деп түйіндеді. Жалпы, Мемлекет басшысының жолдауындағы «Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын» деген сөздері болашаққа зор үміт, жаңа мүмкіндіктерге сенім ұялататыны сөзсіз.

Қарлығаш АЙДАРБЕК, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

Түркітану және тіл теориясы 

кафедрасының доценті 


ҚАЗАҚСТАН – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫНДА      

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның бірлескен отырысына қатысып, Қазақстан халқына жолдау жасады. Иә, жыл сайынғы халыққа жолданатын жолдаудың бүгінгі күні дәл керек кезде жолданғаны анық.   Бүгінгі жолдау елімізде лауазымды тұлғаларға қойылатын талаптар мен олардың қандай да болсын саяси партияларға мүше болуына байланысты мәселелерге нақты талаптарын айқындап берді. Жолдауда Парламент палаталарының мәселесі, саяси партияларды тіркеу процедурасы, сайлаушылардың біртұтас электрондық базасы, сайлаудың ашықтығы,  дауыс берудің балама түрлерінен кезеңдік кеңейту, прокуратура және адам құқықтарына байланысты заңнамаларға конституциялық заң мәртебесін беру, Үкімет пен халық арасын байланыстыратын звеноларды қалыптастыру, бұқаралық ақпарат құралдары туралы  жаңа заңдарды қабылдау мәселелері еліміздегі саяси мәселелермен байланысты екені нақтыланды. Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа трансформациялау мәселелері елдің негізгі бағыт-бағдарын адам құқықтарын сақтау, адам құқықтарын мүлтіксіз қорғауда негізгі міндеттерді атқаратын орган екенімен негізделді. Заңсыз әрекеттерді жалғастыру, жоғарғы билікке ұмтылып, ішкі және сыртқы жаулармен ымыраласып, сатқындардың опасыздық жасауы ең алдымен халықтың арасына іріткі салып, тәуелсіздік тұғырымызға зиян келтіретінін Мемлекет басшысы атап өтті. Заң тәртібін нығайту мақсатында заң үстемдігін күшейту, Ата заңымыз – Конституция баптарына өзгерістер енгізу, жаңа заңдарды қабылдау бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі ретінде аталды. Жолдауда өзгерісті өзімізден бастауымыз керек, әрбір адам жаңғыруы керек және негізгі байлығымыз – еліміздің тәуелсіздігін қорғап, әлемдік ынтымақтастық алдында батыл, заңды реформалар жасауымыз қажет екені айтылды. Өз кезегімізде талантты, еңбекқор, бақытты өмір сүретін мемлекет болуын қалайтынымыз – Мемлекет басшысымен бірге ұштасып жатқан осы бір құндылықтарды алып жүретін сіз бен бізге деген үміт. Біз мемлекетімізбен бірге өркендеуіміз керек. Қазақстанның тұғыры биік болуы тиіс. Ендеше жолдау әрқайсымыздың көкейіміздегі арман-тілектеріміздің орындалуына жаңа серпін болмақ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», әрқайсымыз еліміздің тәуелсіздігін ту етіп ұстап, соған еңбек етейік.

Сәуле ЕРМҰХАМЕТОВА,

заң ғылымының кандидаты,

Азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу,

еңбек құқығы кафедрасының аға оқытушысы

 

ҰЙЫМДАСҚАН ҰТАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауының холистік тұрғыдағы мәні – ел үшін еңбек ету идеологиясына тоғыстырылды десек болады. Осы ретте Президент жолдауындағы ұтымды парадигмаларды төмендегіше жіктеуге болады: Бейбіт өмір мен ел тыныштығы – тәуелсіздік кепілі болуы. Шындығында да, бүгінгі саяси дүрбелеңге толы заманда, әлемдік тәртіп дихотомиясына ұшыраған дәуірде, соғыс пен саяси-әлеуметтік синдромы басым жағдайда әр адам үшін бейбітшілік пен ел іші тыныштығы басты доминат-құндылыққа айналғанын әр азамат сезінуде. Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту – стратегиялық мақсатқа айналуы. Осы тұста, біздің пікірімізше, экономиканың әлеуметтік бағдарының басымдыққа ие болуы көңілге медет болмақ. Осыған орай, ұлттық және мемлекеттік жоспарлардың ымыраласуы көңілге қонымды. Олардың факторларының өзара үйлесімділігі басты назарда болмақ. Әрине, бұл Мемлекет басшысының алған тәжірибесі мен атқарған қызметінен туындаған ой-түйіндер болғанын білдірмек. Осы тұста Президент сөз бен істің ‒ егіз ұғым болатынын дәлелдер уақыттың жеткенін меңзейді. Президент жолдауындағы ендігі бір парадигма – ұлт денсаулығы. «Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған», ‒ дей келіп, Мемлекет басшысы бүгінгі ел денсаулығына тікелей үстемдік жүргізіп отырған экократиялық, генакратиялық, социократиялық, биократиялық мәселелерге баса назар аударуды ұйғарады. Бұл кратиялар бүгін үлкен кеселді факторларға айналып отыр. Олай болса, бүгінгі терең технология өзінің әлеуметтік-моральдық тереңдеуімен із қалдыруда. Осы ретте қазір әлеуметтік орта қауіпті аймаққа айналуда. Осыдан азық-түлік, экоорта, ақпарат, биоорта, әлеуметтік коммуникация қауіпсіздігі сияқты парадигмалар қалыптасуда. Бүгінгі ұлт денсаулығы өте маңызды когнитивті феномен болып отыр. Сондықтан «Ақиқат – басты мақсат» болмақ. Ақиқат империясы – адамзат тарихы болмысы болатыны зайыр. Сапалы білім парадигмасы. Бұл ретте Президент пандемия және постпандемия кезеңіндегі білім беру үдерісіне салыстырмалы талдау жасай келе, қашықтан оқыту парадигмасының олқы тұстарын көре білгені қуантады. Ондағы техникалық-әлеуметтік ресурстар кемшіндігі білімдегі кейбір лакуналардың қалыптасуына жол бергені ақиқат. Алдағы уақытта жалпы білім мен кәсіптік басты рухани құндылыққа айналғаны дұрыс. Білімнің жалпы аксиологиялық беделін арттыру үшін қызмет етуміз керек. Келесі парадигма – инклюзивті білім мәселесі. Қоғамдық орта әр кезде инклюзивті кеңістік болатынын ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан инклюзия – абсолюттік шындық. Олай болса, мемлекеттік саясат та соған бейімделгені дұрыс. Осы ретте Мемлекет басшысының білім саласын ынталандыруды «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн» деген ұсынысын қолдау керек. Осы тұста тағы бір ескеретін жайт, ол бүгінгі күні еңбек адамын «моральдық ынталандырудың» әлеуметтік-құндылықтық мәртебесі әлсірегенге ұқсайды, оның орнын «материалдық ынталандыру» басымдық танытуда. Осы мәселе ойландыруы керек. Егер бүгінде 1 наурыз – әлеуметтік ортада Алғыс айту күні дейтін болсақ, онда моральдық ынталандырудың әлеуметтік мәртебесін көтеру шараларын қолға алу керек болар. Еңбек нарығы парадигмасы. «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет», – дейді Президент. Демек, ел, халық, Отан үшін еңбек ету басты рухани құндылыққа айналуы тиіс. Осы ретте ұлттық идеологияның болуы маңызды. Ол халықты адал еңбекке ұйыстырушы фактор болмақ. Сондықтан «қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі» болатыны анық. Қорыта айтқанда, бұл жолдау халықтық іс деуге негіз бар.

Дәулетбек СӘДУАҚАСҰЛЫ,

Әл-Фараби атындағы

Қазақ ұлттық университеті

Философия кафедрасының профессоры

 

ЖОЛДАУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі халыққа жолдауын тыңдаған әр азаматтың болашаққа деген үміттерін жандырып, бір серпілткені анық. Президент сөзін қаңтар оқиғасы және оның нәтижелеріне тоқталумен бастады. Бұл оқиғаның жылдар бойы елімізде заңсыз қызмет жасаған топтардың жоғары билікке қол жеткізу мақсатында төңкеріс жасауға ұмтылған іс-әрекетінің нәтижесі екенін атап өтіп, ендігі кезекте мемлекет органдарымен қоса, тәуелсіз комиссия тергеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын және де осы оқиғаға қатысты кез келген адам лауазымына қарамай қатаң жазаға тартылатынын мәлімдеді. Жолдаудың ерекше жаңалығы елдің саяси жүйесін өзгерту туралы реформаның екі жолының ұсынылуы:

а) елдегі демократияны жүйелі дамыту және мемлекеттің саясаттағы, экономикадағы бәсекелестікті орнату;

ә) күшті президенттік басқару және ықпалды парламенттің рөлін күшейту.

Бұл мәселеде бұрынғы заң бойынша президенттік басқаруға берілген артықшылықтарға заң жүзінде шектеулер қойылатыны атап айтылды. Сенаттың, Мәжілістің және мәслихаттың құзыреттіліктерін күшейту және олардың жұмысының барлығы халықтың әл-ауқатын көтеру жолында реформалануы керек. Ол үшін сайлаудың нағыз халықтық болуы, халқымыздың сайлауға деген көзқарасының өзгеруі маңызды. Бұл жолда БАҚ- тың жұмысына да өзгеріс жасау қажет. Еркіндік және бәсекеге қабілетті болу мүмкіндігі мемлекеттік емес ұйымдардың қызметіне қолдау көрсету, елдегі азаматтық белсенділікті қалыптастыру барысы Ұлттық құрылтай құрумен тікелей байланысты екенін де қуана қолдауға болады. Себебі бұл ұйымда еліміздің барлық аймақ өкілдері болады. Болашақта даму тек орталық қалалар ғана емес, бүкіл Қазақстан өңірінің көркеюіне мүмкіндік туады. Жолдаудағы елдің әкімшілік-аймақтық құрылымын қайта құру идеясы халықтың тек экономикалық жағдайын ғана емес, жалпы ұлттық мүдде, рухани ошақтарды жандандыру, өткен тарихты дұрыс бағалау мәселелерін көтеріп отыр. Әрине, Президенттің бұл ұсыныстарының іске асуы үшін, ең бастысы, әр адам өзін өзгертуі керек. Әр Қазақстан азаматының белсенділігі, ұлттық мүдде жолында ауызбіршілік танытуы, Президент айтып отырған жаңа саяси мәдениетті көрсетеді. Барлығымыз жаңа Қазақстанды құруға белсенділік көрсету болашақ алдындағы парызымыз деп білейік.

Қарлығаш БОРБАСОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия және саясаттану

факультетінің профессоры

 

ЖОЛДАУ ЕЛ ДАМУЫНА ЖҰМЫЛА АТСАЛЫСУҒА ШАҚЫРАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жариялады. Бұл жолғы жолдаудың негізгі мәні жаңа Қазақстанның даму парадигмасының ұсынылуында жатыр. Мемлекет басшысының бұл жолдауынан келесі бағыттарды ойға түюге болады. Біріншіден, қаңтар оқиғасы еліміздегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағдайларды қайта қарауға мәжбүр етті. Президент жаңа Қазақстанның дамуы «Әртүрлі көзқарас – бір ұлт» ұстанымымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Демек, еліміздің тағдыры мен болашақтағы дамуына қатысты ұлттық және қоғамдық пікір мен көзқарастардың баламалы түрде болуы Қазақстанның мемлекет ретінде дамуы мен көркеюіне үлкен үлес қоса алады. Еліміздегі азаматтық қоғамдағы ынтымақтастықты нығайту   азаматтар арасындағы өзара сенім мен ымыраға келу мәдениетін арттыруда жатыр.  Мемлекет басшысының пікірінше, осы бағытты қалыптастыру мақсатында мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам бірлесе отырып, мәдени сауатсыздық, архаикалық ақылға қонымсыз дәстүрлер, жатыпішерлік, сыбайлас жемқорлықпен белсенді түрде күресуді жалғастыру керек. Екіншіден, мемлекеттегі саяси-басқару құрылымын реформалау кезеңі пісіп-жетілгені жолдаудың өзекті тақырыбы болды. Мемлекет басшысы жаңа Қазақстанға суперпрезиденттік республикадан қуатты парламентті  президенттік республикаға трансформациялау ұсынысын айтты. Бұл қоғамдық сенімді нығайтуға және мемлекеттік құрылымдардың қоғам игілігіне сай тиімді жұмыс жасауына мүмкіндік береді. Осы мақсатты жүзеге асырудың алғашқы қадамы ретінде Мемлекет басшысы президент лауазымындағы тұлғаның саяси партияға мүше болу немесе басшылық ету міндеткерлігін тоқтату керектігін меңзеді. Бұл жағдай аймақтық деңгейдегі әкімдерге тиісті. Әкімдерге де саяси партиялардың жергілікті бөлімдеріндегі жетекші болу міндетіне тыйым салынады. Президенттің пікірінше, бұл саяси әрекет еліміздегі саяси партиялардың өзара бәсекелестігін арттырады. Ал конструктивті бәсекелестік саяси құрылымның дамуы мен жаңаруына алып келеді. Керісінше, биліктік құзырет пен міндеткерліктің бір тұлға қолына шоғырлануы қоғамдағы сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің жайылуына алып келеді. Сонымен қатар Президент мемлекеттік заң шығарушы және атқарушы құрылымдардың қызметі мен құзыретін реформалауға қатысты нақты ұсыныстарды жеткізді. Үшіншіден,  Мемлекет басшысы Қазақстандағы БАҚ-тың әрекетіне тоқталды. БАҚ еркін және бәсекеге қабілетті болуы керек. БАҚ өкілдері азаматтардың көзқарасы мен мүддесін ұқыпты және ақылға қонымды түрде жеткізуге ұмтылуы тиіс. Төртіншіден, қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің әрекетін жанданыру қажеттілігі жаңа жолдаудың түйінді тақырыптарының бірі болды. Ұлттық және қоғамдық дамудың маңызды стратегиялық  жобаларына қоғамдық ұйымдар мен белсенділердің қатысуы жобалардың сапасы мен тиімділігін, түбегейлі орындалуының кепілділігін арттырады. Бесіншіден, көршілес мемлекеттердегі геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты Қазақстан бұл күндері экономикалық дағдарыстарды басынан өткізуде. Алайда жолдауда Мемлекет басшысы тиісті мемлекеттік құрылымдардың дағдарыспен күресу жолында іс-шаралар жасап жатқанын және осы жолдау арқылы дағдарыспен күресудегі жаңаша бастамалар қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл бізге ертеңгі күнге оптимистік тұрғыдан қарауға мүмкіндік береді. Қорыта келгенде, «Жаңа Қазақстан» концепциясы қоғамның барлық бөлігін ел дамуына жұмыла атсалысуға шақырады. Әсіресе «Әртүрлі көзқарас – бір ұлт» формуласы академиялық қоғам мүшелеріне де тікелей байланысы бар. Академиялық қоғамның ықпалды бөлігі ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де бұдан қалыс қалмауы тиіс. Керісінше, «Жаңа Қазақстан» ұғымын идеологиялық парадигма ретінде алсақ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бұл концепцияның алтын діңгегі болу талап етіледі.

Думан ЖЕКЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінің деканы                          

 

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ІРГЕТАСЫН ҚАЛАУ БАҒЫТТАРЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында жуық арада жүзеге асырылатын саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен әлеуметтік-экономикалық бағытта атқарылатын іс-шаралар туралы айтылды. Ел Президенті жолдауын саяси ахуалдың күрделеніп тұрған шағындағы елімізде орын алып жатқан жағдайлармен бастады. Қаңтар оқиғаларының салдары мен тергеу жұмыстарының нәтижелері туралы айтып өтті. Бүгінгі күнге дейін саяси реформалардың төрт топтамасын  ұсынғанын атап, саяси саладағы оң өзгерістер ретінде қабылданған заңдарға тоқталды. Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесіміне негізделу қажет екенін, оның қалыптасуына бірнеше жыл уақыт жұмсалатынын айтты. Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушығып тұрғанына қарамастан, елімізде дағдарысты жеңудің құралдары мен қорлары жеткілікті екенін атап айтты. Бұқаралық ақпарат құралдарының тәуелсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігінің маңыздылығын да негіздеді. Саяси реформалардың маңызды бағыты ретінде өкілетті билік органдарын құрудың ережелерін өзгертуді, Президенттің басқару мерзімінде ешбір партия құрамында болмауын заңдық негізде енгізуді ұсынды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Сайлау рәсімдерін жетілдіру үшін байқаушылардың құқықтары мен жауапкершілігі нақты белгіленуі тиіс екенін, сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутаттарды қайтаруға болатынын айтып өтті. Жергілікті және өзін-өзі басқару мәселелерінің өзектілігін негіздеді. Облыс және қала әкімдерін тағайындау ережесі өзгерді. Аймақ басшыларын тағайындау мәслихат сайлауы арқылы өтеді. Президент облыс және қала әкімдерін мәслихатпен кеңеспей орындарынан босата алады. Әкім орынбасарларының саны 3-пен шектелуі қажет екеніне назар аударды. Мәжілісте қабылданған заңдарды Сенаттың мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы берілетін нормаларды жасауды ұсынды, яғни Мәжіліске заң қабылдау құқығы беріледі.

Гүлмира НҰРСЕЙІТОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Менеджмент кафедрасының

аға оқытушысы 

 

    ЖАҚСЫЛЫҚҚА БАСТАҒАН ЖОЛДАУ

Егемендік алғаннан бергі 30 жыл ішінде тәуелсіз мемлекет талаптарына сай болу үшін мемлекетімізде жаңа ұтымды бағыттарды анықтау қажеттілігі байқалды. Жаңа Қазақстандағы саяси-әлеуметтік жағдайы мен демократияны дамытуға байланысты жолдауға  «Жаңа Қазақстан: жаңарту және модернизациялау» деген атау берілді. Президент жаңа Қазақстанды құру үшін сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде кірісуге шақырып, Қазақстанның дамуы бізден басқа ешкімге қажеті жоқ екенін атап өтті.  Бұл мақсатқа жету үшін бірнеше мәселені шешу бойынша жаңа ұсыныстарды дайындады. Бұл ұсыныстар біздің елімізде демократизм институттарының түпкілікті орнатылуына әсері тиеді деген үміттеміз. Президент Тоқаев  халыққа жолдауында мынадай ұсыныстарды айтты:

- суперпрезиденттік республикадан жаңа Қазақстанды құруға түпкілікті көшу;

- Президенттің жақын туыстарына жоғары лауазымдарды атқаруға тыйым салу;

- Президент бұдан былай ешқандай партияның мүшесі болмайды;

- Президент аудан және ауылдық округ әкімдерін жұмыстан босатуға араласа алмайды;

- енді Президент облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдерін мәслихат келісімімен баламалы негізде ғана тағайындайтын болады;

- аудандық және қалалық мәслихаттарға сайлаудың мажоритарлық жүйесі және барлық деңгейдегі облыстық мәслихаттардың сайлау жүйесін талдау;

- Сенаттағы президенттік квотаны 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарту (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан өкілдік ететін 5 депутат);

-70/30 қатынасында (пропорционалды-мажоритарлық) Мәжілісті қалыптастырудың аралас жүйесі (партиялық тізім бойынша / бір мандатты округтер бойынша);

- Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы квотасының күшін жою;

- саяси партияларды тіркеу рәсімін оңайлату, тіркеу шегін 20 мыңнан 5 мың мүшеге дейін төмендету, өңірлік өкілдіктердің ең аз санын 600-ден 200 адамға дейін қысқарту;

- әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заңнамалық тыйым салу;

- жекелеген адамдардың ықпал етуіне жол бермеу мақсатында сайлау қорларына қайырмалдықтың шекті мөлшерін белгілеу;

- сайлаушылардың бірыңғай электрондық базасын құру;

- дауыс берудің баламалы түрлерінің нысандарын кезең-кезеңмен кеңейту;

- Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа ауыстыру;

- прокуратура және адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заңдарға конституциялық заңдардың мәртебесін беру;

- өлім жазасын Конституциядан алып тастау;

- барлық ұлттық жобаларды қоғамдық талқылау үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті өкілді органдардың қатысуымен стратегиялық құжаттарды әзірлеу;

- Ұлттық құрылтай құру. Ол Үкімет пен халық арасындағы байланыстырушы буын болады;

- бұқаралық ақпарат құралдары туралы жаңа заңды әзірлеу және қабылдау, журналистер көлеңкелі төлемдер үшін сырттан тапсырыс бойынша жұмыс істемеуі және саяси кландардың құпия күресіне қатыспауы керек;

- барлық коммерциялық емес ұйымдардың қаржылық есептілігін, құрылтайшылар құрамын, мүлкін, кірістер мен шығыстар көздерін міндетті түрде жариялау;

- Қазақстандағы облыстар қатарына үш облыс қосылады: Абай – орталығы Семей, Жетісу – орталығы Талдықорған,  Ұлытау – орталығы  Жезқазған.

Мемлекет басшысы Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Президент жыл соңына дейін тағы 20-дан астам заң қабылдау қажеттігін еске салды. Жаңа ұсыныстар Қазақстандағы демократизм мен бостандықтың дамуына, халықтың әл-ауқаты мен саяси өміріне оң өзгерістер алып келуге бағытталған. «Мен үшін елдің амандығынан артық ештеңе жоқ. Менің ең бірінші алаңдайтыным – халықтың болашағы қандай болады», – дейді өз жолдауында Мемлекет басшысы. Жолдауда айтылған ұсыныстар жүзеге асырылса, біз мемлекетіміздің жаңа сатыға көшетініне, жаңа экономикалық және саяси өрістерге жететініне сенім артамыз.

О.ТІЛЕПБЕРГЕНОВ,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ-дың доценті,

заң ғылымының

кандидаты                                                                                                                                          

 

ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауын жариялап, елімізді саяси- экономикалық және әлеуметтік тұрғыда реформалауды тереңдетуге бағытталған ауқымды жоспарын ұсынды, бірқатар маңызды міндеттер қойды, бірқатар бастамалар көтерді. Бұл жолдау ел дамуының жаңа міндеттерін айқындап берді. Ерекше эмоцияға бөлейтін, ұлттық рухты оятатын, үлкен өзгерістерге бастайтын, жаңа серпін және жаңа екпін беретін бұл жолдауды тарихи жолдау деп айтуға болады. Жолдауда саяси мәселелер, оның ішінде сайлау жүйесі, құқықтық жүйе, ел өңірлерін дамыту секілді мәселелер көтерілді.  Жолдау халық пен елдің ең маңызды, өзекті проблемаларына жауап беретін ерекше мәнге ие болды. Жолдау – стратегиялық құжат. Ондағы міндеттерді жүзеге асыру мемлекетіміздің көкжиегін кеңейтеді, болашағын нұрлы етеді. Ел дамуы үшін жасалынып жатқан нақты жұмыстар бүгінде жұртшылықтың көңілінен шығуда. Мемлекет басшысының бастамаларын толық қолдай отырып, бұл жолдау бүкіл халық үшін қуатты жұмылдырушы бастама болатынына сенімдімін. Бүгінгі жолдаудың міндеттерін іске асыру Қазақстан дамуындағы ауқымды серпіліс үшін мүмкіндік болады деп ойлаймын.

Айгүл САДЕНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

жоғары оқу орнына дейінгі

білім беру факультетінің профессоры

 

КЕЛЕШЕК ҮШІН ҚҰНДЫ ШЕШІМ

Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру» деп аталған жолдауында еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық маңызды бастамалары нақтыланып, келешек үшін құнды шешімдер қабылданды. Саяси салада қабылданған президенттік шектен тыс өкілеттіктерден бас тарту елдегі саяси жаңғыртудың демократиялық құндылықтардың жаңа үрдісінің  қалыптасуына ықпал етеді.  Билік құрылымдарының шешім қабылдауда бұқара қауымның пікірін ескере отырып, ашықтық, жариялылық қағидаларын  қамтамасыз ететін маңызды фактор болмақ. Меніңше, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны қатайту қажеттілігі және  құқықтық тұрғыдан заң талаптарын күшейту өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Жолдауда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңды заман талаптарына сай жетілдіру, БАҚ-тың бәсекеге қабілеттігін арттыру және тәуелсіздігі жайында айтылды.  Бүгінгі таңда БАҚ қоғамдық пікірді қалыптастыруда, ақпараттық толқында бағыт-бағдарды айқындауда, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ашықтықты, жариялықты қамтамасыз етуде рөлі аса маңызды. Халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу тек билік тарапынан ғана талап етілмесе керек-ті. Оған үкіметтік емес сектордың да қатысы бар. Мәселен, олар маңызды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, жан-жақты шешілуіне ықпал етеді. Билік пен халық арасындағы дәнекер ретінде қарым-қатынасты арттыру арқылы халықтың мүддесін көздейтін, әл- ауқатын жақсартуға бағытталған қоғам қалыптастыру жаңа Қазақстанның демократиялық қағидаларының негізгі бастамасы болатынына сенім білдіремін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің  әкімшілік-аумақтық құрылымына өзгертулер енгізуді ұсынды. Жаңа облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуының маңызы зор. Ұлан-ғайыр жеріміздің көне атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін ұрпақ санасында жаңғырту өте орынды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мақсатқа жету үшін тек мемлекеттік аппаратты жаңарту жеткіліксіз, әрқайсымыз өзгеруіміз керек. Мен барша қазақстандықтарды біртұтас организм ретінде жаңа Қазақстанды құруға кірісуге шақырамын. Біздің басты байлығымыз – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, ұлттық бірегейліктің іргетасын нығайтып, елді өзгертуге жұмылуымыз керек. Бұл біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз», – деген сөзін толық қолдаймын.

Дархан МАМЫТҚАНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия және саясаттану факультетінің

аға оқытушысы, социология ғылымының кандидаты                                                         

 

ҚАЙТА ОРАЛҒАН ҚАСҚАЛДАҒЫМ...

Дүниенің дидары құбылып тұрған мына шақта замана зердесін сонау XIV-XV ғасырларға бағыттап дерек келтірер болсақ, «қазақ» атты салыстырмалы тұрғыда жас ұлттың келешегі үшін жасы да, жасамысы да аянып қалған жоқ. Сол кезеңдерде елдің алдында ханға да, қараға да ортақ болған, елінің ақылшысы һәм абызы болған ойшыл Асанқайғы: «Су түбінде жатқан тас жел толқытса шығады, Ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады», – деген екен. Яғни жаңа Қазақстанды құрамыз деп бастама көтерген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыз күні Қазақстан халқына жолдауын ұсынды. Сол жолдаудың ел жүрегіне қона кеткен бір тұсы – ұлтымыздың нағыз темірқазықтарының бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың атын Қапшағай қаласына беруді ұсынуы. Әрісі әл-Фараби, Ясауилардан бастау алып, берісі Абай, Шәкәрімдерге жалғасатын «кемелдік» ұғымын айтар болсақ, ол ұғымға лайық тұлғаның бірі де бірегейі Д.Қонаев екені даусыз. Дінмұхамед атамыздың дархандығы мен даралығын насихаттау жұмыстары біраз уақыт кенже қалып, міне, бүгін Президентіміз ел асыға, ынтыға күтіп жүрген байламды жасады. Кезінде кеңестік өкіметке жүйелі түрде сауатты қарсылық көрсете білген Дінмұхамед Ахметұлы жайлы ел арасында аңызға айнала бастаған оқиғалар аз емес. Бір қызығы, ол кісі туралы ешқандай жаманшылық, кереғар пікір естімейсіз, тек қана елдің ол кісіге деген ерекше ықыласын көресіз. Оның басты айғағы – 1986 жылы кеңестік биліктің өкімімен биліктен аласталған тұста ешбір насихаттаусыз жастардан бастап, егде жастағыларға дейін алаңдарға ағылып барып, өз наразылықтарын білдірді. Бұл тарихта «Желтоқсан оқиғасы» деген қастерлі ұғым болып қалды. Дінмұхамед атамыз бас-аяғы 40 жылға жуық ел билігіне араласыпты. Осы кезеңдерде бүкіл Қазақстанда теңдессіз қалалар бой көтеріп, елдің әл-ауқаты көтеріліп, бүйірлері шығып, сауаттылық деңгейлері де көтерілді. Ел арасында «Алматы – Қонаевтың қолтаңбасы» деген ұғымның шығуы тегін емес. Біз білетін еліміздің бас оқу орны, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де Қонаевтың тұсында алып ғимараттарға көшіріліп, көзайым болды. Бұдан бөлек, мәдениет саласындағы театрлар, спорт саласындағы сарайлар, әйгілі қонақүйлер, мектептер де атамыздың ұлтқа деген ерекше махаббатынан пайда болды десек жарасады. Дінмұхамед атамыз билік басында жүрген кезеңде елімізде ғылым, білім мен мәдениетті қолдау шаралары жүйелі жүргізілді. Нәтижесінде қазіргі таңда біз таңырқап, тамсанып оқып жүрген ғалымдар, аға буын жазушылар дараланып шықты. Қонаев жайлы қызықты деректер баспасөз беттерінде басылып жүр. Ол кісі мемлекет басшысы бола тұра, қасына күзет ертіп, көлік мініп жұмысқа бармай, кәдімгі қарапайым халық сияқты жаяу барып қайтқан екен. Өзінің жеке пәтерінде 24 жылдан астам уақыт бойы тұрып, мемлекет ұсынған пәтерде тұрмаған тұлға еді. Кеңшілдік азайып, кекшілдік артқан заманда ол кісі ешбір адамды кінәсі болса да ренжітпей, дархандық пен даналығын көрсетіп отырған. Оған дәлел – өзі жайлы сыни мақала жазып, жариялап жүрген Әлжаппар Әбішевке өзінің мемлекет ұсынған жаңа пәтерін беруі. Болмысы ерекше жаратылған адам екенін іргелі істері дәлелдей түседі. Кеңестік өкіметте, жалпы, одақтас республикалардың ішінде Жоғарғы Кеңесте де ең ықпалды басшылардың бірі болса да, өзіне сыйлаған жеке зәулім сарайды бөліктерге бөліп, тек қана екі-үш бөлмені қанағат тұтып, қалған бөлмелерді үйсіз жүрген азаматтарға үлестіріп бергені қазіргі таңда да, сол кезеңде де мүмкін емес құбылыс секілді. Тіптен әлемдегі ықпалды АҚШ, Қытай, Жапония, Корея сынды елдердің президенттері, КСРО-ның бірінші хатшысымен есептеспесе де, қарапайым қазақ Қонаевпен кездесіп, кеңесіп отырғаны жөнінде нақты дереккөздер қазіргі таңда танылып жатыр.  Философия ғылымында мұндай кемелдікке жеткен адамды «Парасатты адам» деп атайды. Десек те, ешбір мақтау мен марапатқа масаймаған Дінмұхамед атамыз қай кезеңде де игі істерімен ел жадынан шықпасы ақиқат. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының да меңзеп отырғаны – осы. Даламыздың даңқты перзенті Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби бабамыздың қасиетті де құтты топырағына қайтуына ықпал етіп, мемлекет деңгейінде көмек көрсеткен де осы Қонаев атамыз еді. Ұлттық ғылым академиясының кең әрі сәулет өнерінің бірі болып ашылуына да осы атамыздың ықпалы тиді. Қонаев нағыз ғылымның адамы еді. Ол Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі еді. Соған лайықты ғылыми жұмыстар жазған еді, яғни жай ғана мемлекет басшысы болғаны үшін ғана алмаған. Тіптен академиядан түсетін ай сайынғы 340 сомын балалар үйі мен жас ғалымдарды қолдау мақсатында жұмсайды екен. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл ұсынысымен әлемде болып жатқан түрлі келеңсіз оқиғалардан көңіліне қаяу түскен қалың халықтың жүрегіне дер кезінде ерекше бір сәулелі үміт сыйлады. Дәл қазіргі уақытта әрбір қазақстандық жаңа Қазақстанға деген алғашқы қадамдар жасалып жатқанына шын сенуде. Бұл жолдау бұрынғылардан өзгерек болды.  Әрине, Қонаевқа Қапшағай емес, одан да үлкен қалалардың атын берсек, артық емес. Алайда саналы сексен жыл ғұмырында ол қарапайым болып өтпеді ме? Дінмұхамед Ахметұлы жайында бір мақала жазу аз екені анық. Дегенмен жұртшылыққа жасалған бұл жолдауды ел болып қолдауымыз керек. Ол жолдың басында ғалымдар, зиялы қауым өкілдерімен қатар, жас буын да қалыс қалмауы керек. Бірауыздан Президент бастаған, ұсынған дүниенің бірі – Қапшағай қаласына Қонаевтың есімін беруді қолдайық. Қонаев – Қазақ, Қазақ – Қонаев мәңгілік жасай берсін!

Жақыпбек  АЛТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

философия және саясаттану факультеті

философия кафедрасының профессоры

Қанат  АЛТЫНБЕКОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 

тарих факультетінің 4-курс студенті 

 

ЖАҢА РЕФОРМАЛАР – ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы оң өзгерістер мен өзекті ұсыныстарға толы болды деуге болады. Президент жолдауында ең алдымен отыз жылдық тарихы бар тәуелсіздігіміздің жемістерін ұмытпауды, тәуелсіздігімізді қастерлеудің маңыздылығын атап өтеді. Өйткені қасіретті қаңтар оқиғасы қалың елдің қабырғасын қайыстырды. Бейбіт шерушілер арасына кірген арандатушылар мен лаңкестердің аяусыз әрекеттерінен қаншама қан төгілді, қаншама шаңырақ қара жамылды. Президент олардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтып қана қойған жоқ, құқық қорғау органдарына нақты тапсырма беріп, лаңкестерді жазаға тартып, жазықсыз жандарға күш көрсетіп, «ортағасырлық жабайы үлгіде» азаптаушыларды жауапқа тартуды нақты айтқан болатын. Ел арасында жалған қауесеттерге жол бермеу үшін БАҚ құралдары арқылы өткен оқиғалар, тергеу орындарының жұмыс нәтижелері туралы нақты ақпараттарды жариялап, баға берудің маңыздылығын көрсетті. Президентіміздің індет кезінде де, қаралы қаңтарда да халық мүддесін көздегені анық. Өйткені Мемлекет басшысының өмірлік қағидаты ақиқат екенін таныдық. Расында, елдігіміздің іргесін қақыратуға, тыныштығын бұзуға ұмтылған сатқындар мен лаңкестердің жойқын әрекеттерін тоқтату, ел тыныштығы мен тұтастығын сақтау оңай болмағаны белгілі. Мемлекет басшысы ел ішіне іріткі салған сатқындардың «күштік құрылымдардың заңға сәйкес қимылдауына кедергі келтіргенін» халыққа ашық жеткізді. Осындай жағдайда қиыннан жол тауып, бітімгерлерді шақырғанымен, олардың бір оғын да шығындатпай, өз құқық қорғаушы азаматтарымыздың күшімен тойтарыс берілгенін атап айтып, оларға ризашылығын білдіріп өтті. Халық мүддесіне адал қызмет етуді Мемлекет басшысы «президенттік әрі перзенттік борышым» деді. Президент, осы орайда, халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыруды өзіне міндеттеді. Шынында да, саяси жаңғырусыз елдің тұрмысын, әл-ауқатын өркендету мүмкін еместігі мәлім. Екі жарым жыл ішіндегі қол жеткен нәтижелерді атап өтті. «Елімізге түбегейлі реформалар қажет екеніне бек сенімді екенін, әйтпесе тоқырауға тап болатынымызды» ескертті. Сондықтан «геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған» қазіргі жағдайда алыпқашпа пікірлерге бой алдырмай, еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Шынында, ұсынылған бағдарлама қоғам мүддесімен терең тамырлас, көкейкесті екені танылады. Атап айтқанда, қазіргі қоғамымызды «демократияландыру, мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуына» жол ашу, қазіргі қырғи-қабақтық, қатаң санкция, теңдессіз қиыншылықтармен» тығыз байланысты. Сондықтан да маңызы зор бағдарлама болып табылады. Бұл реформаның құр атақ, дақпырт үшін жасалмайтынын қадап айтты. «Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз» деді. Оның орнына «ашық әрі әділ бәсеке» орнатқанда ғана халықтың әл-ауқаты артатынын салмақтады. Рас, «адал да әділ бәсекені», әсіресе, ғылым-білім саласында, басқа да түрлі мәдени салаларда жетілдіре түсу қажеттігі айтпаса да түсінікті болса керек. Жалпы, Президенттің «мемлекетті басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшуді» көздеуі де елді дамыту мүддесінен шығып отырғаны анық. Сондықтан «Күшті Президент –ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа алатын жаңа Қазақстанның стратегиялық мақсатына сай бастамаларды ұсынды.    Біріншісі президенттің өкілеттігі туралы болса, бұл тұстағы маңызды мәселе «президентті тым көп өкілеттілігінен айыру» арқылы  саяси жаңғыру үдерісін дамыту болса керек. Екінші бастаманың маңыздылығы – Парламенттің рөлін арттырып, функциясын қайта қарау, депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеумен сабақтастырылды. Расында, бұл халық көкейіндегі мәнді мәселенің бірі болғаны баршамызға белгілі. Үшіншісі сайлау жүйесін жаңғыртумен, жетілдірумен тікелей байланысты қозғалды. Бұл бағытта да тапсырмалар беріліп, заңнамалар қабылданатыны айқындалды. Аралас сайлау үлгісі ұсынылды. Төртінші, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту туралы ұсынысы да «еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін жандандыратыны» айқын. Бесіншісі – сайлау үдерісін жаңғырту – әділ және ашық сайлау өткізуге жол ашпақ, дауыс берудің әлемдік үлгілерін ескеру. «Әлеуметтік желідегі үгіт-насихатты жүргізуге заң бойынша рұқсат беруді ұсынамын», – деді Президент. Байқаушылар қызметі де заңдастырылмақ. Алтыншы бастама – құқық қорғау институттарын күшейту. Демек, азаматтарымыздың мүддесін қорғау. Президент Конституциялық сот құруды ұсынды. Жетінші, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту туралы бастамасы «еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігі» мәселесін қозғады. БАҚ заңын қайта қарауды ұсынды. Сегізінші бастаманың маңыздылығы еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын нақты жетілдіру мәселесімен байланысты болды. Семей  аймағында Абай облысын, Жезқазған аумағында Ұлытау облысын, Жетісу мен Алматы облыстарын құрып, Қапшағайды Алматы облысының орталығы етіп, оған еліміз үшін орасан зор  еңбек еткен көрнекті мемлекет қайраткері, біртуар тұлға Д.Қонаев есімін беруді ұсынуы, осы орайда, ел пікірін де ескергені қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде ел үмітін арқалаған Президентіміздің тарихымызды қастерлеуі әрі жеке басына тән кісілік қасиеті деп түсінгеніміз абзал.   Тоғызыншы ұсынысының маңыздылығы – жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандырумен байланысты. Бұл «жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейту, масылдық көңіл күйлерді төмендетуге, демократиялық өзгерістерді орнықтыруға» жол ашпақ. Сондықтан да қажетті тапсырмаларды бекітті. Оныншы бастамада дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы мәлімдеді. «Әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп тұрғанда бұрын болмаған қаржылық-экономикалық қиындық» бүкіл халықты тығырыққа тіреп отырғаны белгілі. Осы орайда, Мемлекет басшысы қажетті резервтерді, амал-тәсілдерді қолданып, дағдарысты еңсеруді Үкіметке жүктеді. Соның бірі –ұлттық валютаны тұрақтандыру, оны шетелге шығаруды шектеу екені ашық айтылды. Барлық жағдайда бюрократияға, формализмге жол берілмейтіні қатаң ескертілді. Алайда барша міндеттер мен мәселелерді шешуде біздің халқымыз Президентімізбен бірге «толық жұмылуы қажет». Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы жаңа Қазақстанның іргетасын бекітіп, өзгерістер мен жаңғыруларға жол ашады, халқымыздың отаншылдық рухын биіктетіп, игіліктерге бастайды, азаматтарымыздың мақсаттарына қол жеткізетініне сенемін. Мен ең алдымен халқымыздың көшбасшысына сенемін, оны қолдайтын ынтымақшыл халқымызға және озық ойлы, білімді жастарымызға сенемін.

Раушан ӘБДІҚҰЛОВА,

Қазақ әдебиеті және әдебиет

теориясы кафедрасының доценті

 

ЖАҢАЛЫҒЫ МОЛ ЖОЛДАУ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жолдауы көптің көңіліне үміт пен сенім ұялатты деп ойлаймын. Себебі, өзі атағандай, қаңтар төңкерісінен кейін көпшіліктің санасын үрей билеп, алдағы күндерге деген алаңдаушылық пайда болғаны рас. Мемлекет басшысы жақын уақытта елде жүзеге асырылатын қоғамдық-саяси және әкімшілік-құрылымдық реформаларды атай отырып, көкейіміздегі біраз күдікті сейілткендей болды. Ең алдымен ел басшысы қаңтар төңкерісіне тікелей кінәлі адамдардың тиісті жазасын алатынын, ал жазықсыз жандардың ақталып шығатынына сенім білдірді. Ондай шетін әрі мемлекеттігімізге қатер төндірген дүрбелеңнің енді қайталанбау керектігін баса айтты. Сондай-ақ ол республикамыздың саяси бағыттағы жаңғыру үдерісіне қатысты мына мәселелерге арнайы тоқталды. Біріншіден, ендігі жерде президент ешбір саяси партияларға мүше болмауы тиіс. Сонымен бірге облыс, аудан басшылары мен орынбасарлары да партия филиалдарын басқарудан босатылады. Екіншіден, президент билігімен бірге Парламент құзыреттілігі де күшеюі тиіс. Яғни Мәжілістің ел заңдарын шығару және бекіту өкілеті кеңейе түседі. Мәжіліс қабырғасында құрылатын «аудиторлық палата» үкімет пен экономикаға жауапты мекемелерден жылына екі рет есеп алып отырады. Бұл өз кезегінде экономикалық және қаржылық жемқорлықты азайтуға өз септігін тигізбек. Үшіншіден, жаңа Қазақстанды дамыту үшін өз идеяларын ұсынатын партия қатары көбейеді. Бұл орайда, жаңа партияларды тіркеу үшін мүшелердің межелі саны 20 000-нан 5000-ға дейін азайтылатын болады. Тағы бір қуантарлығы, алдағы сайлауларда 70 пайыз пропорционалдық және 30 пайыз мажоритарлық жүйе бойынша жергілікті кез келген азаматқа Мәжіліске немесе мәслихатқа депутат ретінде сайлануға құқық беріледі. Төртіншіден, Қазақстан азаматтарының құқын қорғау, заң аясында әділеттілік орнатуды қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық сот құрылады. Бұл да еліміздің демократиялық жаңару жолындағы құтты қадамдарының бірі деп ойлаймын. Бесіншіден, Президентіміз қазақстандық БАҚ пен тәуелсіз журналистиканың дамуына қажетті заңнамалар қабылданатынын атады. Бұл орайда, төртінші биліктің адал әрі «тапсырыссыз» қызмет атқаруы да Отанымыздың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Алтыншыдан, Президент еліміздің әкімшілік-территориялық құрылымына байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Мемлекет басшысының арнайы жарлығы шыққаннан кейін жақын уақытта Ұлытау, Абай және Жетісу облыстары құрылатын болады. Олардың орталығы Жезқазған, Семей, Талдықорған қалалары болып қала береді. Ал Алматы облысының орталығы  Қапшағай қаласы болып белгіленді. Президент өз тарапынан аталған қалаға көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімін беруді ұсынатынын айтты. Жақын келешекте теріскейдегі кейбір қалаларға да кезек келер деген үміт жоқ емес. Жетіншіден, алдағы жылдары Қазақстан халқының барлық аймақтағы өкілдерінің және мемлекет, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ұйымдастырылатын құрылтай Қазақ елінің көптен шешілмей жүрген елдік, тілдік мәселелерінің түбегейлі және оңынан шешілуіне ықпал етеді деп үміттенемін. Ел басшысы бұдан басқа да халықтың көкейінде жүрген бірқатар келелі мәселелерге тоқталып, Үкімет пен Парламентке тиісті тапсырмалар жүктеді. Президент өзінің Қазақстан халқына адал қызмет ететініне сендіре отырып, әрбір азаматты байтақ еліміз бен жеріміздің болашағы жолында жұмыла үлес қосуға шақырды. Әділін айтсам, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бүгінгі жолдауы барша халқымызды ойландырған көптеген түйткілді жағдаяттарға лайықты жауап берумен қатар, жаңа Қазақстанның келешегіне деген сенімімізді нығайта түсті. Расында, оның адамзатты алаңдатқан аласапыран уақытта республика халқына арнаған жолдауы маған да ұнады. Меніңше, жолдау қалың елдің ойын дөп басып, көптің көңілінен шыққаны анық. Әлеуметтік желілерді шарлап кеткен жүрекжарды лебіздер де осыны аңғартады. Сөз соңында осынау қилы кезеңде кезіккен қиындықтарға қарамастан, ұлттық бірлікке ұмтылған Қазақ елі мен Президентімізге зор денсаулық, күш-жігер тілеймін!

Серікбай ҚОСАН,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

филология факультетінің

аға оқытушысы